
Сурет: business-vector.info
Жәйрем кентінде биыл пайдалануға берілетін бір коммерциялық үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Өңірде халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасыларға өткен жылы 80 пәтер берілсе, биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында республикалық бюджет есебінен тағы 40 пәтер иелерін тапты. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Қаражал қаласының тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді.
Биыл республикалық бюджет есебінен Қаражал қаласында қосымша 10 пәтер сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар 96 пәтерді сатып алуға 1,4 млрд теңгеге өтінім беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. 2026–2028 жылдары Қаражалда 100-ден астам бір қабатты, екіпәтерлі үйлер салу жоспарланған. Бұл жоба халықтың әлеуметтік осал топтарынан 200-ге жуық отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қаражал қаласының Тәуелсіздік көшесі бойындағы 12-үйде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен жалпы құны 2,8 млрд теңгені құрайтын 6 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасы іске асырыла бастады. Жоба 25 көпқабатты үйді (719 пәтер), 373 жеке тұрғын үйді инженерлік желілермен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қаражалдағы жеке тұрғын үйлерге, 89 учаскеге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге облыстық бюджеттен 55 млн теңге бөлінді. Жалпы, өңірде тұрғын үй құрылысына 3,8 млрд теңге қарастырылып, оның ішінде Қаражал қаласына 200 млн теңге көзделген. Сонымен қатар Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде автомобиль көлігіне арналған автотұрақ құрылысы жүріп жатыр. Жобаға облыстық бюджеттен 512 млн теңге қарастырылған. Жәйремдегі автотұрақ құрылысын аяқтау мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігіне қосымша қаражат бөлуге өтінім берілді.
Ұлытау облысы