
Елімізден жаһандық додаға 11 боксшы қатысып, 3 алтын, 3 қола медаль олжалады. Ерлер додасында Нұрсұлтан Алтынбек талантымен көзге түсті. 55 кг салмақта жекпе-жек өткізген жерлесіміз финалдық тартыста әлем чемпионы, өзбекстандық Миразизбек Мирзахалиловтан басым түсіп, әлем кубогінің иегері атанды. 85 кг салмақта Дәулет Төлемісов финалдық жекпе-жекте өзбек боксшысы Акмолжон Исроиловты жеңді. Жартылай финалда Дәулет франциялық спортшы Абдулла Траориді 2-раундта нокаутпен ұтқан еді.
Ерлер командасына қос алтынға қоса екі қола медаль бұйырды. Диас Молжігітов (80 кг) жартылай финалдық жекпе-жекте Өзбекстан үміті Жавохир Умматалиевке есе жіберсе, Даниял Сапарбай да (+ 90 кг) өзбекстандық Жахонгир Зокировтен аса алмады.
Әйелдер арасындағы тартыста Жазира Орақбаева (51 кг) тәжірибелі боксшы екенін дәлелдеп алтын медаль еншіледі. Жартылай финалда польшалық Наталья Кузевсканы жеңді. Италиялық боксшы Элен Лучия Аяри финалдық жекпе-жектен бас тартып, жерлесіміз жеңімпаз деп танылды. 57 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен боксшымыз Ұлжан Сәрсенбек жартылай финалда поляк қызы Юлия Шереметадан аса алмады.
- 9-15 сәуір аралығында Шотландияның Дамфрис қаласында шайбалы хоккейден ІВ дивизонындағы әлем чемпионаты өтеді. Жерлестеріміз тұсаукесер кездесуін Оңтүстік Кореяға қарсы өткізеді. Одан кейін Италия (10 сәуір), Ұлыбритания (12 сәуір), Латвия (13 сәуір), Слованиямен (15 сәуір) сайысқа түседі. Осылардың арасынан озып шыққан жалғыз ғана команда келесі маусымда ІА дивизионында күш сынасу құқығына ие болады.
- ФИФА-ның рейтингі жаңартылды. Футболдан ұлттық құрамалар арасындағы көшбасшы өзгерген жоқ. Аргентина (1886,16 ұпай) әлі де алда келеді. Екінші, үшінші орында – Испания (1854,64) мен Франция (1852,71). Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарына Англия (1819,2), Бразилия (1776,03), Нидерланд (1752,44), Португалия (1750,08), Бельгия (1735,75), Италия (1718,31), Германия (1716,98) еніп отыр. Еліміздің құрамасы өткен аймен салыстырғанда тағы үш сатыға, 113-орынға (1177,66) сырғыды. Салыстырмалы түрде алсақ, Өзбекстан (57-орын) мен Қырғызстан (103-орын), тіптен Тәжікстанның (104-орын) өзі жерлестерімізден жоғары тұр.
- Малайзияның Кичинг қаласында «World Junior Tennis Competition 14&under» турнирі мәреге жетті. Азия және Мұхит жағалауы аймағы бойынша әлем біріншілігінің іріктеу сайысы саналатын жарыста еліміздің жас теннисшілері табысты өнер көрсетті. D тобындағы қыздарымыз Өзбекстан (3:0), Иран (3:0), Аустралия (2:1) құрамаларын қапы қалдырып, бірінші орынды иеленді. Жасыл құрлық өкілдеріне қарсы өткен шешуші бәсекеде Ясмин Дүйсембаева мен Тамина Сәкен жеңіске жетсе, Мариям Нұржан мен Ясмин Дүйсембаева жұптық ойында есе жіберді. Ширек финалдық сайыста жерлестеріміз Оңтүстік Корея құрамасымен шеберлік байқасады.
- Аргентина астанасы – Буэнос-Айресте нысана көздеуден Әлем кубогінің кезеңдік сайысы өтіп жатыр. Жарыста еліміздің намысын Валерий Рақымжан, Арина Алтухова, Елизавета Безрукова, Никита Чирюкин, Елдар Иманқұлов, Артемий Кабаков, Александра Ле, Константин Малиновский, Ислам Сәтпаев, Валерия Попелова, Никита Шахторин, София Шульженко, Ирина Юнусметова, Руслан Юнусметов сынды спортшылар қорғайды. А.Алтухова 50 метр қашықтықтан көздеп атуда 445,9 ұпай жинап, қола медаль олжалады. Алтынды 458,6 ұпай алған үндістандық Каур Самра еншілесе, күміс жүлде германиялық Анита Мангольдке (455,3) бұйырды.
- Дінмұхаммед Райымқұлов фриастайл-акробатикадан Еуропа кубогінде табысты өнер көрсетті. Швейцарияның Айролода қаласында өткен құрлық додасында жерлесіміз 1 алтын, 1 күміс медаль иеленді. Сайыстың бірінші күні 86,58 ұпай жинап, күмісті қанағат тұтты. Алтын медаль 93,6 ұпай алған украиналық Максим Кузнецовке бұйырған еді. Сайыстың екінші күні Д.Райымқұлов 96,58 ұпаймен Еуропа кубогінің алтынын еншіледі.