Форум • 16 Сәуір, 2025

Рухани дипломатияның мүмкіндігі

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Сауд Арабиясына сапары барысында «Дін лидерлері әділетті және қауіпсіз әлем үшін» атты дөңгелек үстелге қатысты.

Рухани дипломатияның мүмкіндігі

Форумда қатысушылар өзара іс-қимылды нығайту және адамзатты алаңдатып отырған өзекті проблемаларды еңсеру тәсілдерін жетілдіру жөнінде пікір алмасты. Іс-шара аясында Сенат төрағасы Дүниежүзілік ислам лигасының басшылығымен кездесті.

Мәулен Әшімбаев дөңгелек үстелге қатысушыларға ілтипат білдіре келіп, қазір бүкіл әлем жаңа жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол осындай алма­ғайып кезеңде аталған ауқымды іс-ша­р­аны ұйымдастырып отырған Дүние­жүзілік ислам лигасы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының миссиясы айрықша мәнге ие екенін, бұл бастама халықтар, мәдениеттер және діндер арасындағы байланысты жолға қоюды көздейтінін айтты. Бүгінде геосаяси шиеленіс, экологиялық және экономикалық тұрақсыздық, пандемия сияқты түрлі проблемалар бүкіл әлем­нің дамуына айтарлықтай теріс әсе­рін тигізіп жатыр. Осы ретте әртүрлі кон­фе­ссиялардың, халықаралық және саяси ұйы­мдардың өкілдерін біріктіретін дөңгелек үстел өткізу сындарлы диалог құру жолындағы маңызды және уақтылы алаң екені анық.

«Біз қазіргі сын-қатерлердің, ең алды­мен, ушыға түскен геосаяси шиеленіс­тің салдарын еңсеру жолында күш-жігері­мізді біріктіру үшін қасиетті жерде жи­налып отырмыз. Бүгінде Таяу Шығыс­та, Палестинада, Газада қиын жағдай қалыптасып, бейбіт тұрғындар зардап шегуде. Бұл мәселеде қантөгісті дереу тоқтатып, саяси диалогті жандандыру қажет. Аталған үдерісте Дүниежүзілік ис­лам лигасы маңызды рөл атқарады. Сон­дай-ақ дінге, нәсілге және сенімге қатыс­ты кемсітушіліктің барлық түрін айып­тайтын Мекке декларациясының маңызы мен мәні зор. Құжат әлем жұртын төзбеушілік пен жеккөрушілікке қарсы бірлесіп әрекет етуге үндейді. Сондықтан бұл декларацияны бәріміз Сауд Арабиясы мен Дүниежүзілік ислам лигасының жаһандық бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлкен үлесі деп қабылдаймыз», деді Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съезі Хатшылығының басшысы.

Сонымен қатар М.Әшімбаев дөңгелек үстелде көтерілген мәселелердің өзек­ті­лігіне ерекше назар аударып, әлемде әлеуметтік-экономикалық проблемалар да ушыға түскенін атап өтті. Сондай-ақ қалыптасқан рухани дағдарыс және табиғат пен қоғамға тұтынушылық көз­қарас та адамзатқа өз салдарын тигі­зетіні сөз болды. Мұндай жағдайда жаһан­дық диалогті дамытудың және өзара сенім­ді нығайтудың жаңа тәсілдеріне деген қажеттілік арта түсетіні анық.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздіктің берік жүйесін қалыптастыру мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Осы мақсатпен Пре­зидент бейбітшілікке шақыратын жаңа жа­һандық қозғалыс құру туралы бастама көтер­ді. Бұл үдерісте дін көшбасшылары айрықша рөл атқара алады. Биыл қыр­күйек айында Астанада «Діндер диалогі: бола­шақ жолындағы синергия» тақыры­бы­на арналған VIII съезд өтеді. Қазір діни, саяси және қоғамдық көшбасшылар­дың бір­лескен әрекеттері аса маңызды. Сон­­дай-ақ съезд аясында Біріккен Ұлттар Ұйы­­мы Өркениеттер альянсымен бірлесіп, діни нысандарды қорғау жөніндегі ар­найы сессия ұйымдастырылады. Осы орай­­да съезд бен Дүниежүзілік ислам лига­сы­ның қызметіндегі негізгі басымдық­­тар ұқсас екенін атап өткен жөн. Біз ал­дағы уақытта осы жолда Лигамен жан-жақ­ты ынтымақтастықты одан әрі нығай­туға мүдделіміз», деді М.Әшімбаев.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бо­йынша Дүниежүзілік ислам лигасы мен Қазақстанда орналасқан Халықара­лық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы арасында өзара түсініс­тік туралы меморандумға қол қойылды. Айта кетейік, дөңгелек үстелге Сауд Арабиясының мемлекеттік органдарының, ака­демиялық топтардың, азаматтық қоғам­ның және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.

Сонымен қатар бұл күні Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік ислам лигасы Бас хатшысының орынбасары Абдулрахман бен Абдулла Әл-Зайдпен кездесті. Онда тараптар қазіргі сын-қатерлерге назар аударып, оларды еңсеру жолдарын талқылады. Сондай-ақ олар түрлі бағыттарда өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде пікір алмасты.

Өз тарапынан Дүниежүзілік ислам лигасы бас хатшысының орынбасары Қазақстанның жаһандық дінаралық диалогті дамытуға арналған бастамаларын жоғары бағалады және бірлескен жобаларды іске асыру бағытындағы жұмысты әрі қарай жалғастыруға мүдделі екенін жеткізді. Атап айтқанда, Астанада Мұхаммед пайғамбардың өмірбаянына арналған халықаралық көрме ұйымдастыру және Ислам өркениеті мұражайын салу жөніндегі мәселелер сөз болды.