Кітапхана • 11 Сәуір, 2025

Тәулік бойы ашық кітапхана

33 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Заңғар жазушы Мұхтар Мағауиннің ұлы Едіге Қарағандыға келді. Жазушы Қарағанды зерттеу универ­си­те­тімен үнемі шығармашылық байланыста болған екен. Асылдың сынығы Едігенің елге келген қадамы құт болды. Уни­вер­ситеттің филология факультетінде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашылды.

Тәулік бойы ашық кітапхана

Суреттерді түсірген – Гүлнар МАХАН

Бұл бастама академик Евней Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойына «100 игі іс» жоба­сы аясында жүзеге асырылып отыр. Сонымен заманауи кітапхананың салтанатты ашылу рәсімін Едіге Мұхтарұлы, профессорлар Бейсембай Ерғалиұлы, Жандос Қожахметұлы жасап, құттықтау лебізін білдірді.

Едіге Мұхтарұлы универ­ситеттің жаңа кітапханасына классик жазушы Мұхтар Мағауиннің 26 томдық толық жинағын, «Қасым» кітап үйі шығарған бірнеше кітапты сыйға тартты.

– Кітапхана заман талабына сай құрылыпты. Тәнті болдық. Алдағы уақытта жастардың ілім-білімін шың­дауға қызмет ете берсін. Байқағаным, Қарағандыға еліміздің басқа да облыс­тарынан жастар келіп білім алады екен. Бөкетов университеті – еліміздегі же­текші оқу орындарының бірі. Әкемнің бұл университетке, Евней Арыстанұлына құрметі бөлек еді. Егер әкемнің жас кезінде тәулік бойы жұмыс істейтін осындай кітапхана болса, онда қона жатар еді, – деді Едіге Мұхтарұлы.

ва

Күні-түні оқырманына ашық кітап­ханадан студенттер мен оқы­ту­шылар ізденісті үдетіп, ғылымға ден қоюға мүмкіндік алады.

– Негізгі мақсат – жас буынға терең білім беру. «Аса мәртебелі студент» дегенді жиі айтамыз. Барлық игілік студенттер үшін жасала береді де. Мәселен, Жапония, Америка сынды дамыған елдерде кітапхананың 24 сағат жұмыс істейтінін көрдім. Ал бізде 18:00-де жабылып қалады. Кейінгі кезде «жастарға дұрыс жағдай жасамай жүрміз бе?» деген ой мазалай берді. Неге мүмкіндік тудырмасқа? Міне, бұған да жеттік. Бұл кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді. Алдағы уақытта барлық факультеттің кітапханаларын жаң­ғырту жоспарда бар, – деді уни­верситет ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Ректор Нұрлан Орынбасарұлы Едіге Мұхтарұлына университет атынан естелік сыйлық табыстап, разылығын білдірді. Сонымен қоса кітапханаға жазушы Кемел Тоқаевтың еңбектерін тарту етті. Факультет ұжымы Едіге Мағауинге «Тереңге тартқан тамырын» атты биографиялық кітап сыйлады.

Жаңа кітапхананың цифр­лық жүйеге негізделуі білім алушы­лардың уақытын үнемдеп, ізденісін жеңілдетуге зор мүмкіндік береді. ID карталар арқылы қажетті кітапты өз бетінше тауып, қол­дану – уақыт талабына сай жасалған тиімді шешім.

– Кітапхана бір мезетте 100 адамға дейін қабылдап, сапалы қызмет көрсете алады. Қорында 200 мыңнан астам кітап бар. Негізгі залға Евней Арыстанұлы мен оқу ордасының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ғалымдардың портреттерін ілдік. Жоба бұған дейін универ­ситеттің 13 факультетінің үшеуін­де жүзеге асырылған. Бұл – төр­тін­шісі. Әрқайсысы бір-біріне ұқса­майтын стильде. Филология және философия факультетінде орналасқандықтан, этно-стиль таң­далды. Келесі кітапхана шет тілдері факультетінде жабдық­тал­мақ, – дейді университеттің ғылыми кітапхана директоры Гауһар Қуанышқызы.

Кітапхана сегіз бөліктен тұрады. Конференция залы, жеке жұмыс, сирек қор, мульти­медиялық ресурстар, этноаймақ, абоне­мент, кітап қоры және оқу залы. Әсіресе Wi-Fi желісімен қам­ты­лып, цифрлық жүйенің енгі­зілуі білім алушыларға таптырмас көмек. Ғылыммен айналысатын жандарға арналған сирек кітаптар қорында екі мыңға жуық кітап бар.

Белгілі кәсіпкер, атымтай азамат Ерлан Әшім «Қасым» кітап үйі басып шығарған кітаптарды жаңа кітапхана қорына сыйлады.

Сондай-ақ университетте «Алаш» коворкинг-орталығы ашыл­ды. Жаңа орталықта ыңғай­лы жұмыс аймағы, тегін Wi-Fi және дәмді кофехана қарастырылған. Мұнда студенттер оқу кездесуін өткі­зеді. Жобалармен жұмыс істейді әрі үзіліс кезінде демалу үшін таптырмас орын.

 

Қарағанды облысы