Оқиға • 18 Сәуір, 2025

Мұхтар Шахановтың жары дүниеден өтті

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ ақыны, драматургі, Қазақстан халық жазушысы Мұхтар Шахановтың жұбайы, танымал ғалым, педагог Розалинда Әшірбайқызы Шаханова дүниеден озды. Бұл туралы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Мұхтар Шахановтың жары дүниеден өтті

Фото: instagram.com/qyzpukz/

«QyzPU басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай университет ұжымы мен білім алушылары белгілі ғалым, педагог Розалинда Әшірбайқызы Шаханованың дүниеден өтуіне байланысты туған туыстары мен жақындарына көңіл айтады», делінген хабарламада.

Розалинда Шаханова 1951 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. Ол Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық университетінде (қазіргі QyzPU) «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жоғары білім алып, еңбек жолын қарапайым мектеп мұғалімінен бастаған.

Ғылымға адал еңбек еткен Розалинда Әшірбайқызы 1990 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, ал 1993 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алған. Сол жылы доцент атағына ие болған. Ол жазған ғылыми және әдістемелік еңбектер еліміздің білім беру жүйесінде кеңінен қолданылады.

2004–2008 жылдары QyzPU оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры қызметін атқарған. Зейнет жасына шықса да, өзі түлеп ұшқан оқу орнымен байланысын үзбей, мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы ретінде студенттердің білім сапасын бағалауға белсенді атсалысқан.

Розалинда Шаханова — көптеген ғылыми мақалалар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Ол Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», «Ы. Алтынсарин» медалінің иегері. Сонымен қатар, «Ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және QyzPU дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Құрмет» медалімен марапатталған.