
- Мадридте ұйымдастырылған ITF W100 турнирі италиялық Николь Фосса Уэргомен жұп құрған Жібек Құламбаеваның жеңісімен аяқталды. Финалда олар испаниялық Марина Бассольс пен Андреа Лазаро Гарсияны 7:6, 6:7, 10:4 есебімен ұтты.
- Осы күнге дейін жеңілістің кермек дәмін татпаған аралас жекпе-жек шебері Аян Тұрсын (7-0) Алматыдағы «Octagon 71» турнирінде қырғызстандық Фарида Абдуевамен (4-1) күш сынасты. Бұл бәсеке қазақ қызы өзін жақсы қырынан көрсете алмады. Фарида ұпай санымен жеңіске жетіп, Аянды аталған промоушеннің чемпиондық белбеуінен айырды.
- Хабаровскіде өткен Кеңес Одағының батыры Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық турнирде еліміздің боксшылары 11 жүлде жеңіп алды. Сәкен Бибосынов (54 кг) пен Нұрлан Сапарбай (+92 кг) алтын тұғырға көтерілді. Сағындық Тоғамбай (92 кг), Айдана Забынбекова (57 кг), Римма Волосенко (60 кг), Ұлдана Таубай (66 кг) финалда ұтылса, Теміртас Жүсіпов (48 кг), Жандос Қыдыралиев (63,5 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (67 кг), Гүлнәр Тұрапбай (50 кг), Аружан Жаңабаева (66 кг) үздік үштікті түйіндеді.