Зерде • 19 Сәуір, 2025

Жұрт үшін жанын шүберекке түйген

10 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Арамыздан кеткеніне сексен жылдан астам уақыт өтсе де, Маңғыстау халқы үшін Оразмағамбет Тұрмағамбетұлының есімі аяулы. Біреу оны кен іздеген кемеңгер десе, біреу ағартушы, үшіншілері басы ауырып, балтыры сыздағанға қолұшын беретін емші, төртіншілері үлкен діни ғұлама есебінде біледі. Әрине, бұлардың бәрі де тек айтыла салған әңгіме емес еді. Өйткені ол көзінің тірісінде осы айтылған салалардың қай-қайсысын да жете меңгерген болатын. Ең бастысы, Оразмағамбет – елінің азаттығы жолында аянбай күрескен қайраткер, Маңғыстау өлкесіндегі Алашорда ұйымының белсенді мүшесі.

Жұрт үшін жанын шүберекке түйген

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Ол осы топырақтағы Қызылсу же­рінде 1882 жылы өмірге келді. Болашақ ғұламаның балалық шағы да, білімге деген алғашқы қадамы да сол Қызылсуда өтті. Оның жан-жақты білімдар болуына бәлкім атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл тіннің беріктігі де әсер еткен болар. Атақты Қашаған Күржіманұлы «Оразмағамбет ахунға» деген арнауында Оразмағамбеттің ұлы атасы Тоқмырзаның туған топырақтың тулақтай жерінің де жат қолында кетпеуі үшін арпалысып, соның жолында шейіт кеткенін, оның баласы Сарыбек қырық жасқа келгенде басына пайғамбардың тәжін орап дін үшін қызмет еткен, алдын болжай білетін көреген екендігін айтады. Ал Сарыбектен туған Тұрмағамбет заманында тек Маңғыстау ғана емес, Орта Азия діни орталарына белгілі тұлға болды. Көне Үргеніште қарақалпақ Омар ахуннан дәріс алып елге оралады. Мешіт ашып бала оқытады. Оразмағамбет Иранға барғаннан кейін Реза шах Пехлевиге жазған хатында «Біз Қазақстан, Адай тайпасы, Маңғыстау ауданы Қызылсу ауылы­нан «Даролұлым» медресе-мешітінен келгенбіз. Діни басқарманың №132 бұйрығы бойынша әкем Тұрмағамбет осы медресенің негізін қалағаннан бері имам әрі кәміл мүршіт-ұстаз еді. Ол 1918 жылы бақилық болды. Әкем өмірден өткен соң шама-шарқым келгенше ұстаз болып елді сауаттандыру жұмысына кірістім» деп жазады. Оразмағамбет сол уақыттағы үлкен діни орталықтар шоғырланған Орта Азияға бет алады. Иран шахына жазған әлгі хатында «Мен жасымнан ғылым қудым. Өз аймағымда, сосын Бұхара мен Хиуада оқыдым. Сұпылық зікір салуды әрі үйретуді Үргеніш қаласында хазірет Мұхаммед Зия ибн Зәкіржаннан үйрендім. Сондай-ақ тәфсир ғылымын, жағрафия, илаһи хикмет, биология, астрономия, геометрия оқыдым», дейді.

Әкесі Тұрмағамбет заман ағымын терең түсінетін жан-жақты адам болса керек. ХІХ–ХХ ғасыр басында Маңғыстаудың байлығын зерттеуге саяхатшы, ғалымдар келе бастады. Әсіресе орыс ғалымы Николай Иванович Андрусов 1887 жылы аяқ басты. 1907–1908 жылдары ар­найы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Тұрмағамбет хазірет пен Андрусов арасындағы достық қарым-қатынас оның баласы Оразмағамбеттің Үндістанның Бомбей қаласына оқуға кетуіне ықпал жасайды. Ресейдің, болмаса Еуропаның басқа бір елдеріне кетпей, Үндістанға кетуі – мұсылмандық діни орталықтардың болуы.

Қолымызға Оразмағамбеттің Бомбей қаласында оқыған құжаттары әзір түсе қойған жоқ. Өлкемізде кеңес өкіметі орнап, қуғын-сүргін басталғанда оның көптеген кітапты, өзіне байланысты құжаттарды осы жерден онша қашық емес Сахардың, Байсарының тауына жасырғаны белгілі. «Қайтып келермін, пайдаға асырармын» деген үміт болса керек, осынау алтынға бергісіз қазынаны ешкімге білдірмей жасырған.

Ашхабат қаласындағы түрмеге түс­кеннен кейін қауіпсіздік комитетіне берген жауабында: «Мен діни ортаның өкілімін, дін мұсылман жолының қыз­меткерімін. Сонымен қатар 16 жасымнан 19 жасыма дейін Индияда Бомбей қаласындағы университетте оқып, оның инженерлік-геологиялық факультетін аяқтадым. Кезінде Маңғыстауды зерттеуші ғалым М.Баярунаспен Түрікменстанға, Қарабұғазға өткенмін. Айтулы геолог және менің анттасқан досым Баярунас екеуміз Маңғыстау жеріндегі жұмысты жалғастырмақшы едік. Сол кезеңнің жағдайлары біздің жұмыс жасауымызға мүмкіндік бермеді», дейді.

Қауіпсіздік комитетіне өтірік айта алмайтыны, олардың Оразмағамбеттің өмірі туралы онсыз да білетіні белгілі. Осы Түрікменстан Қауіпсіздік комитетінің Сұлтан Балхаев ағамызға 1991 жылғы 17 шілдеде берген анықтамалығында «Тур Мұхамметов Ораз Мұхамбет Батыс Қазақстанның Маңғыстау ауданының Түйесу, Қызылсу жерінде 1882 жылы туған. Ұлты қазақ. КСРО азаматы. Бом­бей университетін инженер-геолог мамандығы бойынша бітірген жоғары білімді. Ұсталғанға дейін арнаулы жұмысы болмаған. Түрікменстанның НКВД органдары 1937 жылғы 1 қыркүйекте бүлікшіл қызметі үшін деген жаламен қамауға алған. 1938 жылы 29 қазанда ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесіліп, 30 қазанда орындалды», деп анық көрсеткен.

Маңғыстау өлкесінің кен байлығын зерттеуші, академик Н.Андрусовтың шәкірті М.Баярунас 1907 жылдан 1938 жылға дейін Маңғыстау түбегінің геологиялық құрылысын, тектоникасын, кен байлығын жете зерттеген ғалым. КСРО ҒА-ның геология институтының геологі сияқты қызметтерде істеген М.Баярунастың Маңғыстау жеріне келгенде Оразмағамбетпен бірлесе жұмыс істегені оның тергеу орындарына берген жауаптарында анықталып отыр.

Екі ғалымның бірлесе жұмыс істеген­дігі, бір-біріне деген адал достығы жөнінде оның балалары да айтады. 2006 жылы Иранға барған сапарымызда Горган қала­сында тұратын парсы журналисі Муса Жоржанимен кездескенімізде, Ораз­мағамбет туралы үнемі ізденісте жүр­генін айтты. Оның Оразмағамбет баласы Шарғидан алған сұхбатында былай депті: «Әкеміз араб, парсы, орыс, түркі тілдерін жетік білген. Баярунас бұл өңірге ат басын тіресе біздікіне келіп, әкемізді қасынан қалдырмайтын. Ал әкеміз болса өзі бай­қаған қазба байлық түрлерін көрсетіп, ерекше үмітті жерлерге алып баратын».

Ал 2007 жылы Иранға барған екінші сапарымызда оның балаларының қолында сақталған мұрағаттарды алып келген едік. Онда құнды болып есептелетіні ғалымның қолжазбалары еді. Сөз басында айтылған Реза шах Пехлевиге жазған хатында өзінің қуғын-сүргінге түсуіне себепші болған мыналар деп атап көрсетеді. Олар: Бай болғаным үшін, екінші молда ахундығым үшін, үшінші әкемнің қажы ишан болуы, төртінші ислам шариғатын үгіттегенім үшін, бесінші ойы бұзық, яғни Маңғыстау тауларындағы кен шығатын жерлерді біле тұра большевиктер пайдаланады деп айтпады деген жала, алтыншы, тас көмір мен сульфатты жалақы орнына алғаным үшін.

Екінші хаты Иран үкіметінің өнеркәсіп бас басқармасына жазған хаты. Онда Оразмағамбет «Бендер шах қаласындағы зауыттың солтүстігінде бес жүз метр жерде мұнай қоры бар, тереңдігі төрт жүз елу метр. Бұл жердегі мұнайды шығынынан қашпай игерсе мол байлыққа жетуге болады. Әрине, оған жұмсалатын қаражат мөлшері көп. Бірақ бір жыл мұнай өндір­геннен кейін жұмсалған қаражаттың ақталатынына сенімдімін. Бұл жердегі мұнай қоры шыға бастағанда минутына алты мың фунт шамасында болады. Мұнай құрамында бензин, керосин, күкірт бар» деп жазған. Бұл хаттар Оразмағамбеттің өзі тергеуде жауап берген «Қазақстанда, Тү­рік­менстанда, Иранда мені геолог ре­тінде де таниды» дегенін нақтылай түседі.

Иранда тұратын ақсақалдардың, бала­ларының айтуы бойынша Иран үкіметі Оразмағамбеттің хатынан кейін сол жерді игеру мақсатында келген. Өкінішке қарай, ол уақытта Оразмағамбет алдау арқылы қолға түсіріліп, Ашхабат түрмесіндегі адам төзбес азапты күндерді бастан кеші­ріп жатқан-ды.

Оқу-білімнің қадірін білген Ораз­мағамбет 1928 жылдары Қызылсуда жер­гілікті құрылыс материалдарын пайдаланып мектеп салып, Форт-Шевченкодан Өтес Қарабалаев деген оқытушыны алдыртып, екеуі жиырмадан асқан балаларды оқытқан. Олардың ішінен белгілі азаматтар шыққаны жөнінде Сұлтан Балхаев пен Өмірзақ Озғанбаев ағаларымыз жазған еді.

Халық арасында Оразмағамбеттің тағы бір қыры, емшілігі жөнінде көп айтылады. Оның зерттеу жұмыстары кезінде ауырып қалған Баярунасты емдегені, болмаса күйіп қалып, иә үсті-басын жара қаптап кеткен адамдарды құлан-таза айықтырғаны туралы кезінде жазылды да. Нақты емші-дәрігер болғанына Иран сапарында көзіміз жете түсті. Біздің қо­лымызға Ебжан ағамыз ғұламаның аты-жөні жазылған мөрді ұсынды.

– Мөрді қайда басатын еді, – деп сұрағанымызда Ебжан: – Біреуге жазған хаттарында басатын. Көбіне осы қалада өзімен қарайлас бір парсы дәрігері болды. Әкем алдына келген адамдарға әртүрлі шөптерден қалай дәрі жасау керектігі жөнінде қағаз жазып беретін де, әлгі парсыға жұмсайтын. Парсы дәрігері әкем­нің берген рецептісі бойынша жасалған дәріні ауруға қолданатын, – деп еді. Осыған қарап Оразмағамбеттің халық медицинасын жете меңгерген адам екенін, әртүрлі шөптерді пайдалана білуіне қарап өзі айтқандай биологиядан да көп хабарлы болғанын білеміз.

Ел басына келген қасіретті жылдар кезінде біздің мыңдаған қандасымызға туған жерден жырақ кетуге тура келді. Мұндай қиын кезде Оразмағамбет қан­дастарының ортасынан табылды. Қалың парсы, ызғындай түрікмен арасында жоқ болып кетпеудің жалғыз жолы әр жерде бытырап жүрген қазақтардың басын біріктіру болатын. Сонда ғана дәстүрін, тілін, ділі мен дінін сақтап қалатынын білген ғұлама Иран патшасына хат жазады. Тарыдай шашылған аз ғана ұлтты екі-үш қалаға шоғырландырып, орналастыруды сұрайды. Бұрын жер тырнап, егін екпеген оларға өгізбен, соқамен, тағы да басқа керек-жарақпен көмектесуді өтінеді.

Осы сөзіміздің дәлелі ретінде Ораз­мағамбеттің 1936 жылы мамыр айының 25-інде Горган қаласының әкімі Сейт Жоржан мырзаға жазған хаты бар. Бастапқыда қорғанышы жоқ азып-тозып барған қазақтарға жергілікті тұрғындар қысым жасайды. Оразмағамбет өзіме қауіп келеді-ау демей, осы бүлікті ұйымдастырушылардың аты-жөндерін толық атап, қала әкімінен оларды жөнге салуды, жаза қолдануды талап етеді. Оның бұл өтініші де жерде қалмапты.

Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы 1938 жылдың 29 қазанында ату жазасына кесіледі. Үкім 30 қазанда орындалған. Алайда сол 1938 жылдың 28 ақпанында түрме дәрігерінің «Денсаулығы жақсы, қол еңбегіне жарамды» деп берген қағазы және Красноводск қалалық ЗАГС бөлімі берген №191977-өлімі туралы куәлікте Оразмағамбет 1942 жылдың 30 қазанында 61 жасында қайтыс болды деген анықтамасы ол туралы әлі де іздене түсуді керек етеді. Бұл үкімет органдары Оразмағамбетті атпай өз жұмыстарына пайдаланды деген әңгімелердің шындық екенін білдіреді. Ташкенттің, Ашхабаттың қауіпсіздік комитеттеріндегі архивтердегі ол туралы істі құзырлы органдар арқылы алдыртса біраз нәрсеге қол жетері анық.

Сөз басында Оразмағамбет Алаш­орда мүшесі болғанын айттық. Ол тергеуге берген жауаптарында: «Мен «Алашорда» ұйымына 1926 жылы кірдім, ұсталғанға дейін осы ұйымның белсенді мүшесі болдым», деп жауап беріпті.

Кейінгі екі жылдан бері Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде үлкен жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Бұрын есігі жабық болған орындардан көпке белгісіз деректерді ақтаруға қол жетті. Сол құжаттардың арасында Ирандағы Оразмағамбеттің Германияда жүрген Мұстафа Шоқаймен байланыста болғандығы туралы айтылады. Мұстафа Шоқай сол жақта жүріп 1929 жылы «Жас Түркістан» журналын шығарды. Жур­налды Ирандағы Оразмағамбетке жеткізіп, оны Оразмағамбеттің байланысшылар арқылы жан-жаққа таратқаны жөнінде 1937 жылы Ираннан Қазақстанға келгеннен кейін ұсталып, тергелген Қади Сұлтанов, тағы сол сияқты бірнеше адамның жауаптарынан көруге болады.

 

Отыншы КӨШБАЙҰЛЫ,

Жазушылар одағының мүшесі