
Бүгінде Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында мәдени бастамаларды бірлесе дамытуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алатын халықтар арасындағы өзара ықпалдастықты, тарихи мұраны насихаттау, мәдени байланыстарды нығайту және елдер арасындағы халықаралық тәжірибе алмасуды ілгерілету. Осы мақсатта қанат қаққан өнер жәрмеңкесі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының құрылғанына 70 жыл толуы қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
Көрмеде Шыңжаңның көркем келбетіне арналған қытай кескіндемесінің 40-қа жуық туындысы ұсынылған. Жұмыстардың арасында көрермен назарына әсем табиғат көріністері – ормандар, жайылымдар, Памир тау жоталары, ауыл тіршілігі, Үрімжі өзендері мен аңғарлары, сондай-ақ адам еңбегі мен күнделікті өмір пейзаждары көрініс тапқан.
Көрмеде ұсынылатын көркем туындылар – бұл Қытайдың Шыңжаң өлкесіне жасалатын сапар, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы өзара байланыс. Шыңжаң – Қытайды батыспен байланыстыратын басты қақпа, сонымен қатар орталық аймақтар Жібек жолының экономикалық белдеуі. Қазақстан мен Қытайдың мәдениет алмасу тарихы терең, әрі ынтымақтастықты дамытуға мол мүмкіндік бар. 2025–2026 жылдар Қытай мен Орталық Азия арасындағы жоғары сапалы әріптестікті дамытудың жылы деп жарияланды. 2025 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының құрылғанына 70 жыл толып отыр. Аталған көрме Шыңжаңның көркемдік қуатын паш етеді. Ол Шыңжаңдағы түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі мен табанды еңбегін бейнелеп қана қоймай, жаңа өмірге деген ұмтылысты – экономикалық және әлеуметтік даму, тұрмыс сапасының жақсаруы, мәдени өркендеу мен көркем табиғи ортаның үйлесімін айқын көрсетеді. Сонымен бірге, бұл көрме Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ашықтықты кеңейтіп, бірлесе «Азия – Еуропа алтын дәлізін» құру, сондай-ақ жоғары сапалы даму арқылы ортақ жаңғыруды ілгерілету бағытындағы жарқын болашақты да рухани тұрғыда сезіндіреді», - дейді ҚР Мемлекеттік орталық музейі сыртқы байланыстар бөлімінің жетекшісі Анна Кущенко.
Мәдени оқиғаның жоғары деңгейде өтуіне Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы, Бүкілқытайлық мәдениет және өнер қызметкерлері қауымдастығы және ШҰАР мәдениет және өнер қызметкерлерінің қауымдастығы мұрындық болған.