
– Артур Ермекұлы, 2024 жыл Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты үшін қандай жыл болды? Қандай нәтижелерді атап өтер едіңіз?
– Ең алдымен Омбудсмен институтына деген сенімнің артып келе жатқанын атап өткім келеді. Былтыр бізге 6 748 өтініш келіп түсті. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 17%-ға көп. Әрбір өтініштің артында адам, оның мұңы, алаңдаушылығы, әділдікке ұмтылысы жатыр.
Мазмұндық тұрғыда ең көп көтерілген мәселелер – тергеу және анықтау органдарының әрекеттеріне шағым, қылмыстық-атқару жүйесіндегі ұстау жағдайлары және сот шешімдеріне келіспеушілік. Сонымен қатар денсаулық сақтау құқығының бұзылуына қатысты шағымдар 2,5 есеге артты. Адамдар медициналық қызмет сапасының төмендігіне, медицина қызметкерлерінің салғырттығына және емдеу мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі қиындықтарға шағымданды.
Біз тек өтініштерді тіркеумен шектелмейміз. Құқық бұзушылықтар расталған жағдайда нақты нәтижелерге қол жеткізуге тырысамыз. Өткен жылы өтініштерді қарау нәтижесінде 97 лауазымды тұлға тәртіптік, 5 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 4 жағдайда қылмыстық іс қозғалды.
– Жабық мекемелердің адам құқықтарын сақтау деңгейі мемлекет дамуының көрсеткіші ретінде қарастырылады. Сондықтан оларға әрдайым ерекше назар аударылады. Бұл бағытта қандай өзгерістер бар?
– Жабық мекемелердегі құқықтардың сақталуы – аса өзекті әрі сезімтал тақырыптардың бірі. Бізге қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен, арнайы қабылдау орындарынан, сондай-ақ психиатриялық және наркологиялық стационарлардан тұрақты түрде өтініштер түсіп отырады. Бұл мекемелер әлі де адам құқықтарын бұзу қаупі жоғары аймақтар қатарында қалып отыр.
Оқшаулану адамның негізгі құқықтарынан айырылуы дегенді білдірмеуге тиіс. Жабық мекемеде отырған әр адам қауіпсіздікке, денсаулыққа, қадір-қасиетке ие болуға құқылы. Алдын алу (превентивтік) шаралары құқық бұзушылықтарды ерте кезеңде анықтап, мекемелерде құқықты құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
2024 жылы бұл бағыттағы жұмысымыз күшейе түсті. Жабық мекемелерге шамамен 800 рет бардық. Түрлі аймақтардағы сапарларды қоса есептегенде мұның жалпы саны 1 200-ден асты. Осы сапарлар барысында заңсыз күш қолдану, санитарлық-тұрмыстық жағдайдың нашарлығы, медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі, дәрі-дәрмекке қолжетімділіктің шектелуі сынды мәселелер анықталды. Әрбір осындай жағдай бойынша прокуратура мен басқа да құзырлы органдарға ақпарат беріліп, тиісті шаралар қабылданды.
– Сіз білім беру, отбасы, әйелдер мен балалар құқықтары мәселелері бойынша өтініштердің артқанын атап өттіңіз. Мұның себептері неде деп ойлайсыз?
– Бұл екі маңызды үрдісті көрсетеді. Біріншіден, азаматтардың, әсіресе ата-аналардың, аналардың, жастардың құқықтық сауаты артты. Екіншіден, бұрын елеусіз қалып келген мәселелер қазір тереңдей түсті.
Бала құқықтарына қатысты шағымдар 2,5 есе өсті. Мектептердегі буллинг, кейде жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігі, көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың сапалы білімге қол жеткізе алмауы – ерекше алаңдатарлық жайттар. Біз мұндай отбасылар үшін мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау квотасын ұлғайту бастамасын көтердік.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерден де көптеген өтініш келіп түсті. Соның бірі – көпбалалы ананы психиатриялық мекемеге заңсыз мәжбүрлеп жатқызу әрекеті. Біздің араласуымызбен бұл факт бойынша қылмыстық іс қайта тергеліп жатыр. Бұл – жекелеген құқықтық көмектің жүйелі өзгерістерге негіз бола алатынының нақты мысалы.
– Азаматтық шағымдардың саны мен мазмұны қоғамда жүйелі сипаттағы проблемалардың бар екенін көрсетеді. Осы бағытта Уәкіл институты шешім қабылдау процесіне қалай тартылып отыр?
– Әрине, біздің қызметкерлер заңнама мен құқық қолдану тәжірибесіне тұрақты түрде талдау жүргізіп, азаматтардың құқықтарының бұзылуына алып келуі мүмкін олқылықтарды анықтап отырады. Бұл – жұмысымыздың басты бағыттарының бірі.
2024 жылы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған 20-дан аса ұсыныс әзірленіп, уәкілетті органдарға жолданды. Негізгі басымдық – азаматтардың құқықтарын қорғауға кедергі келтіретін немесе оны мүмкін етпейтін құқықтық нормалар мен қайшылықтарды жоюға аударылды.
Мысал ретінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейту, белгілі бір санаттағы сотталғандар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қолжетімділікті жеңілдету, білім беру жүйесінде балалардың қорғалуын арттыру, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдайды жақсарту жөніндегі бастамаларды атап өтуге болады.
Сот алқаларының қолжетімділігін арттыру және сот процестерінің ашықтығын қалыпты тәжірибеге айналдыру бағытында да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз заң шығару жұмысына бастама кезеңінен бастап қатысып, қабылданатын нормалардың әділет пен құқықтық айқындық қағидаттарына сай болуын қамтамасыз етуге тырысамыз.
– Халықаралық серіктестік бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– 2024 жылы біз БҰҰ, ТМД, АҚШ, Еуропа Кеңесі, ЕҚЫҰ және Еуропалық одақ өкілдерімен қоса алғанда, халықаралық серіктестермен 50-ге жуық кездесу өткіздік. Еліміз БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Әмбебап кезеңдік шолуына ұлттық баяндамасын ұсынып, арнайы іс-шара өткізді. Бұл кездесулерде еліміздің азаптауларға қарсы күрес саласындағы тәжірибесі жоғары бағаланды.
Біз өз жұмысымызды мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғамның жауапты өкілдерімен бірлесіп, халықаралық қауымдастыққа жағу үшін емес, ең алдымен, өз халқымыздың мүддесі үшін жүргіземіз. Өйткені бұл саладағы негізгі әрі жалғыз бенефициарлар – еліміздің азаматтары.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы қызметін жалғастыра отырып, халықаралық стандарттар мен ұлттық құқықтық жүйе арасындағы үйлесімділікті одан әрі нығайтуды көздейді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»