
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Заңды тұлғалар салымының жылдық өсімі бойынша «Bereke Bank» абсолютті көшбасшы атанды: салымдар бірден 51,8%-ға артып, жыл басында 857,3 млрд теңгеге дейін жетті. Банк салымдарының портфелі тепе-теңдігімен ерекшеленеді: ондағы бизнес салымдары 56,8%-ды құрайды, ал қаржы институтының өзі корпоративтік және бөлшек сегмент бағытында да жұмыс істейді.
Үздік банктер арасында заңды тұлғалардың салымдарының жылдық өсімі бойынша «Bank RBK» екінші орынға жайғасты: салымдар 47,6%-ға артып, 1 трлн теңгеге дейін жетті. Аталған қаржы институтында бизнес-депозиттер салымдардың 61,2%-ын құрайды.
Үздік үштікті «Центр КредитБанкі» түйіндейді: салымдар жылына 42,2%-ға артып, жыл басына қарай 2,5 трлн теңгеге дейін жетті. Бизнес салымдары банктің депозиттік портфелінің 46,9%-ын құрайды. Сондай-ақ «Шинхан Банк Қазақстан» (+35,6%), «ForteBank» (+32,1%) және «Kaspi Bank» (+26,4%) сияқты сектордағы ірі банктердің бизнес салымдарының портфельдері сектор бойынша жылдам өсті.
Жалпы, сектор бойынша елдегі 21 екінші деңгейлі банктің (ЕДБ) 19-ы, оның ішінде аталған барлық үздік 10 банк оң көрсеткішке қол жеткізді. Бизнес салымдар портфелі қарқынды түрде өсіп жатыр. Мәселен, бес жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, ағымдағы көрсеткіш 2,1 есе, он жылдық динамикада 2,6 есе өскен.
«Банк секторына, атап айтқанда, бизнес-салымдар сегментінде байқалған оң динамика болашақта да сақталуға тиіс, себебі реттеушілер мен халықаралық агенттіктердің цифрлары да, оң бағалары да осыны меңзейді. Мысалы, «S&P Global Ratings» өзінің BICRA рейтингінде елдің позициясын көтерді: сарапшылар банк секторының тәуекелдерін бағалауды «8» тобынан «7» тобына дейін жақсартты. ЕДБ салымдарының жиынтық портфелінде заңды тұлғалар депозиті 42,2%-ды құрайды, өткен жылдың басында бұл көрсеткіш 41,8% болса, бес жыл бұрын 48,2%-ға тең болды», деп мәлімдейді «Ranking» сарапшылары.