Тағзым • 04 Сәуір, 2025

Нұрғисаның ғасырлық дастаны

22 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таланттан биік ұғым болса, оны әлемдік көкжиекте данышпандық, деп атап жүр. Сондай асқан таланттың бірегейі – Нұрғиса Тілендиевтің ғасырлық мерейтойына орай «Әлқисса – Нұрғиса» атты концерт Астанада өтті. Тұтас ғасырлар көрінісін ­сипаттайтын әндер мен күйлер көрерменге жоғарғы эстетикалық көңіл күй сыйлады.

Нұрғисаның ғасырлық дастаны

Дегдар ком­пози­тор­дың мерейтойына арналған концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Светлана Айтбаева, Азамат Жыл­тыркөзов, Жұбаныш Жек­­сенұлы, Нұржан Жан­пейісов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Феруза Рах­ме­това, Артур Ғабдиев, Расул Жар­­ма­­ғамбет, Нұрғалым Аман­­бай, Фархад Көбеев, Наз­ер­ке Өмір­баева қатысып, өнер көр­­сетті. Сонымен бірге ком­позитордың жиен немересі – Даяна Тілендиева, Қазыбек Құ­райыш, Н.Тілендиев атын­дағы мемлекеттік акаде­мия­­лық, фольклорлы-этно­гра­фиялық «Оты­рар сазы» оркестрі, Е.Рах­мадиев атын­да­ғы мемлекеттік академия­лық филар­мо­ния­ның симфо­ниялық ор­кес­трі, Б.Бай­қадамов атын­­­дағы мем­­лекеттік хор ка­­пел­­ласы қатысты.

– Әкем 70-ке толғанда мерейтойы 1995 жылы Опера және балет театрында өткен. Ол кезде мен 10 жаста болатынмын. Дүркіретіп тойын өткізіп едік, биыл да мерейтойлық кешке көптен дайындалып келдік. Бүгінгі концерт өте ерекше болды. Керемет әншілер әкемнің әйгілі әндерін нақышына кел­тіріп орындап шықты. «Құс­тар әні», «Өз елім» әндері бү­кіл халыққа тараған, тіпті халық әндері болып кеткені елге мәлім, – деді Н.Тілендиев атын­дағы академиялық фоль­клор­лы-этнографиялық «Оты­рар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі Дінзухра Тілендиева.

Күйші-композитордың өзі негізін салып кеткен «Отырар сазы» оркестрі Н.Тілендиев­тің 20-ға жуық күйлері мен ән­дерін орындады. Оның бас дирижері және көркемдік же­текшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Нұрғисақызы. Со­нымен қатар екінші дирижер ретінде Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Жалғасбек Бегіндіков өнер көрсетті. Оркестр кон­цертті композитордың «Ата толғауы» күйімен бастап, одан әрі саз иесі ұлтымыздың белгілі ақын­дарының өлеңіне жазған «Жан сәулем», «Абай табиғаты», «Есіңе мені алғайсың», «Өз елім», «Қарлығаштар», «Куә бол», «Дариға, домбырамды берші маған!», «Әкеме», «Әже­ме», «Жүрегім менің», «Ақ құ­сым», «Алатау» әндерін орында­ды.

Ән-күй өнерінің данышпаны қазақ халқының музыка мәдениетін әлемдік деңгейге көтергені даусыз. Бүгін­де ком­позитордың мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешімімен халық­­аралық мерекелік іс-ша­ра­лар тізіміне еніп, әлемдік ауқымда аталып өтіледі.

«Әлқисса – Нұрғиса» – ғасыр­лық мерейтойлардың ресми бастамасы, беташары іспетті. Тұтас ғұмырын өнер жолына арнаған дауылпаз Нұрғиса 500-ден астам музыкалық еңбекті ұлтына мұра етсе, оның ішінде әндер мен күйлерден бөлек, ­балет, пьеса, опера, фильмдерге жа­зылған музыкалар мен увертюралар, элегиялар мен поэ­малар, контаталары бар. Дара талант сонымен бірге еліміздің Ал­тын қорына енген 20-дан ас­там кинотуындыға музыка жазған.

Концерт барысында күй­шінің «Махамбет», «Әлқисса», «Ұлы той», «Аққу» сынды елге танымал күйлері де орындалды. Кеш соңы көпшіліктің бірге шырқауымен «Құстар қайтып барады» әнімен қоры­тындыланды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қол­дауымен өткен концертте сахнаға Президент атынан ықы­лас гүлі әкелінді.