Басылым • 07 Наурыз, 2025

Гонконг журналы Ұлықбек ақын туралы

161 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кейінгі кездері еліміздің әдеби тыныс-тіршілігінде айтарлықтай жаңалықтар бар. Соның бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулеттің өмірбаяны мен суреті «Гонконг әдебиеті мен өнері» журналының мұқабасына басылыпты. Аталған алпауыт басылым 2025 жылдың бірінші санын Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылығын насихаттаумен бастағаны – әдебиетіміз үшін үлкен жаңалық.

Гонконг журналы Ұлықбек ақын туралы

Қазақ поэзиясынан ойып орын алған ақын­ның сонау алыстағы, Гонконгтағы әдеби басылымда есімі аталып жат­қаны ұлт әдебиетінің керегесі кеңге жайыла бастағанының белгісі-дүр. Журнал мұқабасында «Ұлық­бек Есдәулет – қазақ ақыны, жазушысы және аудармашысы. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Оның шығармашылығы философиялық және әлеуметтік мәселелерді қамтитын кең ауқымды тақырыптарды қозғайды. Шығармалары көптеген тілге аударылған» деген түсінік­теме берілген.

Ұ.Есдәулеттің айтуынша, ақынның өлеңдерін аудару бойынша былтыр «Гонконг әдебиеті мен өнері» журналының редакция алқасына 20 жылға мүшелікке қабылдау туралы ұсыныс хат келіп, келісім жасалыпты. Өткен жыл басында алыстағы әдеби басылым оның өлеңдерін ауда­рып, оқырманға ұсынған.