
«Charity Samruk Marathon – 2024» қайырымдылық марафоны былтыр маусым айында Балаларды қорғау күніне орай Астанада ұйымдастырылып, оған 1 200-ден астам адам қатысты. Шарада 127 млн теңге қайырымдылық қаражаты жиналып, Астананың 5 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылған болатын. Марафондағы бұл табысты тәжірибе одан әрі жалғасып, елордада тағы 5 мектепте инклюзия кабинеттері жабдықталды. Игі істің шарапатын 500-ден астам ерекше бала көріп, білім мен даму үшін қолайлы орта құрылды. Осылайша, мектептердегі ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың 16%-ы инклюзивті біліммен қамтылды.
Сонымен қатар кабинеттердің тұжырымдамасы қор және инклюзия сарапшыларымен жетілдіріліп, open space форматында дефектолог, логопед, психолог үшін арнайы аймақтар және жеке емдік денешынықтыру кабинеті әзірленді. Қайырымдылық марафоны биыл да жалғасады. Бұқаралық шараны мамыр айында елордада өткізу жоспарланып отыр. Жиналған ақша Астана мектептерінде жаңа инклюзия кабинеттерін ашу сияқты игі мақсатқа бағыттылмақ.
«Жалпы, «Самұрық-Қазына» қолдауымен алғашқы марафон 2023 жылы өткізіліп, қордың 15 жылдығына арналған болатын. Өткен жылдан бері іс-шара қайырымдылық бағытты ұстанып, көптің үлесімен ерекше балаларға зор қолдау көрсетіп келеді. Осы жылғы марафонды барша ел азаматтары қолдап, жақсы іске үлес қосуға шақырамын», дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Бұқаралық спортты және спорттық инфрақұрылымды дамыту – қордың әлеуметтік жауапкершілігіндегі басым бағыттардың бірі. «Самұрық-Қазына» қолдауымен 10 облыста 13 спорт кешені ашылды. 2024 жылдың соңында Қызылордада үстел теннисі орталығы, Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, Павлодар, Қостанай облыстарында ауа-тірек құрылымындағы спорт нысандары есігін айқара ашты. Сонымен бірге 21 елдімекенде 1 100 ерекше балаға арналған 90-ға тарта инклюзивті спорт секциялары жұмыс істейді.
2024 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры 36 млрд теңгеден астам сомаға 41 қайырымдылық жобаға қолдау көрсетіп, 700 мыңнан астам азамат көмек алды.