
Алты бағытты қамтиды
2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы алты негізгі бағытты қамтиды: деректер, инфрақұрылым, адам капиталы, ғылыми зерттеулер, құқықтық реттеу, акселерациялық бағдарламалар. Қазір бұл тұжырымдаманы ұлттық стратегияға айналдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру – білім беру, ғылыми зерттеулер, инфрақұрылым, нормативтік-құқықтық база, кәсіпкерлік сынды бірнеше ірі компонентті қамтиды. Біз жасанды интеллектіні дамытудың кешенді тәсілін ұстанып отырмыз: мектеп оқушыларынан бастап мемлекеттік қызметшілерге дейінгі барлық деңгейде адам капиталын дамытып, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымды құрудамыз», деді Ғ. Байтұрсынов.
Министрлік өкілінің баяндауынша, 2024 жылдың 27 сәуірінде Үкіметтің №342 қаулысы бойынша министрлік жанынан Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылған. Бұл орган — саладағы нақты істер мен стратегиялық шешімдерді үйлестіретін орталық құрылым.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын дайындаған. Құжат жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу мен енгізуді кешенді түрде реттеуге бағытталған. Онда мемлекеттің салалық саясатының шекарасы белгіленіп, ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігі, ашықтығы және жауапкершілігі жөніндегі ұстанымдар айқын көрсетілген. Сонымен қатар аталған технологияларды қоғам өмірінің түрлі салаларына этикалық әрі бақыланатын түрде ендіру жолдары қарастырылған.
Инфрақұрылым мен технологиялық даму
Министрлік жасанды интеллект үшін технологиялық инфрақұрылымды құру шеңберінде «NVIDIA» есептеу қуаттарын ел аумағына экспорттауға өтінім берген. Сонымен қатар «NVIDIA L40s» арнайы графикалық видеокарталары сатып алынып, олар «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жұмыс істеп тұрған деректерді өңдеу орталығында орналастырылған. Бұл ресурстар «KazLLM» қазақ үлкен тілдік моделіне негізделген мемлекеттік өнімдерді орналастыруға пайдаланылады.
«KazLLM» моделі 148 миллиард токеннен тұратын көптілді деректер жиынтығында оқытылған. Модельдің 8 және 70 миллиард параметрлі екі нұсқасы әзірленген.
«Дамып келе жатқан суперкомпьютерлік инфрақұрылым Ұлттық жасанды интеллект платформасымен біріктіріліп, мемлекеттік цифрлық өнімдерді әзірлеу мен енгізудің негізгі элементі болады. Платформа деректер жиынтығын, есептеу ресурстарын, жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге, оқытуға арналған құралдарды қамтиды. Оның негізінде мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуді жеңілдетуге әрі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған жасанды интеллект агенттердің 11 прототипі әзірленді», деді министрлік
өкілі.
Білім беру
«Astana Hub» технопаркінің бас директоры Дания Ахметованың айтуынша, «Industrial AI Accelerator» бағдарламасы аясында тау-кен өндірісі, энергетика, медицина, қаржы технологиялары және мемлекеттік қызметтер салаларында жасанды интеллектіні енгізуге 27 қанатқақты жоба іске қосылған. Бағдарламаға 116 компания өтінім беріп, 32 компания іріктеуден өтіп отыр. Олардың ішінде 4 жобаның тиімділігі дәлелденіп, қолдануға ұсынылып отыр.
Ал адам капиталын дамыту мақсатында министрлік алдағы 5 жылда 1 млн адамды жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдыларына үйретуді жоспарлап отыр. Бұл бағытта «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылып, онда білім беру, зерттеу, стартаптарды қолдау бағытындағы жобалар жүзеге асырылады.
Бүгінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Astana Hub»-пен бірлесіп, еліміздің азаматтарын цифрлық болашаққа дайындауға маңызды қадамдар жасап жатыр. Жасанды интеллектіні дамыту бағытында елімізде қолға алынған маңызды бастамалардың бірі – «Decentrathon» деп аталатын ірі көлемді хакатон. Бұл – еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас мамандарды біріктіретін көп локациялы технологиялық жарыс.
«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе отырып, жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдыларына 1 миллион отандасымызды оқытуды жоспарлап отыр. 5 жыл ішінде 500 мың мектеп оқушысы, 300 мың студент, 90 мың мемлекеттік қызметкер, 80 мың бизнес өкілі мен түрлі салалардағы азаматтар қамтылмақ. Мақсат – технологияларды тек тұтынатын емес, оларды жасай алатын, қолдана білетін ұрпақ қалыптастыру», дейді Д.Ахметова.