Жоба • 18 Сәуір, 2025

Отандық стартаптардың өрісі кең

0 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Осы күні отандық стартаптар ішкі нарықпен ғана шектелмей, халықаралық деңгейде де сұранысқа ие бола бастады. Жасанды интеллект, медициналық технология, спорт туризмі мен цифрлық сервис салаларында серпіліс байқалады.

Отандық стартаптардың өрісі кең

«4LMNTS»

Мәселен, «4LMNTS» жобасы – халықаралық деңгейдегі марафондарға қатысуды армандайтын әуесқой спортшыларға таптырмас мүмкіндік. Ал «AICA» стартабы – дыбыс­ты мәтінге айналдыратын тиімді платформа. Сонымен қатар өкпенің қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтайтын «Forus Data» жобасы – медициналық саланы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған тың бастама ретінде ерекшеленеді. Әлемнің ең үздік марафондарында бақ сынау – әр спорт­сүйер жанның арманы. Алайда шетелдік жарыстарға тіркелу, слот алу (жүгіру тапсыру), виза ресімдеу, жол және жатын орын мәселесін реттеу оңай шаруа емес. Дәл осы түйткілді шешуді мақсат еткен Жанат Тұрғымбаев «4LMNTS» атты ерекше стартап құрды. Бұл жоба қазір еліміздегі жүздеген әуес­қой желаяқтың әлемдік деңгейдегі мара­фон­дар­ға қатысуына керемет жол ашып отыр.

ап

«4LMNTS» – халықаралық мара­фон­дар­ға қатысқысы келетін­­дер­ге толық қол­дау көр­сететін отандық стартап. Атал­ған агенттік өз клиенттеріне тір­кеу­ден бас­тап, виза, ұшу билеттері, қонақ­үй брондау, трансфер және жарыс алдындағы кеңес­тер­ге дейін бар­лық қажетті қызметті ұсы­нады. Спорт­шыға тек дайындалып, жү­гіруге шықса болғаны, қалған барлық шар­уаны команда атқарады.

Стартаптың атауы ағылшын тіліндегі «Four Elements» (Төрт табиғи элемент) сөзінен алынған. Бұл – адам мен таби­ғат­тың, ерік-жігер пен төзімнің үйлесімін жеткізетін атау. «4LMNTS» арқылы көп­те­ген танымал марафондарға қатысуға болады. Атап айтсақ, Лондон, Нью-Йорк, Бостон, Берлин, Токио, Чикаго марафондары – «World Marathon Majors» деп аталатын «Үлкен алтылыққа» кіреді. Олардың әрқайсысына 54 мың желаяқ қатыса алады.

Стартап тобы мұнымен тоқ­та­­­май, басқа да қалалардағы мара­фондарға, триатлон, ультрамарафон және трейл жарыс­тарына қатысу мүмкіндігін ұсынып жатыр. Жобаның ең үлкен ерекшелігі – әр қатысу­шыға жеке қолдау көрсету. Яғни жап­пай топпен емес, нақты әр клиентпен жеке жұмыс жүреді. Осы уақытқа дейін «4LMNTS» арқылы жүзден астам отандасымыз әлемдік марафондарға қатысып, ерек­ше әсермен оралған. Олардың арасында кәсіп­керлер де, мұғалімдер де, тіпті зейнеткерлер де бар. Жүгіру — бәріне ортақ құн­дылық, ал бұл стартап — сол арманды іске асыратын құрал.

Болашақта команда марафон ту­­риз­мін кеңейтіп, Орталық Азия дең­­гейін­­де қызмет көр­сетуді көздеп отыр. Соны­мен қатар жасөс­пірім­дер­ге, мүм­кіндігі шектеулі жан­дарға арналған арнайы бағдарлама әзірлемек.

Стартаптың негі­­зін қалаушы Жанат Тұрғымбаев өзі де жү­гі­румен айналысатын әуес­қой спортшы. Оның айтуынша, елі­­міз­де стартап қозғалысын дамытуға қолайлы жағ­дай жасалған.

«Кейінгі жылдары акселератор, хакатон және инкубаторлар сияқты стартап­тар­ды қолдау инфрақұрылымдары айтар­­лық­тай өскені байқалды. «Astana Hub» және «Most Hub» сияқты бастама­лар стартаптарды қолдап, ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Олар жоба­лар­ға қолдау көрсетіп, оқуға жағдай жасап, ментор­­лық­пен қамтамасыз етеді. Бұл еліміздегі жаңа идеялар мен технологиялардың дамуына үлкен үлес қосады», дейді ол.

 

«AICA»

«AICA» стартабы дыбыс жазу және сөйлеу аналитикасы қызметтерін ұсы­на­тын жасанды интеллект платформасын жасап шығарды. Оның негізгі қызметі дыбысты мәтінге айналдырады. Бұның пайдасы ұшан-теңіз. Мәселен, бұрын тілшілер спикердің пікірін диктофонға жазып, кейін оны өзі тыңдап, қағазға түсіруге біраз уақытын сарп ететін. Ал қазір «AICA»-ның арқасында бір сағаттық аудионы бір минуттың ішінде мәтінге айналдыруға болады. Орыс­ша-қазақша ара­лас­қан сөз­дер­ді бағдарлама өзі-ақ өңдеп жібереді. Платформаның тағы бір қызметі мәтінді дыбыстай алады.

ва

«AICA»-ның негізін қалау­шы­лар­­дың бірі Нұрлан Жү­­ні­сов­тің айтуын­­ша, елі­­мізде осы қыз­мет­терге ай сайын 100 мыңнан астам сұра­ныс түседі. Қазақ тілін­­дегі жақсы қызмет жоқтың қа­­­сы. Бұл нарық енді ғана қа­лып­­тасып жатыр. Дегенмен қазірдің өзінде қолданушылар осы платформа ар­қылы ды­­­быстық хабар­ламаларды, жи­­налыстар мен конфе­рен­ция­­лар­дың аудио­­­­­жаз­­­басын, лекция­лар мен семинарлар аудио­сын, YouTube және басқа плат­фор­малардағы жазбаларды қар­қын­ды транскрипция­­­­лап жатқан көрі­неді.

«Бұл – аудиожазбаны, қоңы­рау­ды, сұх­бат­ты жоғары дәл­­дік­пен мәтінге жыл­дам айналдырып бере­тін бірден-бір ыңғайлы қыз­мет. «AICA»-ның ең бас­­­ты ар­тық­­шы­лығы – қазақ тілі мен сөйлеу ерекшеліктеріне негізделген локализация. Екі тілде сөйлесе, ауызекі сленг пен ай­мақ­­­тағы ерек­­­ше­ліктер ара­ласса, бұл қыз­мет көрсетуді әлде­қайда қиын­да­тады. Алайда әр­­­­түрлі дыбыс пен интонация параметрлерін таңдап, тіпті эмоцияны танып, мәтінді қазақ, орыс, ағылшын және өзбек тілдерінде кәсіби аудиоға айналды­рады. Бұл қызмет оқу материалдарын, жарна­­­ма ро­­лик­­терін және әлеу­­­мет­тік желі­лер­ге арналған контентті жасауға өте қолайлы. Соны­мен қатар платформа телефон арқы­лы жасалатын алаяқтықты анық­тайды. Бұл ком­панияларға қыз­мет­­кер­лердің жұмысын қа­да­­­­­ға­лау­ға, клиент­терге не қажет екенін тү­сінуге көп көмектеседі. Бәсе­ке­­лестеріміз – ресейлік және халық­аралық сервистер, өйткені нарық жаңадан пайда болып, енді қалып­тасып жатыр», дейді ол.

«AICA» командасы болашақта плат­фор­ма­ның мүмкіндігін кеңей­туді жоспарлап отыр. Олар жаңа тіл­дерді қосып, анали­ти­калық құ­рал­­дарды жетілдірмек және әр­­­­­түрлі салаларға бейімделген ше­шім­­­дер ұсыну арқылы клиент­тер­ге көбірек пайда әкелуді көз­дей­ді.

 

«Forus Data»

«Forus Data» стартабы өкпенің қатер­лі ісігін ерте анық­тайтын ЖИ мо­­делін жасап шық­ты. Аталған жүйе дәрігер­дің жұ­мы­сын айтар­лықтай жеңіл­де­теді. Себебі оны қол­данбаса диагноз қоюға 40-50 минут уақыт кетеді, ал нейрон желі талдау сапасының дәлдігін сақтай отырып, диаг­нозды 10 минутта анық­тап береді.

Жоба авторларының айтуынша, көп­теген жағдайда науқастар дер кезінде тек­серу­ден өтпейді немесе адам факто­ры­ның салдарынан ісік белгілері байқалмай қалуы мүмкін. ЖИ болса ештеңені назардан тыс қалдырмайды, миллиондаған бей­нені өң­деп, қауіп­ті аймақтарды дәл көрсетеді. Мұн­дай технологиялар дамыған елдерде көп­тен бері қолда­ны­лып келе­ді. Ал «Forus Data» – елімізде осы бағытта табыс­­ты жұмыс істеп жатқан алғашқы стар­­­тап­тардың бірі.

вав

Жобаның не­гізін қалау­шы­лар – Руслан Орманбетов пен Алмат Меңдебаев. Екеуі де ме­ди­­ци­на мен технологияның қиы­лысқан тұсына қы­зы­ғу­­шылық та­­нытып, нақты мәсе­­ле­лерді ше­­шуге ба­ғыт­­тал­­­­­­ған өнім жасауды көз­­деген.

«Нейрон же­­­­лі сұрып­тау­ды бағдаршам жү­йесімен жа­­­сайды. Жа­­­сыл түс сау адамдарды біл­­­діреді. Қы­­­зыл түс – онко­логтің шұғыл кө­­мегін қа­­жет ете­­­­тін­­дер. Ал ­­сары түс ЖИ-дің кү­­­ді­гін, қо­сым­­ша бақылау мен тек­­­се­­ру­ді қа­жет ететін­дер­­ді біл­ді­реді. Бас­ты мін­дет – мұн­дай жағдайларды медицинаның ақ­парат жүйесіне ен­гі­зіп, үш-бес айда ба­қылауға алу. Мақса­ты – кез келген өзгерісті дер кезінде анықтау және ауру­­­ды тоқтату үшін әрі қа­­рай бақылау. Нейрон желіден осындай белгі алған онкологтер мұны қосымша зерттей алады», дейді Алмат Меңдебаев.

Ал Руслан Орманбетов­тің айтуынша, бұл – толы­ғымен отандық жоба.

«Нейрон желі ағзадағы 3 миллиметрден асатын күдікті ауру оша­ғын таба алады. Себебі осындай кішкентай нәрсе аурудың пайда болғанынан хабар беруі мүмкін. Модель тіпті радиолог көрмеуі мүмкін кішкентай өзгерісті де байқайды», дейді жоба авторы.

Бүгінгі таңда «Forus Data» жүйесі елі­міздегі 200-ден астам медицина ұйы­мы­на орнатылған. Таңғаларлығы – бұл жүйе әрдайым жаңа­рып, жаңа деректер арқылы өздігінен жетіліп отырады. Мұның арқасында диагноз қою дәлдігі де үнемі артып келеді.

«Forus Data» командасы дербес медици­налық мәліметтердің қауіпсіздігін бірінші орынға қояды. Барлық дерек өңдеу үдерісі шифрланған түрде өтеді, ал жүйе науқастың жеке басына қа­тыс­ты мәліметтерді анықтай алмай­ды. Бұл – халықаралық талаптарға сай келетін маңызды шарт­тардың бірі.

Сонымен қатар команда жасанды интел­лект ешқашан дәрі­гер­ді алмас­тырмай­тынын, тек қосым­ша құрал екенін баса айтады. Қоры­тын­ды ше­шімді — әрине, маман қабыл­дай­ды. Бірақ ЖИ жүйесі сол шешімге негіз болатын ма­ңызды көмекші құрал бола алады.

Стартап авторларының айтуын­ша, «Forus Data» тек өкпе обы­рымен шек­те­ліп қал­майды. Қазіргі таң­да олар жүрек-қан тамырлары ауру­лары мен сүт безі обырын анықтауға арналған алгоритмдер жасау бағытында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар шетелдік нарыққа шығу жоспары да бар. Ресей, Түркия, Орталық Азия ел­дері, тіпті Еуропа елдерінен қызы­­ғу­­шы­лық білдіріп отырған серік­тестер жетер­лік.

«Біздің мақсат – елімізде ғана емес, бүкіл өңірде сапалы әрі қолжетімді скрининг қыз­метін ұсыну. Бұл арқылы мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға болады», дейді стартап өкілдері.

«Forus Data» – бұл жай ғана технологиялық жоба емес. Бұл – адамдардың денсаулығы үшін күресетін, нақты нәтиже беретін жүйе. Жасанды интеллектіні тиімді пайда­лану арқылы олар онкология саласында шынайы өзгеріс жасап жатыр. Отандық стартаптың бұл бастамасы медицинаның жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Тек диаг­ноз қойып қана қоймай, өмірді сақтауға көмектесетін технология — нағыз болашақтың медицинасы.