
Жаңа стандарт Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп, Қазақ тағамтану академиясы мен сарапшылар тобының қатысуымен әзірленген. Астанада өткен дөңгелек үстел барысында осы стандарттың негізгі қағидалары таныстырылып, білім беру ұйымдарына енгізу жолдары жан-жақты талқыланды. Іс-шарада сөз сөйлеген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі барлық мектепке ғылыми негізделген бірыңғай ас мәзірін енгізу оқушылардың денсаулығын сақтау және сапалы білім алуға жағдай жасау жолындағы маңызды бастама екенін атап өтті.
«Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру – болашақ ұлт саулығының кепілі. Мемлекет басшысының қолдауымен мектептерде тегін тамақтандыру жүйесі енгізілді. Ендігі басты мақсат – берілетін тағамның сапасы мен қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету. Бұл үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастырылды, енді жергілікті атқарушы органдар стандартты ары қарай жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс», деді министр.
2023 жылдан бастап елімізде бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы балаларға тегін ыстық тамақ беріліп келеді. Биылғы оқу жылында осы қамқорлықтың игілігін 1,7 миллионға жуық бала көрді.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, мектеп асханаларындағы қызмет сапасын арттыру үшін заңнамалық талаптар айтарлықтай күшейтілді. Атап айтқанда, тамақтануға құқылы оқушылардың есебі әлеуметтік әмиян жүйесі арқылы автоматтандырылды, қоғамдық бақылау тетіктері кеңейтілді, тамақтандыруды ұйымдастыру қағидалары жетілдіріліп, жаңа стандарт бекітілді. Айта кетейік, мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ресми түрде қолданысқа енеді.