Аймақтар • 23 Сәуір, 2025

Үздік стартаптарға 10 миллион теңге берілді

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда өткен «Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025» форумында туристік саланы цифрландыру және инновациялық дамыту барысы  талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үздік стартаптарға 10 миллион теңге берілді

Форумда Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев:

«Үкімет отырысында туризмді цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылып, бұл бағыттың мемлекеттік деңгейде басымдыққа ие екенін көрсетеді. Бүгінде Қазақстанда сегіз тілде қолжетімді Kazakhstan.travel туристік порталы, әуежайларда QR-код жүйесі және eQonaq қонақтарды тіркеу платформасы жұмыс істейді. Алайда туристің цифрлы жолы әлі де толық қалыптаспаған. Бұл ұялы байланыс операторлары мен электрондық төлем жүйелері секілді жаңа дереккөздерді біріктіру қажеттігін көрсетеді. Мұндай кешенді тәсіл туристер мен сала өкілдері үшін ашық әрі ыңғайлы цифрлы орта құруға мүмкіндік береді» деп атап өтті.

Қазақстан туристік саланы бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіруді көздейді. Бұл тәсіл туристік қызметтердің бірізділігін жойып, саяхатты жоспарлаудан бастап орналастыру мен кері байланысқа дейінгі барлық негізгі кезеңдерді біріктіруге мүмкіндік береді. маңызды іс-шарада туризм мен меймандостық индустриясындағы заманауи технологиялық шешімдер мен негізгі трендтер ұсынылып, туризм саласындағы жетекші мамандар, ІТ-компаниялар, сондай-ақ Қазақстан мен жақын шет елдердің стартаптарының жетекші өкілдері, оның ішінде Pana, inDrive, Mastercard, Sabre, Mapster комапнияларының өкілдері  қатысты.

«Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні барлық салаларға енгізу керек екенін айтты. Осыған орай қолда бар шешімдерді біріктіру үшін форум аясында маңызды сұрақтар талқыланып, стартаптарға қолдау көрсетіліп отыр. Бүгінде цифрлы шешімдер туризм саласының дамуына ықпал етіп қана қоймай, елімізге туристерді тартуға, туристік қызмет түрлерін оңтайландыруға, арнайы сервистер арқылы табиғатта аялауға мол мүмкіншілік береді» деп атап өтті «Kazakh tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.

Туризм индустриясындағы цифрландыру мәселелері (TravelTech), туризмді дамытудағы мемлекеттік цифрлы қызметтердің рөлі (GovTech), меймандостық индустриясына арналған цифрлы технологияларды (HotelTech) IT-шешімдер арқылы жетілдіру мен туризм бизнесінің жаңа мүмкіндіктерін қарастырған үш панельдік сессияда мамандар еліміздегі туризм саласының даму барысын талқылады.

Байқауға қолданыстағы прототиптері бар туризм саласындағы 10-нан астам инновациялық ІТ-жоба жолданған. Олардың қатарында ApartX, CheckInn, IZDE, OTA сияқты стартаптар бар. Іріктеу кезеңінің нәтижесінде 10 перспективалық тревел-стартап авторлары ақшалай сыйлыққа ие болып, жобаларын әлеуетті инвесторлар мен серіктестерге таныстырды. Мобильді гид, Қазақстан бойынша турларды іске асыру қосымшасы, борттық тур сату жүйесі, қонақ үйлерді басқаруды автоматтандыру жүйесі, пәтер жалдауды автоматтандыру платформасы, тұрғын үй іздеу агрегаторы және басқа да инновациялық жобалар туризм саласы үшін тартымды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрады.

Алматы