
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Кітап көрмесіне Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркия, Иран, Испания, Португалия, Өзбекстан елдерінен баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық өнімдерін ұсынатын 70-ке жуық компания қатысады.
Мәдени-рухани жобаның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, отбасымен бірге кітап оқуды насихаттау, жастардың оқырмандық талғамын қалыптастыру, оқырманға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің ең жақсы заманауи өнімін ұсыну, әлемдік кітап шығару және баспа индустриясының тәжірибесімен алмасу, әлемдік баспалармен байланыс орнату және баспа ісіндегі жетістіктерді көрсету болып отыр.
«Astana Eurasian Book Fair – 2025» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ересектерге де, балаларға да бірдей қызықты болатын бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме қонақтары мен қатысушыларын жетекші отандық және шетелдік баспалардан шыққан балалар әдебиеті, көркем әдебиет, ғылыми-танымдық әдебиеттердің тұсаукесері, белгілі ақын-жазушылармен қолтаңба-сессиялар, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланатын дөңгелек үстелдер күтеді. Бес күндік көрмеде күн сайын ойын алаңында кітап оқу, шеберлік сыныптары, құнды сыйлықтар ұтысы, тағы басқа да қызықты іс-шаралар өткізіледі.
Сондай-ақ көрме аясында дәстүрлі түрде «Жылдың үздік кітабы» байқауы «Жыл кітабы», «Үздік дебют», «Үздік көркем әдебиет», «Нон-фикшн жанрындағы үздік кітап», «ТҮРКСОЙ»-дың Гран-приі» аталымдары бойынша өтеді.
Айта кетейік, кітап көрмесін дәстүрлі түрде «Фолиант» баспасы ұйымдастырып келеді. Жәрмеңке 27 сәуірге дейін жалғасады. Кіру – тегін.