Аймақтар • 02 Сәуір, 2025

«Ekin patrol» ереже елемегенді аямайды

44 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды көшелерінде жол ережесін бұзғандарды тоқтатып жатпай-ақ, автоматты түрде айыппұл ресімдеп кете беретін патрульдік полиция көліктері көбейе бастады. «Ekin patrol» деп аталатын бұл жүйе ереже елемегендерді аямайды.

«Ekin patrol» ереже елемегенді аямайды

Сурет: iagorod.kz

Облыстық полиция департаментінде бақылау камерасы барынша көп мұндай патруль көлігінің саны 11 еді. Биылдан бастап тағы 17 «ekin patrol» жолға шықты.

Бұл ақылды полицей көлігі көбіне республикалық маңызы бар Қарағанды-Балқаш, Қарағанды – Жезқазған, Астана – Қарағанды бағытында және Қарағанды – Қарқаралы, Теміртау, Шахтинск тасжолдарында жүреді.

– Былтыр 15 мыңнан аса құқық бұзу­шылық тіркелді. Биыл ақылды патруль көлігі тіпті көбейді. Тоғыз камералы кешен көлік үстіндегі түрлі-түсті жарқылдатқыш құрылғысына орнатылған. Жол апаты көбіне жылдамдықты шектен тыс асырудан орын алады. Бұған қоса жолдың қарсы бетіне шығып кететіндер де көп. Мұндай ақылды кешенді орнатуымыздың басты мақсаты – сол жол-көлік оқиғаларының алдын алу, – дейді облыстық полиция де­партаменті әкімшілік полиция басқар­масының аға инспекторы Рүстем Әденов.

Ережені елемейтіндер әлі де жетіп артылады. Қаладағы көлік қозғалысын бақы­лайтын қырағы камералар көбейсе де көлік апаты азаймай тұр. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров жыл басталғалы бері облыс жолдарында 44 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 адам қаза тауып, 58 адам түрлі жарақат алғанын айтады. Соның алдын алу үшін ақылды кешен орнатқан патруль көлігінің санын көбейтіп отыр.

«Ekin patrol» деп аталатын бұл жүйе – айналасына «мен келе жатырмын» деп белгі беретін жарқылдатқышқа орна­тыл­ған «ақылды» қондырғы. Оның камерасы 360 градусқа дейін шолып, өзінен 70 метрге дейінгі қашықтағы автокөліктің нөмірін жазып алады. Көлік үстіндегі «ақылды» камералар автоматты және нақ­ты уақыт режімін­де бірдей жұмыс іс­тей­ді. Жол тәртібінің бұзылғаны туралы мә­ліметтердің бәрін жүргізушінің қаже­тінсіз бірден дерек­қорға жіберіп отырады.

– Бақылау жүйесі алды-артындағы жылдамдық мөлшерін асырған машиналарды жазып алып отырады және іздеудегі автокөліктерді анықтайды. Радары 120 метрге дейінгі радиуста жұмыс атқарады. Бұған қоса 70 метрге дейінгі көліктерді анық көре алады, – дейді Р.Әбенов.

Аға инспектордың айтуынша, жаңа патруль жол бойында дұрыс тұрмаған кө­лікті де, жолдағы жолақтан асып кеткен немесе қызыл белгіге өтіп кеткен көлік­ті де «шарт» еткізіп түсіріп алады. Жыл­жы­ма­лы бақылау жүйесінің басқа камералар­дан басты ерекшелігі – қаланың кез келген көшесінде тәулік сайын кезекшілік етеді.

Енді жол ережесін өрескел бұзатындар азаяды. Айтпай келген айыппұлға қалта­сын кім қақтыра берсін? Көлік жүргізу­ші­лердің көбі жол бойындағы бір орында ілі­ніп тұрған камералардың жанынан өт­кенде ғана ереже сақтайды, ал жылжы­ма­лы камера кез келген жерде абайлап, ере­жені барынша ескеріп жүруге үйретеді.

Қарағанды облысының полиция депар­таменті бастығының бірінші орынбасары Жай­қайрат Қайыровтың айтуынша, осы жылды Ішкі істер министрлігі «Профи­лактика жылы» деп бекітіпті. Соған орай Қара­ғандыда жол қауіпсіздігін қадағалау мақса­тында түрлі іс-шара үздіксіз өтіп тұрады.

– Жол қозғалысын үнемі қадағалау үшін полиция департаменті ақпан айында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Іс-шара кезінде облыс жолдарында полиция жасақтарының саны артып, тәртіп сақшылары рейд жүргізді. Мұндағы мақ­сат – көлік құралдары иелерінің тәр­тіп­ті сақтауы. «Заң мен тәртіп» қағи­да­тын баршамыз ұстануымыз керек. Полицияның жұмысына енгізіліп жатқан жаңашылдықтар халық­тың тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін тиіс­ті деңгейде қамтамасыз етеді. Қабылдан­ған шаралар жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға септігі тиеді. Патрульдік мін­дет­терді оңтайландыру арқылы құқық қор­ғау органдары қызметкерлерінің жұмы­сы жаңа деңгейге көтеріледі. Сондай-ақ полиция қызметін автоматтандыруға, полиция жұмысын бақылауға, деректерге қолже­тімділікті, басқарушылықты, диспетчерлеуді жақсартуға көмектеседі. Ал тәртіп сақшы­лары өз кезегінде халық­тың мүддесіне адал қызмет етеді, – дейді Ж.Қайыров.

 

Қарағанды облысы