Медицина • 24 Сәуір, 2025

Биологиялық белсенді қоспалардың сапасына бақылау күшейтіледі

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағындағы биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) айналымының сапасы мен қауіпсіздігіне бақылау шараларын күшейтетінін мәлімдеді. Бұл қадам халықтың денсаулығын сақтау және тұтынушыларды сапасыз немесе қауіпті өнімдерден қорғау мақсатында қолға алынып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биологиялық белсенді қоспалардың сапасына бақылау күшейтіледі

Фото: Ашық дереккөз

Министрліктің хабарлауынша, елімізде ББҚ-ны сатуға тек Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестігі расталып, мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана рұқсат беріледі. Бұл процесті Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақ тағамтану академиясы және ЕАЭО елдерінің ғылыми-зерттеу институттары ұсынған сараптамалық қорытындылар негізінде жүзеге асырады.

Айта кетейік, сатуға дейін барлық ББҚ-лар міндетті түрде микробиологиялық, токсикологиялық және физика-химиялық көрсеткіштер бойынша зертханалық зерттеулерден өтеді. Сонымен қатар құрамындағы дәрумендер мен биоактивті заттардың нормалары және тыйым салынған компоненттердің болмауы да қатаң тексеріледі.

«Жаңа бақылау шаралары 2024 жылдан бастап БАҚ пен әлеуметтік желілердегі ББҚ жарнамасына мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар 2025 жылы өнімнің жеткізу тізбегінің ашықтығын қамтамасыз ететін, тұтынушыға дейінгі жолын бақылайтын, арнайы сәйкестендіру құралдарымен таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылады», делінген хабарламада.

Министрлік атап өткендей, келесі жағдайларда ББҚ-ларды сатуға тыйым салынады:

  • Мемлекеттік тіркеу куәлігі жоқ болса;
  • Жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда;
  • Сақтау шарттары сақталмаса;
  • Қаптамада өнімнің құрамы, қарсы көрсетілімдері немесе өндіруші туралы ақпарат болмаса.

Сондай-ақ, ведомство азаматтарға ББҚ-ны қабылдамас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесуге кеңес береді. Себебі бақылаусыз қолдану, әсіресе, созылмалы ауруы бар адамдар, жүкті әйелдер мен балалар үшін қауіпті болуы мүмкін.

ББҚ сатып аларда: өнімнің елімізде тіркелгенін, құрамының толық көрсетілгенін, өндіруші мен елдің нақты көрсетілгенін, жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарының дұрыс екенін және таңбалау талаптарына сай келетінін міндетті түрде тексеру қажет.

Денсаулық сақтау министрлігі ББҚ айналымын бақылау саласында ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жалғастыра беретінін мәлімдеді.