
Сурет: sports.ru
- Футболдан УЕФА Ұлттар лигасының төртінші турында еліміздің әйелдер құрамасы Армениямен шеберлік байқасты. «Астана Аренада» өткен матч 3:2 есебімен қыздарымыздың пайдасына шешілді. Әмина Байбосынова дубль авторы атанса, тағы бір голды Әйгерім Айтымова соқты. Осыған дейін жерлестеріміз Лихтенштейнді (4:0) ұтып, Армениядан (0:2) ұтылған. Люксембургке қарсы кездесу тең аяқталды (2:2).
- Нысана көздеуден Аргентина астанасы – Буэнос-Айресте өтіп жатқан Әлем кубогінде Никита Чирюкин жеңіс тұғырына сынық сүйем қалғанда сүрінді. 25 метрлік қашықтықтан тапанша атуда үндістандық Виджайвир Сидху, италиялық Рикардо Мазетти, қытайлық Юйхао Яннан қалып қойып, төртінші орынға табан тіреді.
- Осыдан біраз уақыт бұрын көркем гимнастикадан қазақтың атақты спортшысы Әлия Юсупова еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкерлік қызметінен өз еркімен кеткені белгілі. Кеше ғана республикамыздың бас командасының тізгінін кімнің ұстағаны белгілі болды. Ол – Лола Әділбекова. Лола 2002 жылы Пусанда алауы тұтанған Азия ойындарының командалық сайысында қола жүлдегер атанып, әлем чемпионатына қатысты. Бірқатар елішілік, халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырына көтерілді. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін, 2010 жылдан бері жаттықтырушылық қызметпен айналысып келеді. Шымкент қаласында еңбек еткен оның Елжана Тәниева, Даяна Әбдірбекова, Роза Әбитова, Милана Парфилова сынды шәкірттері көптеген дүбірлі додада дараланды.
- Малайзияда «World Junior Tennis Competition 14&under» турнирінің жеребесі тартылды. Азия мен Мұхит жағалауы аймағында сынға түсетін еліміздің жастар құрамасы Жапония, Иран, Индонезияға қарсы ойнайды. Бұл бәсекелер бүгін басталады. Аталған жарыста Ақмәди Маханов, Хакназар Жеткербай, Бексұлтан Бауыржанов ел намысын қорғайды.
- Бірінші орта салмақта жұдырықтасып жүрген қазақтың танымал кәсіпқой боксшысы Садриддин Ахмедов (15-0, 13 КО) 19 сәуірде АҚШ-тың Калифорния штатындағы Коммерс қаласында өтетін жарыстың басты жекпе-жегінде мексикалық Элиас Эспадаспен (23-6, 16 КО) айқасады.
- Гонгконгта үшсайыстың спринт түрінен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, жарыс жерлестеріміз үшін сәтсіз аяқталды. Ең үздік көрсеткішке Егор Крупяков қол жеткізіп, 8-орынға тұрақтады. Өзге спортшыларымыздың көрсеткіштері: Темірлан Теміров – 15, Аян Бейсенбаев – 16, Дарын Қонысбаев – 17, Арлан Жаңабай – 18, Диана Ержанова – 19, Александр Тен – 25, Мейірлан Ысқақов – 29, Милена Саприна – 17-орын.
- Қытайдың Уси қаласында семсерлесуден жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем біріншілігі басталды. Дүбірлі додада ел намысын мына спортшылар қорғайды: қылыш – Полина Ко, Наргиз Сайдуллаева, Әдемі Серікбай, Қайша Жәнібек, Сұлтан Асылбеков, Қайназар Нұркатұлы, Сұлтан Станбек, Нұрмұхаммед Жайлыбай, Ильяс Нариман. Шпага – Наталья Зинякова, Богдан Лукин, Кирилл Проходов, Нұржан Әбжанов, Георгий Тинников, Габидин Мұстафин. Рапира – София Ақтаева, Полина Долгополова, Алёна Гноева, Алина Искандерова, Тимофей Семенов, Мансұр Естеу, Владислав Бидарев, Диас Есіркепов. Жасөспірімдер бәсекесінде Владислав Бидарев, Мансұр Естеу, Диас Есіркепов, Інжу Сәтімбек, Алуа Мұқанова (рапира), Ұлпан Мәжит, Дарья Макарова, Айбар Қайым, Ерхан Қараман, Қанағат Шерімге (қылыш) сенім артылып отыр.