
- Швейцарияның Энгадин қаласында фристайл-акробатикадан әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні Аяна Жолдас, Дінмұхаммед Райымқұлов, Асан Асылхан аралас командалық сайысты жетінші орынмен қорытындылады. Бас жүлде АҚШ-қа бұйырды, күміс пен қола медальді Украина мен Швейцария еншіледі.
- Германияның Штутгарт қаласында өткен турнирде гимнаст Зейнолла Ыдырысов асқан шеберлігімен көзге түсті. «Ат» жаттығуында 14,066 ұпай жинап, бас жүлдені олжалады. Екінші, үшінші орындарды италиялық Эдоардо Де Россо (13,966) мен жапониялық Рёсуке Доиге (13,766) иеленді.
- Еліміздің теннисшісі Дмитрий Попко Мексиканың Морелия қаласында өткен ATP Challenger 125 турнирінде топ жарды. Әлемдік рейтингте 245-орынға тұрған жерлесіміз финалда тізімде 95-сатыға жайғасқан Аустралияның өкілі Джеймс Даквортты ұтты. 1 сағат 47 минутқа созылған сайыс 1:6, 6:2, 6:4 есебімен аяқталды. Бәсеке барысында Д.Попко сегіз эйс жасап, алты брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.
- Футзалдан жастар арасындағы Еуропа чемпионатының (U-19) іріктеу турнирінде еліміздің құрамасы Францияға есе жіберді. Португалияда өткен матч 1:3 есебімен аяқталды. Жеңімпаздар қатарынан Юнес Оубрик, Эюбе Мохамед Адам, Элиотт Кольски гол соқса, жерлестеріміздің арасынан Әләзиз Камалов мергендік танытты. Пауло Рикардо Кака жаттықтыратын команда бүгін Португалиямен кездеседі, ертең Беларуське қарсы ойнайды.