
Өнер ұжымы халықаралық «InClassica International Music Festival» жобасы аясында беделді «Zabeel Theater» сахнасында классикалық музыка концерттерінің негізгі оркестрі ретінде өнер көрсетті.
Мәдени іс-шараға Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге Қазақстанның Еңбек Ері әйгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева да қатысты.
Гастрольдік сапар еліміздің әлемдік аренадағы мәдени имиджін нығайтып, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық байланысты күшейту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
«InClassica International Music Festival» музыкалық фестивалі – халықаралық жоғары деңгейдегі беделді жоба. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен оркестрлер қатысып, классикалық музыканың үздік әртістерімен бір сахнада өнер көрсетеді.
Айта кетейік, өнер ұжымы бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Англия, Франция, Чехия, Италия, Германия, Аустрия, Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия, Жапония елдерінің үздік концерттік залдарында өнер көрсеткен болатын. Сондай-ақ оркестр классикалық музыкаға арналған көптеген халықаралық фестивальге қатысып келеді. Осы уақыт аралығында симфониялық оркестр еліміз бен шетелдерде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болып жүр.
Маржан ҚУАТҚЫЗЫ