
Сурет: massaget.kz
Гетенің «Табиғат» атты жазбасы көкейге түрлі ой салады. «Біз табиғаттың ортасында өмір сүрсек те, оған бөтенбіз. Ол бізбен үздіксіз сөйлессе де, жұмбағын ашпайды. Ол ұлы суретші, кішкене құбылыстан ұлы үйлесімділік табушы Оның әр құбылысы жеке мәнге ие, сансыз құбылыстар бірігіп, бір мақсатқа жұмылушы».
Гете табиғатты осылайша сипаттайды. Қоршаған әлемнің ішіне еніп, сырына үңіледі. Айналаның шұғыласына әріден қарайды. «Табиғат – мәңгілік өмір, толассыз қозғалыс, ол бір минут та үзілісті білместен мәңгілік өзгеріс үстінде. Тоқтап қалу туралы ой онда болған емес». Иә, мәңгілік дамыл таппайтын осынау ғажайыпты сезіне жырға қоспаған, шығарма жазбаған сөз иесі аз шығар.
«Өлеңі құрсын, таппадым одан миятты,
Жазбай-ақ қойдым, жазғаным енді ұятты.
Менсіз де мынау ғаламат жырау дүние,
Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты!»
дейді Мұқағали.
Расын да, мынау шексіз де ғаламат табиғат анамыз өзінен-өзі ән салып, жыр оқып тұрған секілді. Біз оның әрдайым көрермені, шәкірті боп қала береміз.