
Әйелдердің финалдық сайыстары қазақ жанкүйерлері үшін көңілсіздеу басталды. Алғашқы болып шаршы алаңға шыққан бес қызымыз бірінен кейін бірі ұтылды. Атап айтсақ, Әйгерім Сәттібаева (48 кг) болгариялық Севда Асеноваға, Әнел Сақыш (54 кг) түркиялық Ярен Джамға, Айдана Забынбекова (57 кг) тайпейлік У Ши Иге, Римма Волосенко (60 кг) косовалық Донжета Садикуға, Жібек Жарасқызы (81 кг) қытайлық Риду Буға есе жіберді. Соңғы жұпта аса ауыр салмақтағы қазақтың қос бұрымдысы – Ләззат Күнгейбаева мен Дина Исламбекова бас жүлдені өзара сарапқа салды. Екеуі де танымал боксшылар.
37 жастағы Ләззат әлем чемпионатында үш рет (1 алтын, 2 күміс), Азия біріншілігінде бес мәрте (1 алтын, 1 күміс, 3 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. 24 жастағы Дина 2019 жылғы дүниежүзілік додада қола медальды қоржынға салды. Қос жерлесіміздің айқасы Күнгейбаеваның жеңісімен аяқталды. Елянұр Тұрғанова (50 кг), Жансая Рақымберді, Жазира Орақбаева (52 кг), Сымбат Әлиасқар (54 кг), Лаура Есенкелді (63 кг), Гаухар Шайбекова (66 кг), Азиза Исина (70 кг), Шұғыла Нәлібай (75 кг) қола медальды иеленді.
Жігіттер де бұл жарысты сәтсіз бастады. Даниял Сәбит (51 кг) Сәмет Гюмюшке жол берді. Бұл бәсекеде қандасымыз жақсы-ақ жұдырықтасқан еді. Алайда төрешілер Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының финалисінің қолын көтерді. Осы турнирде өзін жақсы қырынан көрсеткен Тимур Қабдешов шешуші тұста өзбекстандық Шахзод Музаффаровтан айласын асыра алмады. Бірінші раундты өз пайдасына шешкен Серік Теміржанов (60 кг) одан кейін Радослав Росеновке тізгінді беріп қойды. Нәтижесінде, төреші жергілікті боксшының қолын көтерді.
Спорт сүйер қауым 67 кг салмақтағы боксшылардың ортаға шығуын тағатсыздана күтті. Себебі жас жұлдыз Төрехан Сабырханның өнерін тамашалауға тек қазақтар ғана емес, басқа да мемлекеттің жанкүйерлері айрықша ықылас танытты. Жастар арасында әлем, Азияның бірнеше дүркін чемпионы деген атағы бар аса дарынды боксшымыз ересектер дуына алғаш рет қосылғанына қарамастан Софияда барлық қарсыласын еркін еңсерді. Финалда әзербайжандық Заур Гахрамановты ұтқан Төрехан «Странджа» турнирінің алтын тұғырына көтерілді.
Соңғы екі жекпе-жек Қазақстан мен Өзбекстанның боксшылар арасында өтті. Бұл тартыста «ала тақиялылардың» асығы алшысынан түсті. Ерасыл Жақпеков (80 кг) Фазлиддин Эркинбоевтан ұтылса, Айбек Оралбайды (+92 кг) төрешілер Жахонгир Зокировқа «жығып» берді. Рингтегі қазы болмайтын жерде біздің жігітке нокдаун ашты. Ол аздай, кездесуді қайта-қайта тоқтатып, болдырып қалған өзбек боксшысының біраз демалып алуына мүмкіндік берді.
Ерлер финалында еліміздің сегіз боксшысы өзара күш сынасуға тиіс еді. Алайда Нұрбек Оралбай (86 кг) Бекзат Нұрдәулетовке жол беруді жөн көрді. Тимур Нұрсейітов (75 кг) жарақатына байланысты Сабыржан Аққалықовпен айқасудан бас тартты. Күні бүгінге дейін Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) мен Ертуған Зейнуллиновтің жолдары екі мәрте түйіскен. Екі кездесуде де Базарбайұлының бағы жанды. Болгария астанасында Ертуғанның мысы басым болды. Талай дүбірлі дүрмекте ысылған Абылайхан Жүсіповке (71 кг) ұлттық команданың жейдесін енді ғана киген Фарух Тоқтасыновты тоқтату айтарлықтай қиындық туғызған жоқ. Жартылай финалда жеңілген Теміртас Жүсіпов (48 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Данияр Рақымбердинов (92 кг) қола медальды қанағат тұтты.