
Сурет: facebook/Aktogai muzei
Қалкен Мәкенбайұлының қайраткерлік ғұмыр жолының көбі Ұлытау-Жезқазған жерінде өтті. Ол майдангер ғана емес, өңірдің рухани, мәдени тамырына қан жүгіртіп, үлес қосқан, ғибратты ғұмыр кешкен тұлға болды.
Кеш кезінде Қалкен Мәкенбайұлының қолдауымен ашылған Жезқазған музыкалық колледж студенттерінің күмбірлеген күйімен басталды. Өз заманында еліне еңбегі сіңген ардақты ақсақалдың ғұмырнамасынан бір үзік сыр шертетін «Тұғыры биік тұлға» атты бейнебаян көрсетілді.
1924 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Сарыарқаның ерекше өңірі Қызыларай шыңының баурайында дүниеге келген Қалкен Мәкенбайұлының жетінші атасы Арқадағы тарихи тұлғалардың бірі – Сеңкібай. Ақсораңның биігіне қарап, ширығып ер жеткен Қалекең өзінің Сеңкібай мен Шойбектей батыр бабаларының, Қараменде, Жанғұтты сынды білікті билер мен шешендердің үлгі-өнегесін зердесіне құйып өссе керек.
Ол Сталинградты қорғау жолындағы шайқаста ауыр жараланып, елге оралған. 1943–1950 жылдары мектеп директоры, 1950–1973 жылға дейін партия, кеңес органдарында жауапты қызмет атқарған. 1973 жылы Жезқазған облысы құрылып, білікті басшы-ұйымдастырушылар қажеттілігі туындаған кезде партияның Орталық комитеті Қалкен Мәкенбайұлын Жезқазған облысының Мәдениет басқармасының бастығы етіп жібереді. 13 жыл облыстық Мәдениет басқармасын басқарғанда, мәдени-рухани салада айтулы істер атқарылды. Қалалар мен аудандарда мәдени-демалыс бақтары, аттракциондар іске қосылды, облыстық Қуыршақ театры ашылып, шығармашылық үйі жұмыс істей бастады. Облыс бойынша 150-ден аса мәдени ошағын, кітапхана, клуб, мұрағат, музей ашты.
Атқарылған осындай игі істердің нәтижесінде өнер ұжымдарының жұмысы да жанданды. 1974 жылы «Ұлытау» этнографиялық-фольклорлық ансамблі құрылды. Осы жылы республикалық комсомолдар съезінде алғаш өнер көрсеткен ансамбль кейін Мәскеуде, Германияда, ГФР-да, Литвада, Испанияда, Мәскеу Олимпиадасы төрінде, Грузияда өнер көрсетті. Аталған ансамбльдің ізін баса облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Тау гүлі» (Ұлытау ауданы), «Жезді жұлдыздары» (Жезді ауданы), «Тоқырауын толқындары» (Ақтоғай ауданы) ансамбльдерін құруға Қалкен Мәкенбайұлы ұйтқы болды. 1974 жылы Жезді ауданында Тұрсынбек Қайсыновтың жетекшілігімен өнерпаз жастар арасынан «Жезді жұлдыздары» халық ән-би ансамблі құрылды. Бұл ансамбль Жезді кентінің мәдени-рухани дамуына қосқан үлесі орасан зор.
Жоғарыда аталған тағзым кешінде жақсы адамның көзін көрген замандастары атынан сөз алған Жезқазған қаласының және Ұлытау ауданының құрметті азаматы, Ұлытау облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов: «Қалкен Мәкенбайұлы – Ұлытау өңірін мәдени, рухани жағынан дамытуға зор еңбек сіңірген тұлға. Мен 1974 жылы Жезқазғанға келдім. Сол жылы Ұлытау хореографиялық ансамблі құрылып жатты. Бірде Қалекеңмен үстел басында қатар отырып қалған екенмін. «Келе салып осындай жұмысты қолға алған ауыр сияқты» деп айтып қалдым. Сонда Қалекең: «Аруақ жебеп, үлкен облыс болып жатыр. Біз барынша осы жерді дамытуға адамдарды тартуға үлес қосуға тиіспіз. Әлі-ақ дүркіреп кетеміз», деді. Айтқанындай мамыр айында ансамбль Алматыда өнер көрсетті. Қалекең әңгімені майын тамызып айтатын көшелі ақсақал болды. Нарманбет, Алаш қайраткері Әлихан, Сеңкібай батыр жөнінде әңгіме айтқанда теледидардан тыңдап отырғандай әсерге бөленетін едік. Ғылыми танымдық мақалалар да жазды», деп ағынан жарылды.
Шәкірттері атынан сөз сөйлеген әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов мына бір қызық оқиғаны баяндады: «Мен 1992 жылы Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған мемлекеттік филармониясына директор болып келдім. Бұл жылы Қалкен аға зейнетке шыққан. Бір күні келіп: «Сен Мақпал Жүнісованы неге өнер көрсетуге шақырмайсың?» деді. Мен оның тұрмысқа шыққанын, күйеуінің айтулы адам екенін білесіз ғой дедім. Мақпалдың телефонын сұрады. Телефон нөмірін тауып бердім. Ол кісі Мақпалға қоңырау шалып «Мақпалжан, амансың ба? Мен Қалкен деген әкең боламын. Жезқазғаннан хабарласып тұрмын. Үйде күйеубала бар ма?» деді. Заманбекпен сөйлесіп, «Жезқазған төңірегіндегі қайынатаң боламын. Жөн білетін азамат деп ойлаймын. Тотықұсты торға қамағанды қайдан көріп едің? Екі-үш күнге жібер қызымызды. Жерге қаратпаймыз, елміз ғой. Мен зейнеттегі адаммын. Осы телефонға хабарлас. Филармонияның директоры Серік көтереді», деді. Менің зәрем ұшып кетті. Ертеңінде таңғы 7-де жұмысқа барып отырдым. Сағат 7.30-да телефоным шыр ете қалды. Арғы жағынан З.Нұрқаділовтің қабылдауында отырған хатшы қыз Заманбек ағаға қосты. Амандасқан соң «Қалкен ағамыз қатты сөз айтты. Ақылды адам екен. Мақпал бір жетіден кейін барады. Дұрыстап күтіп алып, шығарып салыңыздар», деп телефон құлағын қоя салды. Сөйтіп, елде тоқырау болып жатқан кезде Мақпалды алдырып, жұрт өнерін тамашалаған. Мәдениет басқармасының құлағына алтын сырға, алдағы уақытта Қалкен Мәкенбайұлы атындағы бір сыйлықты тағайындау керек сияқты», деп орынды ұсыныс айтты.
Кеште «Жезді жұлдыздарының» байырғы әншілері Зұлқия Мекебаева, Гүлнәр Нысанбаева, күйші Махмуд Аймағанбетов, «Тау гүлі» ансамблінің мүшелері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Шоқтаев және Тентек Жұмаділдақызы, Мира Бәкібаева өнер көрсетті.
Қалкен Мәкенбайұлы от кешкен майдангер ғана емес, мәдениет пен өнерді өрге сүйреген рухани қайраткер екеніне көз жеткіздік.
Ұлытау облысы