
Ақтөбе қаласында өткен көрмеге қатысушылар жетекші отандық университеттер мен шетелдік жоғары оқу орындарының еліміздегі филиалдарының өкілдерімен бетпе-бет тілдесіп, оқуға түсу шарттары, білім бағдарламалары, 2025 жылғы ҰБТ ерекшеліктері, мемлекеттік гранттар туралы жан-жақты ақпарат алды. Көрме аясында оқушылар Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаевпен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханмен, MDSG жобасының батыс аймағындағы жоба жетекшісі Еркін Есеркеповпен кездесіп, кәсіби бағыт-бағдар алуға мүмкіндік алды. Мамандар оқушыларға мамандық таңдау мен болашақ білім жолын жоспарлау жөнінде құнды кеңестер берді.
Көрме одан кейін Атырау қаласында жалғасты. Бұл жолы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ұйымдастырылған іс-шараға алғашқы күні мыңнан астам оқушы мен ата-ана келіп, университет өкілдерімен жүздесті. «Атыраумен көршілес жатқан Ақтөбеде биыл екінші жыл қатарынан британдық Хериот-Уотт университеті 400-ге жуық студентке білім беріп жатыр. Осындай 20-дан астам шетелдік оқу орнының филиалдары және еліміздегі университеттердің өкілдері Атырауға келіп отыр. Басты мақсат – өңірдегі ата-аналар мен оқушыларға еліміздегі мүмкіндіктерді көрсету. Биыл министрлік Атырауға қосымша тағы да 500 грант бөліп отыр. Сондай-ақ талапкерлер шетелдік университеттердің филиалдарында мемлекеттік грант негізінде оқи алады», деді Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев.
Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан аумағынан шықпай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту. Қазіргі таңда еліміздің түрлі өңірлерінде әлемнің озық университеттерімен байланыс орнатылып, қос диплом негізінде білім алуға жол ашылған. Алдағы уақытта шетелдік оқу орындарының филиалдарын көбейту көзделіп отыр. Көрме аясында шетелдік университет филиалдарының артықшылықтарын түсіндіретін шеберлік сабақтары мен мамандық таңдауға бағыт беретін интерактивті кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар түрлі викториналық ойындар өтіп, оқушылар белсенділік танытты. Көрмеге келген Алмалы орта мектебінің оқушысы Ақтоты Бақтыбаева көп сұраққа жауап алғанын айтады. «2025 жылы Алмалы орта мектебін бітіремін. Көрмеде түрлі университеттердің ерекшеліктерін, басқа оқу орындарынан қандай айырмашылықтары бар екенін білдік. Сонымен қатар мемлекеттік білім гранты негізінде оқуға қойылатын талаптар туралы толық ақпарат алдық», деді.
«Study in Kazakhstan» көрмесі алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың білімге деген ынтасын арттырып, олардың дұрыс таңдау жасауына септігін тигізеді.