Қоғам • 01 Сәуір, 2025

Алдымызда AI-ассистенттерін құру міндеті тұр - вице-министр

67 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылғы 1 сәуірде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин елімізде суперкомпьютерді қалай қолданылатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алдымызда  AI-ассистенттерін құру міндеті тұр - вице-министр

Фото: iStock

Вице-министрдің айтуынша, суперкомпьютер — бұл түрлі серверлер мен деректерді сақтау жүйелерінің жинағы. Бұл есептеуіш машина GPU (Graphics Processing Unit, графикалық процессор) негізінде жұмыс істейді және нейрондық желі мен жасанды интеллект моделін қамтиды.

«Құрылғылар сатып алынды, алғашқы пилоттық базалық қызметтер, мысалы, eGov.AI осы өнімде тексеріледі. eOtinish арқылы үлкен деректерді өңдеу анализі тағы да сынақтан өтіп жатыр. Қазіргі таңда Әділет министрлігімен бірге заңнама бойынша кеңес беретін бот пен AI-ассистентті де сынақтан өткізіп жатырмыз», деді Ростислав Коняшкин.

Вице-министр атап өткендей, мемлекеттік органдарда интеллектуалды көмекшілерді толыққанды енгізу үшін үлкен ресурстар қажет. Осы жылдың соңына дейін бірнеше жабдықты жеткізу жоспарланған, оның ішінде жасанды интеллект үшін серверлер мен жабдықтарды дамытуда көшбасшы Nvidia компаниясының озық шешімдері бар.

«Біздің алдымызда әртүрлі салаларда 50 AI-агенті мен AI-ассистенттерін құру міндеті тұр. Қазіргі таңда мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы AI-агенттер мен AI-ассистенттердің картасы әзірленді. Олар арқылы азаматтар мен бизнес үшін мүмкіндігінше көп қызметтерді қамту көзделді. Біз оның азаматтар мен бизнес үшін тиімділігін және пайдасын, сондай-ақ мемлекеттік сектордағы процестерді оңайлату мен бюрократиядан арылту мәселесін түсінуіміз қажет», деп түйіндеді вице-министр.

Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев суперкомпьютерді құру күрделі міндет екенін және қажетті чиптерді сатып алу қиынға соғатынын мәлімдеген болатын.