Ғылым • 12 Сәуір, 2025

Ғылымы өрге озған жұрт дамиды

140 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Ғылым қызметкерлері күніне орай ғылымды дәріптеу, насихаттау, ғалымдардың инновациялық ғылыми зерттеу нәтижелерін, өнімдерін көрсету мақсатында салтанатты іс-шара өтті.

Ғылымы өрге озған жұрт дамиды

Алқалы жиында Ғы­лым және жоғары білім министрі Сая­сат Нұрбектің құттықтауын Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов оқыды.

ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев ғалымдар қауымын Ғылым күнімен құттықтап, ­мерекеге орай үздік ғалымдар­ға құр­мет көрсетудің дәстүрлі іс-ша­раға айналып отырғанын жеткізді.1

«Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қ.Тоқаев ғылымға ерекше назар аударып, қазіргі заманда экономика міндетті түрде инновацияға негізделуге тиіс екенін атап өтті. Адамзат тари­хындағы барлық жетіс­тікке білімнің арқасында қол жетті, ал қазіргі озық технологиялар заманында ғылымсыз ешқандай даму мүмкін емес. Кейінгі жылдары Мемлекет бас­шысы­ның тікелей қолдауының арқасын­да ғылымды дамытуға, оның қоғамдық өмірдегі рөлі мен орнын арттыруға бағытталған елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралар қабылданып жатқанын ерекше айтқан жөн. «Ғылым және технология­лық саясат туралы» жаңа заң қа­былданды. 2019 жылдан бастап білім мен ғылымға салынған инвестициялар 5 есеге дейін өсіп, жас ғалымдарға әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр», деді А.Күрішбаев.

Былтыр ғылымның қара шаңырағы үшін жаңар­тыл­ған заңнамалық және норма­тивтік база негізінде инсти­туционалдық қалыптасу жылы болды. Жаңа заңға сәйкес академия Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҰҒА мәртебеге ие болып, еліміздегі бірден-бір жоғары ғылыми ұйымға айналды. Жаңа ережелерге сәйкес академия мүшелерінің негізгі құрамы сайланды.2

Әлемнің ең озық деген 20 мемлекеті тәжірибесі негізінде академия 2035 жыл­ға дейінгі даму стратегиясын бекітті. Осы уақытқа дейін дұрыс көңіл бөлінбеген ғы­лымды дамытудың басым бағыт­тары анықталды. Мысалы, зерттеулердің барлық саласын толығымен қамтитын 7 басым және оның 153 ма­ман­дандырылған ғылыми бағыт­тары белгіленген. Бұған дейін ғылымға берілетін бюджет қаражаты барлығына бірдей бөлініп келген болса, академия мемлекеттің даму стратегиясымен үндесетін, бәсе­келестік артықшылығын еске­ретін, ғылыми зерт­теулердің тиім­ділігін қамтамасыз ететін ғы­лыми басымдықтардың жаңа жүйесін ұсынды. Ғылым және жоғары білім министрлігінен қолдау тапқан бұл бағыттар Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия тарапынан келер жылдан бас­тап іске асатын болады.

Академия алғаш рет сала­лық министрліктердің, әкім­діктердің, «Атамекен» ҰКП, биз­нес өкілдерінің және же­тек­ші отандық және шетел­дік ғалымдардың қатысуымен ­30 өңірлік және салалық форсайт-сессия ұйымдастыр­ды. Оның қорытындысында ғылыми зерттеулерге қатыс­ты 200 стратегиялық міндет айқындалды. Осы кезге дейін талдау мүлде жа­сал­ма­­ған. Бұ­рын ғылыми тақы­рып­тар ғылыми ұйымдар мен ға­лымдар өндірістің қа­жет­тіліктерін ескермей, өз мүм­кін­­діктеріне қарай анықтап отырған. Салдарынан ғылы­ми зерттеулердің тиімділігі төмен­деп, сұраныс азайды. Осыған орай жаңа заңнамаға сәйкес 2025–2027 жылдарға арналған бағдарламалық-ныса­налы қаржыландырудың 113 ғылыми-техникалық мін­дет­іне алғаш рет сараптама жасалып, 26-сы ғана талапқа сай екені анықталды.

«Дамыған елдер тәжі­рибесі негізінде академия министрліктерге ғылыми тақы­рыптарды қалыптастыруда пәнаралық тәсілді қолдануды ұсындық. Себебі әлемдік тәжірибеде барлық ғылыми жаңалықтың 90 пайызға жуығы пәнаралық негізде ашылады. Бұны қолданысқа енгізу арқылы бүгінгі күнгі ғылыми ізденістердегі ұсақ тақырыптардан кетіп, ғы­лымның әлеуетін бір жерге шо­ғырландырып, кешенді түрде шешуге жол ашуға көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда өткен жылы академиктердің бастамасымен 3 ірі интеграция­лан­ған пәнаралық ғылыми-тех­никалық бағдарламалардың (мегагранттардың) техникалық тапсырмалары дайындалып, қаржыландыру үшін тиісті ведомствоға жіберілді», дейді А.Күрішбаев.

Бүгінде академия халық­аралық ғылыми ынты­мақ­тастықты жандандыру мақ­сатында шетелдік инвестицияларды тартып, технологиялық дамыған елдердегі білім мен ғылым трансфертіне назар аударып отыр. Қазіргі таңда АҚШ, ҚХР, РФ, Германия және Оңтүстік Кореямен бірлесіп 5 ғылыми орталық құрылды. Ғылым саласына 143 млн доллардан астам шетел инвес­тициясы тартылды. Қытай Ғылым академиясы, Чжэцзян технологиялық университеті және ҚХР жетекші жоғары технологиялық компанияларымен бірлесіп, академия жанынан кеңістіктік-уақыттық интеллект пен тұрақты дамудың халықаралық зертханасы ашылды. Зертханада табиғи ресурстарды басқару, су тасқыны, құрғақшылық, жер сілкінісі және басқа да табиғи апаттар қаупін болжау, модельдеу және басқаруда жасанды интеллект қолданылады. Таяу болашақта бұл жобалар Орталық Азия елдерін қамтитын болады. Жобаға Қытай тарапынан шамамен 70 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылмақ.

Бүгінде академия өңір­лердегі ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдарға әдістемелік және практикалық көмек көрсету мақсатында өңірлерде академия президиумы 5 рет көшпелі отырыс өткізді. Жастарды ғылымға тарту – академия алдында тұрған келелі міндеттің бірі. Осы мақсатта ғылыми кадрлардың құзыреттілік, кәсіби деңгейін көтерудің тетігі әзірленіп жатыр.

Іс-шара аясында көрме ұйым­дастырылып, «Ғылым қоры» АҚ өнімдерді коммер­цияландыруға арналған грант­тық жобалар, ғалымдар мен өнертапқыштар нейрохирургия, атом энергетикасы, ядролық физика, көлік-логис­тика сияқты өзекті ғы­лыми бағыттарға қатысты ғы­лыми зерттеу нәтижелері, инно­вациялық өнімдер мен технологиялар таныстырды.

Сондай-ақ алқалы жиында ғылымды дамытуға ерекше еңбегі сіңген ғалымдар мем­­лекеттік және ведомство­лық наградалармен, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жыл­дығына арналған арнайы төс­бел­гілермен марапатталды.

Көрнекті тұлға Қаныш Сәтбаевтың құрметіне Ұлттық ғылым академиясының ішкі ауласында ерекше рәміздік мәнге ие болып тұрған «Сәтбаев сакураларын» жаңғыртып, ға­лымдар екі сакура ағашын отыр­­ғызды. Ел ғылымы­ның та­ри­­хына құрметпен оның дамуы­на қосқан тұлғалар рухы­на тағзым етті.

Салтанатты іс-шараға академиктер, депутаттар, жапондық делегация мүшелері, ғылыми қоғамдастық белсенділері, демеу­ші кәсіпкерлер қатысты.

 

АЛМАТЫ