Мектеп • 16 Сәуір, 2025

Жаңа Бұқтырмада мектеп ашылды

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан төрт жыл бұрын Алтай ауданына қарасты Жаңа Бұқтырма кентінің тұрғындары редакциямызға хабарласып, жалғыз қазақ мектебінің оқушылары тозығы жеткен балабақша ғимаратында оқып жүргенін айтқан еді. Барып мәселені көзбен көрдік, газет бетінде қаузадық. Бұдан соң жергілікті басшылық дереу қолға алып, дайындық жұмыстарына кіріскен. Құрылыс уақтылы аяқталып, күні кеше Жаңа Бұқтырмада жаңа қазақ мектебі ашылды.

Жаңа Бұқтырмада мектеп ашылды

Иә, бұған дейін қазақ мектебінің балалары кірпіші кемірілген, есік-терезесі жемірілген қаусаған ғимаратта оқып келген. Санитарлық талаптарға мүлдем сай емес еді. Ол аз десеңіз, ғимарат 1970 жылдан бері жөндеу көрмей келген. Осы мәселе 2021 жылы «Egemen Qazaqstan» газетінде көтеріліп, сол кездегі білім басқармасының басшылығы, Алтай ауданы әкімдігі дереу қолға алатынын айтқан.

Алайда 130 орындық қазақ мектебін салу 2011–2020 жылдар аралығындағы жоспарда болыпты. Құрылыс жүргізуге жер актісі де алынған. Бірақ белгісіз себептермен соңы сұйылып, сиырқұйымшақтанып кеткен. Ең бастысы, ол мәселенің барлығы бүгін шешімін тапты. Оқушылар көптен армандаған жаңа мектепке көшті. Еңселі мектептің ашылуына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысты. Жалпы ауданы 10775 шаршы метр болатын №1 Жаңа Бұқтырма орта мектебі 200 оқушыға арналған.

в

– Мемлекет басшысы білім деңгейі бүкіл ел бойынша тең болуға тиіс екенін айтқан. Ал бұл жаңа, заманауи мектеп – ұрпақ­ты тәрбиелеу мен сапалы бі­лім жолындағы үлкен қадам. Осы білім ошағында еліміздің бо­­лашағын қалыптастыратын са­налы, білімді де білікті азаматтар түлеп ұшатынына сенімдіміз, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Оның айтуынша, оқу жағ­дайын жақсарту және оқу орын­дарының тапшылығын азайту мақсатында былтыр облыста 10 жаңа мектеп салынған. Олар­дың жетеуі пайдалануға берілді, екеуі Тарбағатай ауда­нында офф­шорлық келісімшарттар бо­йын­ша бой кө­­терген. Биыл тағы 13 мек­теп салу жос­парда бар.

Бүгінгі таңда Жаңа Бұқтыр­мадағы қазақ мектебінде 114 оқушы білім алып жатыр. Мектепке дейінгі мекемелерде 129 бала болса, олардың 33-і биыл 1-сыныпқа барады. Баса айта кетерлігі, мектеп ұстаздары мен оқушылары «Egemen Qazaqstan» газетіне ерекше ризашылықтарын білдіріп отыр.

– «Egemen Qazaqstan» басылымына барша ата-ананың, мектеп ұжымының, оқушылардың атынан алғысымды айтамын! Мектеп мәселесін ең алғаш көтерген де бас басылым еді. Жазып қана қоймай, мәселенің шешілуін редакция үнемі назарда ұстап отырды. Нәтижесінде, мінеки, кентімізде жаңа мектеп бой көтеріп, қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр, – дейді №1 Жаңа Бұқтырма орта мектебінің ұстазы Анаргүл Дүрімхан.

Осыдан төрт жыл бұрын мектептің ауадай қажеттігін айтып, ашық пікір білдірген де Анаргүл Дүрімханқызы еді. Сонымен қатар мектеп дирек­торы да бүкпесіз шындықты айтып шырылдаған. Атын ата­мауды сұраған қаншама мұға­лім жаңа мектеп керегін айтып дабыл қақты. Ата-аналар мен оқушылар да жаңа мектеп армандары екенін айтып, пікір білдірген. Міне, жұдырық­тай жұмылған ұйымшылдық нә­ти­жесінде №1 Жаңа Бұқтырма мектебіне жаңа ғимарат салынды. Әйтпесе, созбалаңға салынып, шешілмей жатқан мәселе шаш­етектен.  

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Алтай ауданы