Қаржы • 27 Ақпан, 2025

Цифрлы сервистің бизнеске әсері

62 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шағын және орта бизнес (ШОБ) мүмкіндігі баяу болса да, тұрақты өсіп келе жатыр. Түрлі жеңілдік те бар, оның үстіне көпшілік қазір кәсіп ашудың қыр-сырын біршама түсініп те қалды. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бір жылда 3,8%-ға артып, 2,3 млн-ға жеткен. Ал кейінгі бес жылда олардың саны 41,1%-ға өсіпті. Ресми деректе ШОБ 4 млн-нан аса ел азаматын жұмыспен қамтып отыр делінеді.

Цифрлы сервистің бизнеске әсері

Секторда 2024 жылдың бірінші жартыжыл­дығында өнім шығару көлемі 34,3 трлн теңгеге жетіп, номиналды мәнде бір жылда 19%-ға артты. Мамандардың айтуынша, мұндай өсім ұдайы тіркеле бермейді. Оған айтулы себеп бар. Ол себеп – саладағы цифр­­ландыру көкжиегінің ке­ңеюі. Цифрлық сервистерді іске қосылуы нәтижесінде, әсіресе банктер іске қосқан сервистердің көмегімен шағын және орта кә­сіп­керлік жоғары деңгейге көтерілді.

Бұрын жеке кәсіпкерлік немесе банкте шот ашу үшін түрлі құжат жинап, тиісті мемлекеттік органдарға жүгіну қажет болатын және біраз әуреленіп, ақша жұмсауға тура келетін. Оның сыртында апталап күту қажеттігі тағы бар. Қазір мұның бәрі бір батырмаға сыйып кетті. Мобилді қосымшаны орнатып, өтінім беру ғана жетіп жатыр.

Қазір қаржы институттарының мобилді қосымшалары сан алуан қаржы­лық және мемлекеттік қызмет­терді де қолже­тімді етті. Атап айтқанда:

Қаржыландыру қолжетімді болды

Онлайн-қарыздардың көме­гімен бірнеше секунд ішінде қаржы алуға болады, бұл бизнеске үлкен септігін тигізеді. Жалпы, онлайн-өтінімдер, кредит қабілеттілігін автоматтандыру жолымен бағалау және кепілсіз қаржыландыру бағдарламалары кәсіпкерлерге қарыздарды қолжетімді етті.

Жеңілдетілген қаржылық басқару және бизнесті бақылау жақсарды

Банктердің бизнеске арналған мобилді қосымшалары бухгалтер­­лік есепті, аударымдарды, салық төлеуді, қаржыны талдауды және басқа да дүниелерді әлдеқайда жеңілдетті. Бүгінде бизнес үшін ең сұранысқа ие мобилді қосымша – «Kaspi.kz» ұсынатын «Kaspi Pay». Одан кейін «Halyk Bank»-тің бизнес­ке арналған «Onlinebank», «Центр КредитБанк» ұсынып отырған «BCC Business» қосымшалары.

Банктердің маркетплейсі дамыды

Отандық банктердің пандемияға дейін-ақ маркетплейстерді іске қосуы елімізде ШОБ дамуына серпін берді. Бүгінде кәсіпкерлер банктер маркетплейсінде беріл­ген төлемдер, жеткізу және сатып алушыларға кредит беру қыз­меттерінің көмегімен тауар­лар мен қызметтерді сату мүмкіндігіне ие. «Kaspi.kz» алғаш­қылардың бірі болып мар­кет­плейсті іске қосып, осы сегментте әлі күнге дейін көш бас­тап тұр. Компанияның арқасында жүздеген мың кәсіпкер жаңа сату құралын алды. Сонымен қатар маркетплейстер елдегі бизнесті «ағартудың» және көлеңкелі эко­номиканы азайтудың тиімді құра­лына айналды.

Төлем инфрақұрылымын интеграциялау жолға қойылды

ЕДБ цифрлық қызметтерінің көмегімен шағын және орта бизнес өз қызметіне интернет-эквайрингті, мобилді POS-терминалдарды және QR-төлемдерді оңай қосты, бұл сауданы жеңілдетіп, көп клиент тартты.

Нарыққа шығуға кедергілер азайды

Қаржы институттарының цифр­­лық қыз­меттері бизнесті бас­тау және оны басқару жұмыстарын едәуір жеңілдетті. ЖК-ні, банк­­тік шот­­тарды онлайн ашу және басқа да қызметтер уақыт шығы­нын, қаржылық шығындарды айтар­лықтай қысқартты. Бүгінде барлық жаңа банктік шоттардың 80%-ы онлайн ашылады.

Ұлттық банк деректеріне сәйкес кейінгі жылдары қолма-қол ақша­сыз төлем қабылдайтын кәсіпорын­дардың саны артып келеді. 2024 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысында еліміздегі осындай кәсіпорындардың саны бір жылда 26,9%-ға, яғни 967,6 мыңға дейін өсті. Ал осы кәсіпорындардың сауда нүктелерінің саны бір жылда 22,7%-ға, яғни 1,1 млн-ға дейін көбейді. POS-терминал саны 31,9%-ға, 1,3 млн-ға дейін көбейді. Ұлттық банк хабарлауынша, мұндай даму серпілісі бизнес үшін де, тұтынушылар үшін де электрондық төлемдерді пайдаланудың ыңғай­лы­лығын арттыруға ықпал етеді. POS-терминал инфрақұры­лымы цифрлық экономиканы, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті ынта­лан­дырудың маңызды құра­лына айналды.

«Ұзақмерзімді динамиканы бөлек атап өткен жөн. Мысалы, 2020 жылдың үшінші тоқсанымен салыс­тырғанда, қолма-қол ақша­­сыз төлем қабылдайтын кәсіп­орын­­дардың саны 9,4 есе, сауда нүк­­те­лерінің саны 7 есе, ал POS-терминал саны 6,7 есе өсті. Бүгінде банктік мобилді қосымшаларды белсенді пайдаланушылардың саны күн санап артып жатыр. Бір жылдың ішінде ғана көрсеткіш 12,4%-ға ұл­ғайды. Тиісінше кәсіпкерлердің көбі цифрлық сервистерге көшіп, маркетплейстер арқылы жұмыс істеп, төлем инфрақұрылымын пайдаланып жатыр. Электрон­дық сауда көлемінің статистикасы да цифрлық қаржы техно­логияларының экономиканы трансформациялауға септігін тигізгенін растайды. Жалпы, электрондық коммерция нарығы тұрақты оң динамиканы көрсетіп отыр: орташа жылдық өсу қар­қыны 58%-ды құрады. 2019–2023 жылдар аралығында транзакция­лар саны 4,3 есе, ал орташа чек 1,5 есе өсті», дейді талдаушылар.