
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің деректеріне сүйенсек, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда колледждерді жабдықтау, педагогтердің біліктілігін арттыру бірінші кезекте тұр. Мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту, білім беру бағдарламасына үздік халықаралық тәжірибені енгізу, кәсіби шеберлік чемпионатын өткізу, мұнымен қоса кәсіпорындардың нысаналы тапсырыс негізінде дуалды оқыту, инвесторлар мен бизнес құрылымдарды тарту кәсіптік-техникалық білімнің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Алматыдағы Архитектура, дизайн және инженерия колледжі директорының орынбасары Талғат Айтжанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жұмысшы мамандықтары жылының» жариялануы кәсіптік техникалық білім беру саласына үлкен серпіліс беретінін жеткізді. Еңбек адамының қоғамдағы рөлін арттырып, бәсекеге қабілетті жұмысшы мамандарды даярлауға ықпал етіп, жұмысшы мамандығына бетбұрыс бәсекеге қабілетті мамандармен қамтуға мүмкіндік береді. Кәсіптік-техникалық білім беру саласының жаңғыруына, реформалануына кеңінен жол ашады. Жастарды еңбекқорлыққа, өз ісін құрметтеп, қадірлеуге үндейді. Бүгінде жұмысшы мамандығының мәртебесі қоғамда мүлдем төмендеп кеткендіктен, құрылысшы, электрик, сантехник сияқты мамандықтар жастар арасында сұранысқа ие болмай қалды. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025–2027 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Аймақтар бойынша кешенді жоспар белгіленді.
«Алматы қаласындағы колледждер де оқу бағдарламасын жетілдіріп, кәсіпорындарымен байланысты арттыруға күш салып жатыр. Біліктілігі жоғары мамандарды даярлау үшін өндірістен кәсіби мамандарды оқу үрдісіне тарту өзекті мәселенің бірі. Егер де еңбек нарығына сұранысқа ие мамандар әзірлеуді мақсат ететін болсақ, онда өндірістік оқыту шеберлерінің еңбекақысын көтеру керек. Яғни өндіріске баратын болашақтың мамандары игеретін дағды кәсіби мамандардың біліктілігіне байланысты. Тәлімгерлік бағдарламасын енгізу арқылы дуалды білім беру тетігі де қайта қарастырылып жатыр. Студенттер мол тәжірибе жинақтауы үшін әкімдік тарапынан өндірістік тәжірибелі шеберлер еңбегін қаржыландыруға біртіндеп көңіл бөліне бастады. Алматы әкімдігінің қолдауымен мамандарды шетелдерде тәжірибеден өткізу ісі кейінгі жылдары қолға алынып, жалғасын тауып келеді. Мамандар Еуропа елдерінде, Сингапур, Малайзия, Қытайдың озық білім орталықтарына барып, цифрландыру жасанды интеллект дағдыларын игеріп, еліміздің білім беру үрдісіне енгізіп отыр. Жаңа мамандықтар атласының қабылдануы да осы бағыттағы маңызды қадамның бірі», дейді ол.
Талғат Айтжановтың пікірінше, жұмыс күшін шетелден тартып, оларды оқытудың қосымша шығын екенін түсіне бастаған бизнес қауымдастық колледждермен бірлесіп, білім бағдарламаларын әзірлеуге бет бұрды. Ал студенттердің уақтылы тәжірибеден өтіп, тұрақтап қалуы оқу орнының ғана емес, кәсіпорынның да жоғары беделін көрсетеді. Қазіргі жағдайда инженер педагогикалық кадрлардың еңбекқысын көтеру, колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, мамандардың біліктілігін арттыру бірінші кезекте тұр.
Нарықтың қазіргі талаптарына сай жаңа буын мамандарын қалыптастыру бағытында жұмыс істеп жатқан «Alem school» бағдарламалау мектебінің басқарма төрағасы Ермек Күзенбаев ел экономикасының технологиялық трансформациясы жағдайында білікті мамандарды даярлау ерекше маңызға ие екенін айтты.
– Бүгінде республикада 700-ден аса техникалық және кәсіптік білім беру орындарында 500 мыңнан астам студент оқиды. Бұл ел экономикасы үшін қуатты кадрлық база. Айтарлықтай күш-жігеріне қарамастан, түлектер даярлығы қоғам мен экономиканың өзекті талаптарына үнемі сәйкес келе бермейтінін көріп отырмыз. Еңбек нарығы түлектерге жаңа талаптар жүктеп отыр. Өндірістік автоматтандыру, жасанды интеллект, цифрлық сауда, киберқауіпсіздік және басқа да жоғары технологиялық салалардың дамуы жаңа құзыреттерді қажет етеді. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай жыл сайын кадр қажеттілігі 250 мыңнан асуы мүмкін. Осы сұранысқа ие кәсіптердің 70 пайыздан астамы ТжКБ жүйесіне тиесілі. Бұл оның стратегиялық рөлін көрсетеді. Негізгі мәселе мамандардың құзыретіне қойылатын талаптар оқу бағдарламаларына қарағанда айтарлықтай жылдам өзгеруімен байланысты. Сондықтан заманауи кәсіпорындарға өнеркәсіптік автоматтандыру, үлкен деректермен жұмыс істеу, киберқауіпсіздік, 3D басып шығару және тағы басқа дағдылары бар жаңа типтегі кадрлар қажет. Бүгінде аталған салаларда білікті түлектердің тапшылығы байқалады. Осы жағдайға жауап ретінде білім беру бағдарламаларына тиісті сараптама жүйесі енгізіліп, білім беру бағдарламаларының реестрі қалыптасты. Жаңа кәсіптер атласы әзірленіп, «Smart College» цифрлық экожүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде республикада жұмыс берушілерді бағдарламаларды әзірлеуге жүйелі түрде тарту, дуалды оқытуды дамыту және «City&Guilds», «NCCER», «OPITO» сияқты халықаралық салалық стандарттарды кеңінен енгізу – білікті кадрлар даярлаудағы ең маңызды мәселе, – деді сарапшы.
Бүгінде заманауи жұмысшы мамандықтарын даярлауды ресурстық қамтамасыз етудің рөлі айрықша. Оқу жабдықтары, цифрлық платформа, өндірістік практика – мұның бәрі қосымша қаржыны талап етеді. Кадр даярлауда нәтижелілікке, тиімділікке қол жеткізуде жаңа қаржыландыру моделін енгізу көзделді. Бұл тәсіл қаражат көлемін ұлғайып, сапа бәсекелестігін ынталандыруға мүмкіндік береді. Сондықтан аймақтық және салалық айырмашылықтарды ескере отырып, қаржыландырудың жаңа моделін бүкіл жүйеге енгізу қажет. Жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін ұлғайту, индустрияландырудың бірыңғай картасы шеңберінде материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға жобалық қаржыландыру тетігін енгізу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламалары арқылы бизнесті қаржыландыруға қосу да қажеттіліктен туындайды.
– Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тиісті сала немесе бизнес мамандарды даярлауда шешуші рөл атқарады. Бұл ретте ОЭСР елдерінің озық тәжірибесін алуға болады. Елімізде Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Финляндия, Сингапур және басқа дамыған елдердің моделі негізінде мысалы, «City&Guilds», «NCCER», «OPITO» салалық және Ұлыбританияның «BTEC» жүйесі сияқты салалық халықаралық стандарттарды енгізу қажет. Колледждер студенттердің икемді дағдыларына аса мән беруі маңызды. Себебі жұмыс берушілер тарапынан икемді дағдылар түлектердің жұмысқа орналасуындағы негізгі талаптардың бірі. Осы ретте білікті кадрлар даярлауда макроөңірлердегі құзыреттілік орталықтары ретінде халықаралық аккредиттелген тірек колледждер желісін дамыту, Ұлттық аккредиттеу және сертификаттау жүйесіне халықаралық салалық стандарттарды енгізу, шетелдік оқу орындарымен және сертификаттаушы ұйымдармен «қос диплом» бағдарламасын және халықаралық жүйелерге негізделген оқыту сапасының стандартталған мониторингі жүйесін дамыту уақыт талабынан туындап отыр. Сонымен бірге, жоғары оқу орындарында оқу мерзімін қысқартуды ескере отырып, «жұмысшы мамандығынан бакалаврға дейін» мансаптық тіректі енгізу қажет, – деді Е.Күзенбаев.
Бүгінде оқыту шеберлері жалақысының төмендігі өндірістегі білікті мамандарды педагогика саласына ынталандырмай отыр. Сарапшы атап өткендей, бұл өндірістік оқыту шеберлерін жігерлендірудің жеткіліксіздігіне әкеліп отыр. Әсіресе ірі бизнес жоқ аймақтарда өндірістік базалардың шектеулігі, студенттерді практикаға немесе тағылымдамаға қабылдау бойынша кәсіпорындарда міндеттемелердің болмауы, әсіресе түлектердің мансаптық мониторингі бөлігінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жүйесінің әлсіздігі, бірыңғай тағылымдама стандарттар, жүйелік цифрлық жұмыспен қамту платформасының болмауы өзекті. Осыған байланысты бірқатар колледжде оффтейк-келісімшарт енгізіліп жатыр. Түлектердің траекториясын қадағалауды қамтитын «Smart College» жүйесі қалыптасып, тәлімгерлік жүйесі және оқытушыларды халықаралық стандарттар бойынша сертификаттау ісі дамып келеді. Осы орайда шеберлерге еңбекақы төлеу жүйесін салалық коэффициенттер мен біліктіліктерге байланыстыра отырып қайта қарауды ұсына отырып, сарапшы былай дейді: Техникалық және кәсіптік білім беру түлектерінің мансаптық траекторияларын қадағалаудың және дайындықтың нақты жұмыс орындарына сәйкестігін талдаудың цифрлық платформасын әзірлеу өзекті. Колледждер мен жұмыс берушілерді, әсіресе ұлттық жобалар мен индустриялық аймақтар шеңберінде біріктіретін Өңірлік кадр орталықтарын құрумен қатар халықаралық стандарт бойынша педагогтер мен тәлімгерлерді сертификаттауды жүйелі қолдау, сондай-ақ оларды ішкі аттестаттаудан босату қажет. Техникалық және кәсіптік білім беру – кадрлармен қамту ғана емес, өңірлік экономика мен әлеуметтік тұрақтылығының негізі.
АЛМАТЫ