
Авторлық құқық «KEGOC» АҚ-ға тиесілі
«KEGOC» компаниясының қарамағында мыңдаған шақырымды құрайтын жоғары кернеулі электр желілері бар. Дәлірек айтқанда, Ұлттық электр торабын құрайтын, ұзындығы шамамен 27 мың шақырымнан астам 220–1150 кВ кернеулі электр желілері мен 83 қосалқы электр стансасы үздіксіз жұмыс істейді. Бұл электр желісінің сенімді жұмыс істеуі үшін компания жыл сайын жөндеу-пайдалану жұмыстарын жүргізеді.
Наурыз мейрамы қарсаңында «KEGOC» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақытхан Жазықбаевтың төрағалығымен өткен еңбек қауіпсіздігі және қауіпсіздік техникасы бойынша жиналыста өткен кезеңдегі жұмыстар қорытындыланып, кезекті маусымға дайындық барысы пысықталды.
«KEGOC» АҚ ұжымының үйлесімді жұмысының нәтижесінде, 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңді ойдағыдай сәтті өткердік. Еліміз қатаң континенттік климатымен ерекшеленеді, қысы суық, жазы ыстық. Яғни күзгі-қысқы кезең – энергетиктердің біліктілігі мен дайындығы сыналатын уақыт. Жылдар бойы жинақталған тәжірибе бен білімнің арқасында бұл жолғы қиын кезеңді де сәтті аяқтадық. Бір атап өтерлігі, биыл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны 54%-ға азайды. Бұл – 39 жағдай 18 жағдайға дейін қысқарды деген сөз. Ал электр энергиясын толымсыз босату көлемі 2,5 пайызға азайды», деп атап өтті Бақытхан Жазықбаев.
Биыл да күн жылына салысымен, сәуір айынан бастап «KEGOC» энергетиктері кезекті жөндеу науқанына кірісті. Әсіресе оңтүстік аймақтарда жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
«KEGOC» АҚ электр желілерін 2025-2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындау үшін биыл 99 электр желісі мен 43 қосалқы стансасы жабдығына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстары бекітілген жабдықтар мен әуе желілерін ажырату кестелеріне сәйкес жүргізіледі.
«Ең алдымен өндірістік қауіпсіздікті арттыруға баса назар аударамыз. «KEGOC» компаниясында еңбекті қорғаудың тиімді жүйесі құрылған. Оған басшылардың «Health & Safety» саласындағы жеке жауапкершілігі де кіреді. Бұл жүйе қызметкерлерге қауіпті жағдайлар анықталған жағдайда жұмысты тоқтату құқығын береді. Соның нәтижесінде жарақаттану және өлім-жітім көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді. Ал кейінгі 15 жылда бірде-бір өрт оқиғасы тіркелген жоқ. Бұл сөзімізге дәлел, кейінгі жылдары «KEGOC» өндірістік қауіпсіздік саласында «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниялары арасында көшбасшылардың қатарында келеді», дейді Бақытхан Жазықбаев.
«KEGOC» биылғы жөндеу жұмысын қазан айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Жөндеу жұмысының қорытындысы мен кезекті жылыту маусымына дайындығын растайтын паспорт беріледі. Ресми құжатты уәкілетті орган – Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті табыстайды. Бұл компанияның қысқы маусымға дайындығын көрсетеді.