Спорт • 16 Сәуір, 2025

Үздіктер дараланған дода

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтауда каратэден (WKF) ересектер арасындағы еліміздің чемпионаты аяқталды. «Halyk Arena» әмбебап спорт кешенінде 400-ге тарта татами шебері ката, кумите бағдар­лама­ла­рын­да бағын сынап, жүлделерді сарапқа салды.

Үздіктер дараланған дода

Жылдан-жылға бұл спорт түріне қызы­ғушылар қа­та­ры артып келе жатқанын Каспий жағалауындағы жарыс айқындап берді. Бұған дейін өткен ел біріншіліктерінде мұншалық спортшы жиналған емес. Қатысушылардың рекорд­тық көрсеткіші тіркелген ел біріншілігінің әрбір жекпе-жегі тартыспен өтті. Олай болатын да жөні бар. Себебі жүлде олжалап, жарқырай көрінген талантты спортшылар алда болатын құрлық додасына, сонымен қатар әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.

Дүбірлі додада Токио Олимпиа­дасының қола жүлде­гері Софья Берульцева, тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаң­бырбай, Азия ойындарында чемпион атанған, жүлдегер болған Қайсар Алпысбай, Әсел Қанай, Нұрқанат Әжіқанов, Дидар Әмірәлі, Данияр Юлдашев сынды тәжірибелі каратэшілер жастардың қары­мын байқап көрді.

Ерлер арасындағы кумите додасында 55 кг салмақта Мирас Әбдіқадыр (Жамбыл облысы) чемпион атанса, Атырау облысының спортшысы Нұрбек Кенжебай 60 кг салмақта үздік шықты. 67 кг салмақ дәрежесінде Еркінбек Байтөреев (Маңғыстау облысы), 75 кг салмақта Нұр­қанат Әжіқанов (Ақтөбе облысы) дараланды. 84 кг салмақта Шымкент қаласының үздігі Данияр Юлдашев жеңіске жетсе, + 84 кг салмақта сынға түскен спортшылар арасында алматылық Диас Ұлықбек топ жарды.

Әйелдер арасындағы тартыста да кейінгі буынның қарымды екені байқалды. Десе де ұлттық құраманың белді өкілі саналатын тәжірибелі саңлақтар өз биігінен төмендеген жоқ. Атап айтқанда, 50 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері Мөлдір Жаң­бырбай (Қызылорда облысы) жеңіске жетті. 55 кг салмақта маңғыстау облысының спортшысы Айшабибі Шарахан, 61 салмақ дәрежесінде Әсел Қанай (Түркістан облысы), 68 кг салмақта Даяна Даренская (Алматы қаласы) еліміздің чемпионы атанды. 68 кг салмақтан ауыр тартатын спортшылар додасында Софья Берульцева (Шымкент қаласы) үздік шықты.

Тамыз айында Қытайдың Чэнду қаласында XII Дүние­жүзілік ойындар (The World Games) түңлігін түреді. Осы әлемдік додада ел біріншілігінде олжа салған саңлақтарға сенім артылмақ. 2022 жылы АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен Дүниежүзілік ойындардан біздің спортшыларымыз 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен оралды. Финалға шыққан үш саңлағымыздың арасынан тек Софья Берульцева ғана әнұранымызды шырқатты. Софья биыл да жаһандық жарыста шеберлігін сынап, әлемнің таңдаулы каратэ шеберлері сынға түсетін аламанда ел мерейін асыруға ұмтылады. Тәжірибелі спортшы Мөлдір Жаңбырбай да жанкүйерлерін жеңіспен қуантуға барын салатынын жеткізді.

– Биылғы ел чемпио­натындағы бәсекелестік жоғары болды. Қаты­сушылардың қатары қалың болуы да көп жайтты аңғартса керек. Дегенмен тынымсыз төккен тердің өтеуіне кезекті рет алтын медаль бұйырды. Алда қысқа мерзімге демалыс алып тынығамын. Одан кейін қайта жаттығуды бас­таймыз. Орасан жауапкершілік, жанкүйерлердің аманатын арқалайтын дүбірлі додаларға қатысамыз. Арманым – әлемде теңдессіз екенімді паш етіп, туымызды желбірету, – дейді М.Жаңбырбай.

Бұл жыл жеміссіз де емес. Қаңтарда Парижде премьер-лига санатындағы дүбірлі доданың бірінші кезеңі өтіп, үздіктеріміз 2 күміс, 1 қола олжалады. Наурыз айында Қытайдың Ханчжоу қаласында ұйым­дастырылған осы доданың екінші кезеңінде ұлттық құрама мүшелері арасынан 3 спортшымыз кумите бағдарламасында 1 күміс,
2 қола медаль еншіледі. Бұл сайысқа әр салмақта әлемдік рейтингте жоғары тұрған 32 спортшы ғана қатысқанын қаперге алсақ, аз табыс емес. Әйелдер арасындағы тартыс­та Мөлдір Жаңбырбай, Әсел Қанай, Софья Берульцева сенімді ақтады.