
Алматыдан ат арытып келген мамандар және облыстық клиникалық ауруханасының дәрігерлері Ордабасы аудандық орталық ауруханасында науқастарды қабылдап жатыр. Мамандардың мақсаты – тұрғындарға ұйымдастырушылық-әдістемелік және консультациялық көмек көрсету. Құрамында кардиолог, кардиохирург, гепатолог, нефролог, аритмолог сынды жоғары білікті дәрігерлер мен жүректің ультрадыбыстық зерттеу маманы бар жұмыс тобының көмегіне жүгінушілер де аз емес. Мысалы, таңнан басталған қабылдау уақытының бір сағатында 50-ден астам науқас тіркеліп, 17 адам тексеруден өтті. Яғни сапалы медициналық қызметке деген сұраныс жоғары. Тұрғындарға көрсетілетін көмек тек диагностикамен шектелмей, дәрігерлер емдеу мен алдын алу шараларын түсіндіріп, жүрек-қан тамырлары, бүйрек және бауыр аурулары бойынша кеңестер беріп жатыр.
Осылайша алматылық мамандар бір жағынан науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетіп, екінші жағынан, жергілікті дәрігерлердің тәжірибе жинақтап, жаңа технологияларды меңгеруіне мүмкіндік жасап отыр. Алдағы уақытта мұндай шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылмақ.
Түркістан облысы