
«Space Settlement Contest» – мектеп оқушыларына арналған жыл сайын өткізілетін халықаралық байқау. Бұл білім бәсекесі қатысушылардың инженерлік қабілетін, креативті ойлауын дамытуға, ғылымға ұмтылысын арттыруға бағытталған.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, өрендеріміздің «Space Settlement Contest 2025» халықаралық байқауында ұсынған «YURT» жобасы жеңіске жетіп отыр. Камила Ертісқызы, Ілияс Дәулет, Анастасия Цой, Юлия Кимнен құралған топ Юпитердің орбитасымен қозғалып, оның Ганимед және Каллисто серіктеріне жақындай алатын автономды ғарыш стансасының жобасын таныстырды. Станса 30 мыңға жуық адам тұруға арналған, жасанды гравитация жүйесімен және толықтай дербес тіршілікпен қамтамасыз ететін жүйемен жабдықталған. Дәл осы отандық оқушылардың жұмысы үздік деп танылып, топ бірінші орынды олжалады.
Екінші орынды елімізден барған тағы бір топ еншіледі. Олар байқауда 45 мың тұрғынға арналған Ганимедтің төменгі орбитасында орналасқан ғарыш стансасын құрастырған. Бұл жобаны Асан Табылды, Арман Темірболатов, Інкәрбек Сабыржан, Томирис Құзбакова, Мұхидин Жапаров, Әлішер Бағдәулет, Берік Уәли, Айсұлу Нұрсұлтан, Арлан Таиров, Аслан Бақыттан тұратын топ әзірледі. Ал олардың жетекшісі – 12-сынып оқушысы Әділет Сандықбаев.