Мәдениет • 22 Сәуір, 2025

Шоколад музейі ашылады

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өзбекстанда Орталық Азиядағы алғашқы шоколад музейі есік ашты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шоколад музейі ашылады

Фото: UPL.uz

Жоба Iman Chocolate & Fruits компаниясының бастамасымен жүзеге асқан.

Музейге келушілерге шоколадтың пайда болу тарихынан бастап, заманауи кондитерлік технологияларға дейінгі даму жолы таныстырылады. Экспозицияда ежелгі өркениеттердің тағам мәдениеті, сонымен қатар әлемдік сәулет туындылары мен тарихи тұлғалардың шоколадтан жасалған мүсіндері қойылған.

Барлығы 19 ерекше экспонат ұсынылған. Оның ішінде 16-сын музейі шеберлері қолдан дайындаған. Көрмеде Ташкент пен Самарқандтағы әйгілі медреселер, Келте мұнара, Әлішер Науаи мен Әмір Темірдің бейнелері, сондай-ақ Тәж-Махал, Азаттық мүсіні, Эйфель мұнарасы, Колизей мен Таностың қолы сияқты жаһандық символдар шоколад түрінде жасалған.

850 келі шоколад жұмсалған бұл туындылардың көпшілігі қара шоколадтан дайындалса, екі мүсін ақ шоколадпен бейнеленген. Әрбір композицияны жасауға кем дегенде жеті күн кеткен. Шоколад мүсіндері арнайы лакпен жабылған және қажетті жағдайда бір жылға дейін сақталады.

Музейде шоколад өндірісінің бүге-шүгесіне дейін көрсетілген арнайы шеберхана жұмыс істейді. Сонымен қатар алдағы уақытта тәжірибелі кондитерлердің қатысуымен шеберлік сабақтары да өтеді деп жоспарланып отыр.

Бұл мәдени жоба Өзбекстандағы гастрономиялық туризмді дамытудың жаңа бір бағытына айналып, ұлттық тәтті өнімдер өнерін көпшілікке танытуға сеп болмақ.