Руханият • 19 Сәуір, 2025

Үлкен еңбек, зор қайраткерлік

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Журналистиканың өз заңы, өз жолы, өз биігі бар. Бұл жол ең әуелі ұстаздың жүрегінен басталады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен ерекше кездесу – соның дәлелі. Журналистика факультетінің негізін қалаған Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлының 75 жасқа толуына әрі факультеттің жеке құрылым болып қалыптасқанына 15 жыл болуына орай ұйымдастырылған еркін кездесу өтті.

Үлкен еңбек, зор қайраткерлік

Кездесуге келген қо­нақ­тардың әр­қай­сы­сы – қазақ журналистикасы мен жоғары білім саласына еңбек сіңіріп жүрген азаматтар. Олардың арасында академиктер Бауыржан Омарұлы, Кәрімбек Құрманәлиев және өзге әріп­тестері мен шәкірттері болды.

Жиында белгілі жазушы, факультет деканы, доцент Нұржан Қуантайұлы жүргізді. Алқалы топтың ортасынан алғаш сөз Бауыржан Омарұлына берілді.

«Ұлттық журналистика десек, ең алдымен ойымызға жур­налистика факультеті келе­ді. Ал сол факультетті қалып­тастырған, оның іргесін қалаған Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев сынды тұлғалар. Бұл – үштаған іспетті темірқазықтар. Сол ұс­таздардың жолын жалғап, олар­дың шәкірттері де ұлт журналистикасына өлшеусіз үлес қосты. Солардың бірі – Намазалы Омашұлы. Ол кісінің есімі ұлт журналистикасы тарихына алтын әріппен жазылды. Қазақстандағы екі ірі факультетті басқарып, бірінің дәстүрін жалғастырып, екіншісінің негізін қалағаны – үлкен еңбек, зор қайраткерлік», деді көсемсөзші-ғалым.

Ал жиынның басты қонағы Намазалы Омашұлы болса «бү­гінгі жүздесу – Журналистика және саясаттану факультетінің құрылғанына 15 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр­ған тағылымды кездесу» деп, фа­культеттің өткені мен бүгіні, кәсіби журналистика білімінің қалыптасуы туралы әңгімеледі.

«Журналистика – өзге ма­мандықтарға ұқсамайтын, өмір­мен біте қайнасқан, халыққа тікелей қызмет ететін сала. Бүгінгі күні ел ішінде бұл мамандықтың беделі артып келе жатқаны көңіл қуантады. Бірақ осы дәрежеге жету жолы оңай болған жоқ. 2009 жылы елімізде журналис­тика мәселелерін зерттейтін алғашқы институт құрылды. Ал 2010 жылдың 5 мамырында ресми түрде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және саясаттану факультеті ашылды. Университет басшылығының шақыруымен мен осы факультетті құруға атсалыстым. Бұған дейін де мұнда журналистика саласы кафедра не мамандық ретінде оқытылғаны белгілі. Алайда дербес факультет ретінде құрылуы кәсіби білім берудің жаңа кезеңі болды. Бұл – елордадағы кәсіби журналист даярлайтын алғашқы орталық болатын, деді Н.Омашұлы.

Профессордың пайымдауын­ша, елімізде журналистика фа­культетінің тарихы сонау 1934 жылдан басталады. Сол жылы Қазақ мемлекеттік университеті ашылып, Коммунистік журналис­тика институты да өз жұмысын бастаған еді. Бұл – журналистика мамандығының дербес білім беру жүйесіне енгенінің айғағы. Сол кезеңде дәріс оқып, емтихан алғандардың қатарында Сәкен Сейфуллин сынды тұлғалар бол­ғанын атап өткен жөн.

Осылайша, отырыс ресми сипаттан гөрі, еркін әңгімеге, өмірлік тәжірибемен бөлісуге, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланысты тереңдетуге бағытталды. Университет бас­шылығы тарапынан алдағы уа­қытта бұл кездесуді ауқымды ғы­лыми конференцияға ұластыру жоспарланып отырғаны айтылды.

«Журналистика факультетінің 15 жылдығы қарсаңында На­мазалы Омашұлына арнап конференция, халықаралық форум деңгейінде ресми іс-шара өт­кізуіміз керек. Ал біз өз тарапы­мыздан оған толық қолдау көр­сететін боламыз», деді ЕҰУ уни­верситеттің академиялық мә­се­­лелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай.

«Біз сөзге ерекше мән беретін, сөйлеу мен жазу мәдениетін жоғары қоятын елміз. Қазіргі медиакеңістікте «сұлулық үшін сөйлеу», жалтыраған сөзбен ғана алысқа бара алмайсың. Оқырманды ойландыратын, селт еткізетін, шынайы, тірі сөз қажет. Журналистика – ақыл­ды адамға арналған кәсіп. Бұл салада жаңалық қана емес, жа­ңалықтың астарын ашатын, тыңдаушы мен оқырманның таным көкжиегін кеңейтетін терең мазмұнды дүниелер маңызды. Бұрын біз баяндау, суреттеу сынды жанрларға көбірек ден қоятынбыз. Ал дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, олар нақты оқиғаның астарына үңілуге, мәселені қоғамдық тұрғыда терең саралауға басымдық береді», деп жастарға ақылын да айтты Н.Омашұлы.