Білім • 05 Наурыз, 2025

Оқушылардың обалы кімге?

212 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Балалар хоры мен ансамбльдерінің негізін қалаушы, композитор Ибрагим Нүсіпбаев атындағы Алматы облыстық мектеп-интернаттың іргесі қаланып, іске қосылғалы 60 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында облыстың әр түкпірінен келген сан жүздеген бала интернатқа орналасып, алаңсыз білім алып, үлкен өмірге қанат қақты. Сапалы білім мен саналы тәрбиенің ошағына айналған мектеп-инернаттан түлеп ұшқан түлектер еліміздің әр саласына кірпіш боп қаланып, ел дамуына сүбелі үлес қосып жүр.

Оқушылардың обалы кімге?

«Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деп Абай атамыз жырлағандай, жылы ұяға айналған мектеп-интернаттың бүгінгі сыйқы адам шошырлық. Алматы қаласының қақ ортасында орналасқан ғимараттың тоз-тозы шығып, берекесі қашқанын көзбен көрдік. Басынан бағы тайған оқу орнының жаға ұстатар жай-күйін Балалар құқықтары жөніндегі уә­кіл Динара Зәкиева тексеріс барысында анық­таған.

Облыстық мектеп-интернатта осы күні бастауыш сыныпта 63 бала білім алып жатса, 5 пен 9-сынып аралығында 95, ал 10 мен 11-сыныпта бар-жоғы 14 оқушы оқиды. 320 орындық жатақхана күрделі жөндеуге жабылғалы бері, балалардың жатын орындары оқу корпусына орналастырылған. Сынып кабинеттеріне жайғасқан бала­лар­дың жағдайын талапқа сай деу қисынсыз. Төсегі бар дегені болмаса, жуынуы­­на, тынығуына, киім-кешектерін іліп қоюына, бір сөзбен айтқанда, үйдегідей жайлылықты сезінуіне ешқандай мүм­кіндік жоғы бірден байқалады. Ең сора­қы­сы, балалардың дәл осындай жайсыз күйде оқып келе жат­қан­дарына үшінші жыл екен.

ап

«Білім шаңырағында 12 сынып комплектісі бойынша 35 мұғалім, 12 тәрбиеші жұмыс істейді. Күрделі жөн­деу жұмыстарының аяқталмауына байла­нысты оқушыларды сыныптарға қабыл­дай алмай жатырмыз. Өйткені жатын бөлмелер тар. Екі қабатты оқу корпусының бір жағына жатын орындары орналасса, екінші жағында оқу сыныптары жұмыс істейді. Соған қара­мастан білім стандарты сақталуда. Тәр­бие жұмыстары да бағдарлама бойынша өз деңгейінде жүзеге асып жатыр. Білім сапасына кері әсерін тигізіп жатқан жоқ. Қиын жағдайға қарамастан жылда Алтын белгіге үміткер шығып отыр. Алдыңғы жылы үш оқушы, былтырғы жылы екі оқушы қорғап, жоғары оқу орындарына грантқа түсті. Биыл бір оқушымыз Алтын белгіге үміткер. Облыстық олимпиадаға қатысып, үздіктер қатарынан көрініп жүргендері де жоқ емес. Оқушылар бес күн оқып, жұма күні үйлеріне таратылады. Бұл мәселеге шыдамдылық танытып жүрген ата-аналарына алғыс білдіреміз», дейді мектеп-интернат директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жақсыгүл Досбаева.

Десе де, сынып бөлмелерінің жатын орынға айналып, қысқаруы салдарынан жаңадан алынған интерактивті тақталар толықтай құрылмай тұрған көрінеді. Оған қоса, химия, физика пәндерінен лабораториялық сабақ өткізудің де мүмкіндігі қалмаған. 9 оқыту сыныбына балалар сыймағандықтан бастауыштың кей сыныптары түстен кейін, екінші ауы­сымда оқуға көшкен.

«И.Нүсіпбаев атындағы Алматы облыс­тық мектеп-интернаты Алматы қала­сында орналасқан. Жалпы, қаржы­лан­дыру Қарасай аудандық білім бөлімі арқылы жүргізіледі. Мектеп-интернаттың оқу корпусына 2011 жылы күрделі жөндеу жұмысы жасалынған. 2022 жылы жатақханасына күрделі жөндеу жасау үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Конкурс арқылы ұтып алған мердігер компания «GRAND STROY SERVICE» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Олар құрылыс монтаждау жұмысына 2022 жылдың 22 қыркүйегінде рұқсат алып, бастаған болатын. Ке­лісім­шарт бойынша сол жылдың 25 желтоқсанда бітіру керек болған. Бірақ уәде орындалмай, 2023 жылдың қаңтар айының соңына дейін ұзартуға өтініш тастады. Өкінішке қарай, қаңтарда да құрылыс жұмыстарын аяқтамады. Сондықтан да Қарасай аудандық білім бөлімі мердігер компанияны сотқа берді. Үш рет сотқа берілді. Апелляциялық сот болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттікке, прокуратураға жосықсыз компания бала­лардың құқығын бұзып жатқаны жөнінде хабарланды. Өткен жылдың наурыз айында ғана сот шешімімен «GRAND STROY SERVICE» компания­сы жосықсыз мердігер ретінде танылып, қара тізімге ілінді. Оларға берілген ақшаны өндіріп аламыз және тұрақсыздық айыппұлын қосып аламыз. Жатақхананы күрделі жөндеуге 596 млн теңге бөлінген, оның 150 млн теңгесі, яғни 30 пайызы аванс ретінде берілді», дейді Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова.

Сөйтіп, «күрделі жөндеуді үш айда бітіреміз» деген мердігердің уәдесі орындалмай, оның зардабын балалар үшінші жыл тартып келеді.

«Осы күні жатақханада жасалған жұмыстар 50 пайызды құрайды. Сон­дық­тан қазіргі таңда жобалық-сметалық құжат­тама қайта қаралып жатыр. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 350 млн теңге бөлініп тұр. Бірақ бұл мәселемен жете таныс облыс басшысы М.Сұлтанғазиев қазір жеке инвестор тауып, Қонаев қаласына жаңа мектеп-интернат салуды ұсынған. Осы күні интернат салып, сыйға тартуға ниетті жеке кәсіпкер де табылды. Жаңа интернат құрылысы биыл басталып, 2026 оқу жылында пайдалануға беріледі. Оған дейін оқушылар басқа интернаттарда уақытша тұратын болады. Ибрагим Нүсіпбаевтың есімі өзгермейді, осылай аталып, бұл нысан облыс орталығына көшіріледі. Сол себепті, мұндағы бас­тауыш сыныпта оқитын 63 баланы екі-үш күнде басқа интернаттарға орналастырып, жағдайын жасаймыз. Ал жоғары сынып оқушылары биылғы оқу жылын осында аяқтайтын болады», дейді Гүлсара Тастандықызы.

ап

Қазіргі таңда 171 бала оқу корпусында жатып, спорт залда тамақтанады. Арнайы жасақ­талған орын болмағандықтан еш­қандай санитарлық талап сақтал­май­тыны айтпаса да түсінікті. Жүз па­йыз мемлекеттік тілде оқытылатын мектептің орысша түзілген ас мәзірі де спорт зал қабырғасына ілінген екен. Бір бұрышына тамақ құятын ыдыс­тар жиюлы тұр. «Сонда тамақ қайда әзірленеді?» деп көкейге қонақтаған сұрақ мені спортзалдан 200 метр шамасында сырттағы ғимаратқа алып барды. Технология пәніне арналған түрлі станоктар мен асай-мүсей тұратын қойма іспетті орында балалардың тамағы пісіп жатыр. Мұндағы санитарлық норма туралы айту артық. Тамақ жасалатын ыдыстардың да тым көне екені көзге ұрып тұр. Интернаттың асханасында ширек ғасырдан бері, яғни 25 жыл бас аспаз боп келе жатқан Гүлжан Омарова қиындыққа қарамастан балалардың төрт мезгіл тамағы уақтылы жасалып, тасымалданып беріліп келе жатқанын алға тартты. Әйтсе де 171 баланың тамағын дайындап, оны ақ қар, көк мұзда, жауын-шашында ыстық күйде спортзалға жеткізуді елестете алмадық. Бұл үш күн, үш ай емес, үшінші жылға созылған сорақы тірлік. Қыруар қаржы бөлінсе де жатақхананың күрделі жөндеуін жасап бітірмеген мердігер компанияның балалар алдын­дағы жауапкершілікті сезінбегені қын­жылтады. «Мүмкіндігінше тазалық сақ­тап, адал ас әзірлеуге тырысамыз» деген аспаздар «асхана» деуге ауыз бармайтын бұл орынның жылуға қосылмағанын, қыстай тоқ батареясымен жылытқан болып, ілдалдалап келе жатқандарын жасырмады. Жылуы жоқ орында бүрсектеп жүріп жасалып, күніге 4 рет тасымалданып берілетін аста қандай құнар мен береке барын бағамдау қиын.

Алып шаһар Алматының ортасында орналасқан И.Нүсіпбаев атындағы Ал­маты облыстық мектеп-интернаттың адам нанғысыз бұл ахуалы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Г.Тастандықызы жоғарыда айтып өткендей, биылғы оқу жылында тәмам­далып, тарихи мектеп «тіршілігін» тоқ­татпақ.

Ал бұл жаңалық 60 жыл аралығында осы мектеп-интернатта оқыған сан мың­даған түлектері мен ұстаздарын, бүгін­гі оқушылар мен ата-аналарын қуанта қоймады. Себебі тарихы тереңде жатқан мектеп-интернатта әуел бас­тан көпбалалы еңбек адамдарының, малшылардың, тұрмысы төмен отба­сы­лардың, жартылай жетім және жетім балалар қабылданып, білім алған. Бүгінде осы мәртебеге ие мектеп-интернатта балалары оқып жатқан ата-аналар мен мұндағы мұғалімдер тарихи нысанның орнында қалуын, балаларды жылы орнынан жылжытпай, жатақхана құрылысын аяқтап беруін талап етуде.

«Біздің балаларымыздың қалада оқы­ға­нын қалаймыз. Мұнда оларды оқытумен қатар, мәдени-тарихи орындарға, музей мен театр, кітапханаларға алып барып, ой-өрісінің дамуына, рухани толысуына зор үлес қосып келеді. Сондықтан Қонаев қаласына көшірілуіне қарсымыз», дейді ата-аналар.

«Балаларымды жан-жақтағы интер­нат­тарға таратса, бес баламның қайсы­сы­на жүгіремін? Тұрақты жұ­мы­сым да, табысым да жоқ», деген бес баланың әкесі Ержан Ғалым да алаң­даулы күйде.

Осылайша, ата-аналар мен ұстаздар көңілін күпті қылып қойған бұл мәсе­ле­нің немен және қалай шешім табары алдағы уақыттың еншісінде.

 

Алматы облысы