
Тағылымды шараны ашқан ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртон, Қазақстанды Алтын Орда (Жошы ұлысы) империясының мұрагері және сол кезеңнің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтап отырған мемлекет ретінде таныту, тарихи-мәдени мұраларымыздың маңыздылығын дәріптеу жобаның басты мақсаты екенін атап өтті. Осы ойды қуаттаған «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының директоры Мұхтар Әбілсейіт пен «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы директорының орынбасары Айболат Рахманияұлы ғасырдан ғасырға жеткен тарихи сабақтастық халықтың мәдениеті мен бай дәстүрін паш ететінін атады.
Орталық музей коллекциясында Алтын Орда кезеңінің мәдениеті мен тұрмысын көрсететін XIII-XIV ғғ. артефактілері көшпелі және қалалық мәдениеттің мәдени дәстүрлерінің әртүрлі жақтары мен аспектілерін бейнелейтін қалашықтардан экспедициялар нәтижесінде немесе кездейсоқ табылған жәдігерлер бар.
Көрмеге қойылған материалдар жоғарыда аталған ескерткіштерден табылған және белгілі археолог, т.ғ.д., З.Самашевтің жетекшілігімен Сарайшық қалашығында (2000 ж.) зерттеу жұмыстары негізінде табылған артефактілер, сондай-ақ, архитектуралық қаптамалар және кесенелердің кішірейтілген макеттері.
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы коллекциялары Ә.Марғұлан және 1946 жылдары археология институтының Жезқазған археологиялық экспедициясының жетекшісі Ж.Смаилов (1991, 1997-1998 жж.) жүргізген археологиялық экспедициясы зерттеулерінің нәтижесінде жинақталған. Жошы хан, Болған ана кесенелерінің маңынан табылған бірегей жәдігерлер – Жошыхан мазарының кіреберіс босағасының табалдырығы, кесене күмбезінің сәндік бұйымы – «құбба», кесененің сыртқы қабырғасын безендіруге арналған сырланған және араб жазулы тақтайшалар, Жошы ұлысы мемлекеті кезіндегі хандардың күміс дирхемдерімен мыс монеталары және т.б.
Көрмеде Сарайшық қалашығынан табылған алуан түрлі шыңылтырлы қыш ыдыстар, металл және әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар және т.б. жәдігерлерді «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы коллекциясы негізінде танысуға болады. Аталмыш артефактілер археолог т.ғ.д. З.Самашевтің (1999-2000, 2003-2005 ж.), музейдің археолог-маманы А.Тұрарұлы жетекшілігімен 2019-жылдан бастап қазіргі таңда жүргізілген археологиялық зерттеулері нәтижесінде табылған.
Сондай-ақ, көрме аясында «Алтын Орданың тарихи-мәдени мұралары: қорғау, қайта қалпына келтіру және зерттеу мәселелері» тақырыбында республикалық дөңгелек үстелі өтті. Дөңгелек үстелге ҰҒА академигі Берекет Кәрібай, тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Жолдасбек Құрманқұлов, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрлан Атығаев т.б ғалымдар мен ортағасырлық қалалар тарихының зерттеушілері, мәдениеттанушылар, реставраторлар, архитекторлар, музей мен музей-қорық қызметкерлері, өзге де ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандары қатысып, баяндамалар тыңдалды.