Мың бір мысал • 23 Сәуір, 2025

Толстойдың хаты

140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Біз Лермонтов екеуміз әдебиетші емеспіз» деген Лев Толстой ізгілік жолын мұрат тұтты. Бала кезіндегі «Күн секілді жарық шашамын» деген мұра­тына оралып, жасы елуге жақындағанда әйгілі «Тәубесін» жазды. Сонымен қатар бірнеше томға жүк болатын әртүрлі хаттар қалдырды.

Толстойдың хаты

Толстой хатының бірі – 7 жасар Захар Шевцевке жаз­ған өсиет сөзі. Көптеген тілге аударылған мағыналы жазба түрлі ойға қалдырады. «Қа­рағым, саған бүгіннен бас­тап өміріңнің соңына дейін барлық адамға – әкеңе, анаңа, бауырларыңа, аула сыпырушыға, өмір жолыңда кезіккен барлық адамға ынта-ықыласыңмен мейірімді болуға кеңес беремін. Бұл оңай емес. Бұған жазуға, оқуға, скрипкада, фортепиа­нода ойнауға үйренгенің сияқты үйренуің керек. Бірақ осы ғылымдарды үй­ренесің, сонымен оларды үйрену аяқталады, ал мейі­рімділікті үйренудің шегі жоқ. Әрі ешқандай ғылым­нан қайырымды болудан алған ләззатты ала алмайсың. Сен мейірімді болған сайы­н жаның жадырай түседі, айналаңдағы адамдар да сені тереңірек сүйетін болады. Өтінем, осылай жаса. Әр минутта мейірімді бо­лу керектігіңді есіңнен шығар­ма».

Толстой жас балаға жаз­ған өсиетінде мейірімнің шексіздігін, ізгілік жолының кеңдігін көрсетеді. Осылайша, дүниенің өзге бұлтақты жолынан сақтандырады. 1908 жылы «Оттоман» темекі фабрикасы Толстойдың сексен жылдығына орай оның аты мен суретін басып папирос шығарады. Алайда жазушы оларға арнайы хат жазып, бұл сыйды қа­былдаудан бас тартады. «Сіздердің хаттарыңызды да, сыйлықтарыңызды да ал­дым. Темекіден зиянды іс ретінде бас тартқаныма жиыр­ма жылдан асқандықтан һәм оның жарамсыз зиянды әдет екенін жазбаша, ауыз­ша айтып басқа­ларды сақтандырып жүрген­діктен, өкінішке қарай, сыйлық­та­рыңызды қабылдай алмай­мын. Папирос салынған әдемі жәшікті қағаздарымды салу үшін сіздерден естелік ретінде өзіме қалдырамын, ал папиростардың өзін сіздерге қайтарамын. Менің бұл өті­нішімді жамандыққа балай көрмесеңіздер екен».

Толстой хаттары сан салалы. Біз екі үзінді ғана келтіріп отырмыз. Ол хаттардың әрбірі даналық ойларға, гуманистік сарынға шақырады.