
Өткенде ғана көңілін сұрап барғанда сау күніндегідей өткір әзілімен күлдіріп отыр еді. Әділетті Қазақстанда алдыңғы қатарда Қазақстанның Еңбек ері атағын алған аса көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков аты әлемге әйгілі қаламгер еді. Ұлыбританиядағы Лордтар палатасында сөйлеген сонымен бірге Лондондағы орталық кітапханаға шығармасы қойылған тұңғыш жазушымыз. Ұлыбританияда 2014 және 2015 жылы қатарынан Дулат Исабековке арналған апталық өтіп, 2017 жылдың 1-7 қазан аралығында Лондон қаласында жазушының 75 жылдық мерейтойына орай «Қазақ өнерінің фестивалі» ұйымдастырылды.
Ұлттық мүддеміздің қорғаны болған Дулат Исабеков қай кезде де ақиқатты айта білді. Халық сөзін сөйледі. Елімізді, жерімізді, тілімізді, ділімізді
қорғады.
Өткенде көңілін сұрай барғанда, саумал ішіп, басын көтеріп, тәуір боп қалған екен. Менен кейін кірген белгілі қаламгерлер, өзі басқарған «Мәдениет» журналында талай жыл орынбасары болған Мырзан Кенжебай інісі мен Нұрлыбек Саматұлы үшеумізге бұрынғыдай қалжыңдап, «тиісіп» отырды. «Басқа келсе де, сен келмейтін шығарсың» деп едім» деп Мырзекеңе қалжыңдады. Бәріміз шүйіркелесіп әңгімелесіп қалғанымызды бір ініміз суретке түсіре қойып еді, «Түсіп қалыңдар, ертең тірі күнінде түскен едік» деп жүресіңдер» деп бір күлдірді. Қоштасып кетіп бара жатқанда, «ертең «Дулат Исабеков қайтыс болды» дегенді газеттен оқымай, жиі хабарласып тұрыңдар үйге, Шолпанға телефон соғып…» деді тағы да әзіл-шынын араластырып. Бұл фәни дүниедегі соңғы күндер мен соңғы сағаттардың суық сыртылы жақындап келе жатқанын сезіп тұрса да, ажалдың өзімен ойнап отырған қайран өр рухты, ер көкем-ай деп, іштей күрсініп тұрсам да, күлімсіреп қоштасқан едік. Сол соңғы көруіміз екен.
Алла алдынан жарылқағай! Қалың қазаққа көңіл айтамыз... Отбасына, ұлы Естияр бауырымыз бен қыздары Шолпан мен Айманға, туған-туыстарына көңіл айтамыз...
Пейіште рухы шалқысын!
Қазыбек ИСА,
Мәжіліс депутаты, ақын