Кітапхана • 16 Сәуір, 2025

Ауыл кітапханасының заманауи тынысы

0 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында «Jaña Klub» жобасы аясында 13 комьюнити-орталық жаңғыртылды. Жобадағы қалған 12 кітап­хана осы сәуір айының соңына дейін ашылады.

Ауыл кітапханасының заманауи тынысы

Ауылдағы мәдениет ошағын адам айтқысыз түлетіп, заманауи үлгідегі ағартушы алаңға айналдыратын жоба «Қазақстан халқына» және «Tana» қоғамдық қорларының есебінен қолға алынған еді.

Кейінгі кезде елімізде әдебиеттің мәр­тебесі көтеріліп, кітап оқу мәдениеті қалыптасып келе жатқандай әсер қал­дыратынын айтқан едік. Бұл үрдіс төмен­нен де, жоғарыдан да байқалады. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы­мен елімізде 23 сәуір – Ұлттық кітап күні бо­лып белгіленуі де жақсы нышан. Аталған ­мереке оқырман мәдениетін дамытуға және жастардың кітапқа деген сүйіспенші­лігін арттыруға бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз.

Бұдан бұрын газетімізде Бәйтерек ауданындағы оқырмандардың қуанышы туралы жазған едік. Жақында осындай қос қуаныш Ақжайық және Қазталов аудан­дарында болды. Өңірдің мәдени өмірін­дегі маңызды оқиғаға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, «Қазақстан халқына» қо­ры­ның төрайымы Ләззат Чинкисбаева, «Қазақстан халқына» қорының орынба­са­ры София Айсағалиева және «Тana» қоры­ның негізін қалаушы Кәмила Лұқпано­ва, inDrive халықаралық сервисінің негі­зін қалаушы және бас директоры Арсен Томский қатысты.

пр

Ауыл кітапханаларының базасында ашылған қос «Jaña Klub» комьюнити-орталығы енді ауыл тұрғындарына сан-салалы қызмет көрсетеді. Бұл жерде келуші кітап оқып қана қоймай, жаңа білім игеріп, мәдени іс-шараларға қатыса алады.

Бақытжан Нарымбетовтің айтуынша, өңірде 2025 жылдың соңына дейін 9 мың шаршы метр кітапхана кеңістігі қайта жаңғыртылып, 100-ден астам кітапханашы қайта даярлықтан өтеді екен. Ал жаңадан ашылған комьюнити-орталықтар 130 мың­нан астам адамды қамти отырып, тұр­ғын­дардың білім беру ресурстарын, шеберлік сабақтарын пайдалануына және мәдени іс-шараларға қатысуына мүмкіндік береді.

Елімізде Президент тапсырмасымен биыл сәуір айында тұңғыш рет Кітап күні аталып өтеді. Бұл кітапханалардың ел өмірінде өсіп келе жатқан рөлін көрсетеді. Ал Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Tana» қоры жүзеге асырып жатқан комьюнити-орталықтар барлық жастағы ауыл тұрғыны үшін пайдалы. Мұнда мектеп оқушылары да, студенттер де, жергілікті белсенділер де, аға буын өкілдері мен қоғам мүшелері де уақытын тиімді әрі пайдалы өткізе алады.

Жаңартылған кітапханалардың ерек­ше­лігі көп. Мысалы, 725 шаршы метрді алып жатқан Ақжайық ауданындағы ко­мьюнити-орталық келушілерге бірнеше бағытта бұрыш ұсынады: дәстүрлі музыка әуес­қойлары үшін «Домбыра» және «Ән-күй» аймағы бар. Ал қолөнермен айналы­сатындар үшін «Тігін» аймағы, отбасы­лық демалыс үшін жайлы «Ана мен бала» аймағы әзір. Сондай-ақ мұнда қауіпсіз интернет және заманауи web-55 жүйесі қарастырылған. Бұл кітап­ха­наны тек оқу орны ғана емес, білім алатын және шығармашылық кездесулер ұйым­дас­тыратын ыңғайлы алаңға айналдырады.

ап

Ақжайықтан кем түспейтін тағы бір қызықты комьюнити-орталық Қазталов аудандық кітапханасында да ашылды. Жалпы, көлемі 662 шаршы метрді қамтитын бұл кеңістікте әдеби шығармалар талқы­ланатын «Сана» оқырман клубы, қол­данбалы өнерге қызығатындар үшін «Шебер қолдар» клубы, суретшілер өз тәжі­ри­бесімен бөлісіп, шабыт алатын «Мозаика» шығармашылық бірлестігі жұмыс істейді.

– Қазталов және Ақжайық аудандарында заманауи кітапханалардың ашылуы – өңіріміздің мәдени және білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Ауылда тұрғындар үшін жаңа­дан білім, шығармашылық және қарым-қатынас орталығы пайда болды. Мұндай бастамалар жерлестеріміздің әлеуетін ашуға, кітап оқуға деген сүйіспенші­лік­ті арттыруға және өзін-өзі дамытуға жаңа мүмкіндік ашады деп сенеміз, – деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы.

Жоба «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық бастамасы аясында, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын айттық қой.

«Біз елімізде алғаш рет аталып өтетін Ұлттық кітап күні қарсаңында маңызды оқиғаның ортасында болып, кітапханаларды жаңғыртуға үлес қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Заманауи кітапхана – білім жанданып, талант ашылып, мәдени дәстүр нығая түсетін мүмкіндіктер орталығы. Мұнда келген әр адам – мейлі бала, мейлі ересек болсын – әлемдік білім ресурстарына қосылып, шығармашылығын шыңдап, еркін қарым-қатынас жасай алады. Бұл – болашаққа жасалған инвестиция. Біз осы бастама арқылы серіктестерімізбен бірге өңір тұрғындарына әлемдік мәдениет пен білімнің есігін ашып бердік», дейді «Қазақстан халқына» қорының төрайымы Ләззат Чинкисбаева.

Қор жетекшісінің айтуынша, «Қазақстан халқына» қоры 25 кітапхананы заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және кітап қорын жаңарту үшін 797 млн теңге бөлген екен. Ал Батыс Қазақстан облысы әкімдігі кітапхана ғимараттарын жөндеу мақсатында 197,8 млн теңге қаржы салған. «Tana» қоры жобалық басқаруды ұйымдастыруға 53,5 млн теңге бағыттаса, қызметкерлерді оқытуды қамтамасыз ететін «Жас көшбасшылар қауым­дас­тығы» қоғамдық бірлестігі 22,67 млн теңге ­­бөліп отыр. Сонда жобаның жалпы бюд­жеті – 1 070 936 284 теңгені құрайды.

Ауыл кітапханаларының жаңғыруы­на Қазақстандағы білім беру және мәдени инфрақұрылымды дамытуға белсенді қа­тысып отырған «Tana» қорының көме­гі­мен инновациялық білім беру бағ­дарламалары, интерактивті аймақтар және технология­лық шешімдер енгізілетін болады. Ал бұл халық арасында кітап оқу мәдениетін дамы­туға ықпал етпек.

«Біз кітапхана ғимараттарының көз тарта жөнделуімен қатар, білім алу, шы­ғармашылықпен айналысу және қарым-қатынас жасауға арналған заманауи орта­лықтарға айналуына күш саламыз. Мұндай комьюнити-орталықтар оқу мәдениетін нығайтуға көмектеседі және жергілікті халықтың өмірін оң өзгеріске әкеледі деп сенеміз», дейді «Tana» қорының негізін қалаушы Кәмила Лұқпанова.

Жоба аясында кітапхана қорларын то­лықтыруға 68 миллион теңгеден астам қар­жы бөлінген. Қорға 800-ден астам жаңа кітап қосылады, оның ішінде қазақстандық және шетелдік авторлардың еңбектері бар. Сонымен қатар кітапханалар заманауи музыкалық аспаптармен, үстел ойындарымен, тігін және қолөнер жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Жаңа комьюнити-орталықтар белсенді демалысқа, кездесулерге және білім беру бастамаларына жағдай жасайды.

Өңірдегі кітапханаларды жаң­ғыр­ту қа­зірдің өзінде тиімділігін көр­се­тіп жа­тыр. Мұны жаңартылған ко­мью­­нити-орта­лықтарға келушілер­дің саны артқанынан-ақ байқауға болады. Сон­дай-ақ мәдени және білім беру бағ­дар­ламалары жергілікті халықтың ерекше қызы­ғушылығын тудырды. Кеше ғана ашылған Қазталов және Ақжайық аудандарындағы кітапханалар да кітап оқумен қатар, өзін-өзі дамыту, шығар­машылық және қарым-қатынас мүмкін­дігін ұсынатын танымал қоғамдық комьюни­ти-орталыққа айналары кәміл.

Қазталов ауданында қайта жаңғыр­тылған кітапханадан бөлек, Қазталов мек­теп-лицейі де 250 млн теңге қаражатқа жаб­дықталды. Бұл – Мемлекет басшысы­ның тап­сырмаларының ауылдық жерде жүзеге асырылуының айқын көрінісі.

– Кітапханаларымыздың заманауи үл­­гіде жабдықталуы оқырманның қы­зы­­ғушылығын арттырып, кітап оқу мә­де­­ниетінің қалыптасуына зор септігін тигі­зеді деп ойлаймын. Президент идея­сын жүзеге асыру мақсатында «Tana» қоғам­дық ұйымының бастамасымен, «Qazaqstan halqyna» қоғамдық әлеуметтік қоры­ның қолдауымен БҚО-дағы кітапханаларды жаң­ғыртып жатырмыз. Ауылдағы ағайын да жанға жайлы рухани орталықта көкжие­гін кеңейтеді деген сенімдемін, — деген еді Қазталов ауданында халықпен кездескен сәтінде Ләззат Чинкисбаева.

– Жобаны іске асырудың бірінші ке­зеңінде біздің мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи пәндік және цифрлы кабинеттермен жабдықталды. Жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тапты. Жобаға қатысушы мектеп педагогтері цифрлық құзыреттілікті арттыру және кәсіби дамытуға бағыттал­ған арнайы курстардан өтіп жатыр. Орал қаласындағы физика-математика бағы­тын­­дағы Назарбаев зияткерлік мектебі­­мен, Орал қаласы филиалының Педагогика­лық шеберлік орталығымен әріптестік орнады, – дейді Қазталов мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әлия Балдахова.

Мектепте «Қазақстан халқына» қоры­ның қолдауымен мектепалды даярлық, бастауыш сыныптар, ағылшын тілі, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, физика, математика, биология, химия, география информатика, алғашқы әскери дайындық, технология және спорт зал, акт зал кабинет­тері толығымен жабдықталса, жаңадан ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жасауға арналған арнайы кабинеттер, «Шаштараз», «Audio студия», «Лингофон», «Мүсіндеу», «Art студия», «STEM», «Телестудия», «Гидропоника» сияқты кабинеттері ашылған.

 

Батыс Қазақстан облысы