Қоғам • 12 Сәуір, 2025

Төртінші ғарышкердің бағы қашан жанады?

90 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Астана уақыты бойынша сағат 10:47-де «Байқоңыр» ғарыш айлағының 31-алаңынан «Союз МС-27» басқарылатын көлік ғарыш кемесі бар «Союз 2.1» зымыран тасығышы ұшы­рылды. Бұл сапар Жеңіс мерекесінің 80 жылдығына арналды.

Төртінші ғарышкердің бағы қашан жанады?

Халықаралық ғарыш стансасы­на кезекті, 73-ұзақмерзімді экспе­дициямен ұшырылым жасаған кеме­нің бортында тәжірибелі коман­дир, бортинженер және экспедиция командирі, «Роскосмос» ға­рышкері Сергей Рыжиков, ке­ме­нің бірінші бортинженері, экспедиция бортинженері, «Рос­космос» ға­рыш­ке­рі Алексей Зуб­рицкий және ке­менің екінші бортинженері, NASA ға­рышкері Джонатан Ким бар. Ұшы­ру үдерісі штаттық режімде өтті.

Байқоңырға жұмыс сапары­мен барған Парламент депутат­тары «елімізден төртінші ғарыш­керді ұшыру қажет» деген ұсы­ныс айтып, бұл мақсатқа арнайы жоба әзірлеу керектігін де ұсын­ды. Сапар барысында депутаттар күн тәртібіндегі негізгі үш мәсе­лені қарады. Алғашқысы — «Бәй­терек» ғарыш кешеніндегі кадр мәселесі. Қазір кешенде 150-ден аса маман жұ­мыс істейді, олардың 80 пайызы — Қа­зақстан азаматтары. Алай­да алдағы уа­қытта жұ­мыс күшін 500 адамға дейін арт­ты­ру жоспарланып отыр. Ма­ман­­дардың айтуынша, кадр тап­шылығына ең алдымен жалақының төмендігі себеп.

Айта кетейік, биыл Бай­қо­ңырдан еліміз алғашқы зымыранын ұшырады. Бұл қадам «Бәйтерек» жобасы аясында жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда ғарыштық зымыран кешені қызу дайындық үстінде. Күн тәртібіндегі екінші мәселе — техникалық базаны қалыптастыруға қатысты болды. Жиын барысында елімізден тағы бір ғарышкер даярлау жайы да көтерілді. Бұл бағытта көп дайындық пен уақыт қажет екені айтылды. Де­пу­­­таттар ал­да­ғы онжыл­дық­та төр­тін­ші қазақ ғарыш­керін ғарышқа аттандыру­ды жос­парлап отыр. Осы күні ға­рышкерлерді ұшыру ісімен Ресей, АҚШ және Қытай айналы­сып келеді. Бұл тұста депутаттар еліміздің Ресей­мен бірлесіп жұмыс істеуі қажеттігін алға тартты. Ал күн тәртібіндегі барлық мәселе үкіметке жеткізілмек.

Бұдан бөлек, «Союз МС-27» ғарыш кемесі бас­қарылатын ұшырылым қар­саңында «Бай­қоңыр» ғарыш айлағында «Роскосмос» басшысы Дмитрий Баканов пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовтің кездесуі өтті. Тараптар «Байқоңыр» ғарыш кешенінің алдағы 70 жылдық мерейто­йын, ғарыш айлағы­ның туристік әлеуетінің мүмкін­дігін талқылап, Байқоңырдың құрылған күнін бірлесе атап өтуге келісті. Сонымен қатар зымыран ұшыру және ғарыш кешенін жаңғырту бағытындағы «Бәйтерек» бірлескен жобасын жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркін­баевтың айтуынша, әрбір зымыран ұшырылымына 2 мыңнан астам турист келеді.

«Зымыран ұшырылымына келетін барлық турист арнайы қауіп­сіздік рәсімдерінен өте­ді, жалпы жылына он шақты ұшырылым болады. Бай­қоңыр ғарыш айлағындағы түйт­кіл­ді мәселенің бірі – жатын орын­дардың жеткіліксіздігі. Сон­дықтан зымыран ұшырылымы кезінде барлық қонақүй лық толады. Тіпті қонақүйлердің көбін зымыранды ұшыруға қатысатын техникалық қызметкерлер ие­ленеді», деді Ержан Еркінбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.