
Фото: Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі
«Қарағанды қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бекжан Төлеуұлы Құсайыновтың 53 жасында кенеттен қайтыс болғанын қайғырып хабарлаймыз», делінген хабарламада.
ПД өкілдерінің айтуынша, Бекжан Құсайынов өмірінің 30 жылдан астамын Отанға қызмет етуге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық тәртібін қорғауға арнаған. Еңбек жолын 1992 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық ішкі істер бөлімінің патрульдік-күзет қызметінде полиция қызметкері болып бастаған. Ол осы жылдар ішінде Қарағанды қалалық ІІД бастығының орынбасары лауазымын қоса алғанда жауапты қызметтерді атқарып, мансап сатысының барлық баспалдақтарын басып өтті.
«Ол әрқашан өзінің жоғары кәсіби дайындығымен, өзіне және әріптестеріне деген талапшылдығымен, адалдығымен, әдептілігімен ерекшеленді. Полиция полковнигі Құсайынов қызметке адал, антына адал, шыншыл және жанашыр тұлға болды», деп атап өтті полиция.
Қарағанды облысының полиция департаментінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлер кеңесі және бүкіл жеке құрам марқұмның отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады.