Қоғам • 16 Сәуір, 2025

Қостанай облысында мемлекеттік қызметтің көп бөлігі цифрланды

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстағы мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы электронды түрде көрсетіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысында мемлекеттік қызметтің көп бөлігі цифрланды

Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиевтің айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсетудің электронды форматы әкімшілік кедергілерді азайтып, азаматтардың уақытын үнемдейді.

«Электрондық үкімет порталы арқылы қызметтер өмірлік жағдайлар бойынша топтастырылған. Мысалы: «Рәсімделу», «Бала туу», «Жұмысқа тұру», «Бизнес ашу» сияқты санаттармен көрсетіледі. Бұл азаматтар үшін қызметті іздеуді айтарлықтай жеңілдетеді»,  дейді басқарма басшысы.

2024 жылы облыс әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті бірлесіп, орталық мемлекеттік органдарға 49 ұсыныс жолдаған. Оның ішінде өзекті деп танылған 14 мәселе республикалық комиссияның қарауында талқыланып, 10 ұсыныс өткен жылы іске асты. Атап айтқанда, қызметтер тізіліміне ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған жаңа мемлекеттік қызметтер енгізілді.

Өңірде мемлекеттік қызметтердің сапасы жыл сайын әлеуметтік зерттеулер арқылы бағаланып отырады. Соңғы үш жылда электронды қызметтер үлесі 91%-тен 98,3%-ке дейін өскен. Әсіресе денсаулық сақтау саласында цифрландыру қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұрын емханада кезек күту немесе анықтама алу уақыт алса, бүгінде осы қызметтерді «Дамумед» қосымшасы арқылы онлайн алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, наркологиялық және психиатриялық анықтамалар да электронды түрде қолжетімді.