Қоғам • 06 Наурыз, 2025

Ойлы оқырманның олжасы

100 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кітап оқушы жастар – ел болашағы. Нобель сыйлығының лауреаты, әйгілі атомшы-ғалым Жорес Альферов: «Физика ғылымын дамыту үшін орта мектептерде әдебиет пәні сабағын арттыру керек», деген өсиет айтыпты. Ал жазушы Шерхан Мұртаза: «Егер бір адам кітап оқымаса, ол оның жеке қайғысы. Бүкіл ұлт кітап оқымаса – ұлттың трагедиясы» деген еді. Оқуға ден қойған ұлттың қашанда бәсі биік.

Ойлы оқырманның олжасы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Ел болашағы  жастардың қолында десек, сол жастардың жақсы мен жаманды  айыра білетін талғамшыл, талапшыл болғаны игі. Сағат Әшімбаевтың: «Мейлі ол жүз жерден мықты инженер болсын, атағы жер жарған ядерщик-ғалым болсын,  көркем әдебиет оқымайтын адам – рухани бейшара жан», дегені бар. Жалпы, бүгінгі ақпараттық білім мен шынайы білімнің арасы алшақ. Ақпа­рат­тық, смартфондық ізденіс кісіге терең білім бере алмайтыны даусыз, Абай хакімше мақамдасақ, жан-жақты білімі бар толық адам болу үшін кітап оқу ләзім, нағыз кітапты сараптай білу керек.

Мәселен, Германияда оқуға көңіл бөлу мәселесі ерекше қолдауға ие. Кітап оқуды ілгерілетуге тұтас мемлекет пен әртүрлі ұйымдар мүдделі. Герма­ния­да неміс оқу қоры іске қосылған, қор жас­тар­дың кітап оқуына бағытталған саясат жүр­гізіп, балалар мен жасөспірімдер ар­қылы түрлі жобаларды жүзеге асырады. Ал Жапонияда балалардың кітап оқу белс­енділігін қолдау туралы арнайы заң қабылданып, ауқымды ұлттық саясат жү­ргізіледі. 23 сәуір Жапониядағы бала­лардың кітап оқу күні болып белгіленген.

Жас ғалым Нұрбол Құдайбергенов оқу мәдениетін қалыптастыру үрдісі жөнінде жаңа бастама ұсынады. – «Ата-ананың өз баласымен бірге кітап оқуы – баланың тілі анық, қиялы ұшқыр, эмо­циялық зердесі күшті, санасы сергек болуына айрықша әсер ететін әрекет. Әсіресе мектеп жасына дейінгі бала­сы бар ата-аналарға арналған бағдар­лама­лар әзірлеп, оны еліміздегі барлық кітап­ханада жүзеге асыру міндеті – кезек күт­тір­мейтін шаруалардың бірі. Өйткені «PIRLS», «PISA» зерттеулерінен ең үз­дік нә­тиже көрсететін елдердің ең бас­ты құпиясы – балаға ерте жастан ата-ана­сы­ның кітап оқып беруі. Яғни отба­сылық оқылым баланың мектепте ғана емес, алдағы өмірінде де шешуші фак­тор­лардың бірі болып саналады», дейді ол.

Расында, «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дегендей, тәрбиені ата-ана өзінен бастау керегі даусыз. «Баланы тәрбиелегің келсе, алдымен өзіңді тәрбиеле» деген сөз тегін емес.

– Ұлттық академиялық кітапхана кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және оқырмандардың, кітапханаға келу­ші­лердің интеллектуалдық деңгейін жан-жақты дамытуға бағытталған бірнеше ғылыми-әдеби, мәдени іс-шараларды ұйым­дастырады. Дәстүрлі басқосуларда елге танымал ғалымдар, жазушылар, мәдениет пен қоғам қайраткерлерімен кездесулер мен  шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, Астана қаласындағы ЖОО-дан, ғылыми орталықтардан, қоғамдық ұйымдар және басқа да бірлестіктермен байланыс орната отырып, кітапхана ережесінде көрсетілген мақсаттар аясында жұмыстар атқарылады. Атап айтар болсақ: «ALQA» әдеби-мәдени клубы мен жасөспірім­дерге, жас ата-аналарға арналған «Әке мен бала» клубы, «Отбасымен бірге оқи­мыз» клуб отырысы, кішкентай оқырман­дарға арналған «Әжемнің ертегілері» жобасы айына бір рет өткізіліп тұрады. Сондай-ақ  «Kitap Time» жобасы, «Жас кітапханашылар» жобасы дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып, жас мамандар жаңа жобалары мен жоспарларын ұсынып, өзара талқылап, болашақ жос­парларына таңдау жасайды, – дейді Ұлт­тық академиялық кітапхананың оқыр­­ман­дарға қызмет көрсету және тіркеу қыз­метінің жетекшісі Нұрбала Текесбаева.

Иә, еліміздегі ірі кітапханаларда жастарды оқуға тарту үшін түрлі іс-шаралар жүзеге асырылады. Мұның нәтижесі де жоқ емес. Қайбір жолы кітапханашы танысымыз білім үйіне келетіндердің көбі жастар екенін сүйіншілей айтқан болатын.

Ал Орталық балалар және жасөс­пірім­дер кітапханасының қоғам­мен байланыс бөлімінің қызметкері Жанна Шеризатқызы кітапханаға келуші жасөспірімдер талабы көңіл қуантарлық екенін айтады.

– «Жастар кітап оқымайды» деген сөз – кейбір адамдардың жеке пікірі. Жалпы, бүгінде кітапхананың жоспарына сәйкес, түрлі басқосулар, әдеби-мәдени кештер, кездесулер, байқаулар, жазушылардың шығармалары бойынша сөзжұмбақтар мен квестерді шешу, атаулы даталар, қаламгерлердің мерейтойларына арналған көптеген іс-шара өтіп жатады. Осы іс-шаралардың бар­лығына қаламыздың жастары, әсіресе, жасөспірімдер қатысып, өз үлес­терін қосады. Сонымен қатар өскелең ұрпақ­ты кітап оқуға баулу мақсатында Абай, Шәкәрім, Жұмекен, Қадыр, Мұқағали оқулары болып өтсе, жақында респуб­ли­калық «Айгөлек» журналының бас редак­торы Қымбат Әбілдәқызымен сұхбат құрдық. «Бала жанының бағ­баны», «Бір ел – бір кітап» акциясы аясын­да Амангелді Кеңшілікұлының «Жұме­кеннің жұмбағы» атты ашық әдеби лекциясы да оқырманға жақсы әсер сыйлады. Соны­мен бірге кітапханамызда жапон тілі, порт­угал тілі, ағылшын тілі, қазақ тілі курс­тары тегін оқытылады, – дейді кітапханашы.

Ақын Олжас Сүлейменов: «Шекспирі жоқ елде Ньютон да тумайды», деген болатын. Сана қорегі – кітап. Ғалымдар кітап оқу ақыл-ойды ғана емес, жан мен тәннің саулығын да арттырады дейді. Баба нақылы: «Жасыңда оқыған оқуың – тасқа жазғанмен бірдей, егде тартқанда оқыған оқуың – мұзға жазғанмен бірдей» дейді. Ежелгі жазбаларда білімді бесіктен бейітке дейін іздеуді өсиет етіпті. Киелі кітаптарда адамның өмірге келгендегі негізгі мақсаты өз-өзін тану екені айтылады. Америка ғалымдары «түрлі шығар­малардың ішіне ойша ену адамның елес­тету, қиялдау мүмкіндігін арттырады, яғни адамның физикалық және психи­калық жай-күйі жақсарады», дейді.

Иә, тек қана пайда ойламай, бір мезет рухани жетілу жолында өзін дамыта білген ұрпақтың қашан да бәсі жоғары, бағасы биік болмақ. Бұған өркениетті елдердің  тәжірибесі куә.