
Сапар аясында елші әуежайдың жаңа халықаралық терминалын аралап, нысанның инфрақұрылымын, сервис деңгейі мен өңірдің авиациялық торабының дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Франция мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты табысты серіктестіктің мысалы деп атап, екіжақты байланыстарды нығайтудың маңыздылығына мән берді. Қос ел түрлі салада әріптестікті қарқынды дамытуды жалғастырып жатқанын да тілге тиек етті. Ол еліміздің инфрақұрылымына, оның ішінде Алматы әуежайын дамытуға белсенді инвестиция салатын TAV тобы шеңберінде Франция мен Түркияның табысты серіктестігін мысалға келтірді.
«Француз инвестициялары Қазақстан экономикасында, әсіресе авиация және туризм сияқты стратегиялық бағыттарда маңызды рөл атқарады. Алматы әуежайын халықаралық хаб ретінде дамыту өңірдің туристік тартымдылығының артуына ғана емес, Қазақстан мен әлемнің қалған бөлігі арасындағы байланыстардың жақсаруына ықпал етеді», деді Сильван Гиоге.
Сондай-ақ Қазақстан жаңа халықаралық терминал сияқты жобалардың арқасында әлемдік авиациялық желінің маңызды буынына айналатынын, бұл елге келетін туристер ағыны мен инвестициялардың көбеюіне ықпал ететінін жеткізді.
«Біз Алматы әуежайын жаңғырту бастамаларын қолдаймыз. Бұл өз кезегінде экономиканың өсуіне ғана емес, туризмді, сауданы және халықаралық байланыстарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызады», деді Франция елшісі.
Кездесу барысында Алматы әуежайы француз компанияларының «TAV Airports» арқылы әуежай капиталына жанама қатысуын қоса алғанда, Қазақстанға салынған француз инвестицияларының ауқымды үлесін құрайтыны айтылды.
«Алматы Орталық Азияның негізгі хабы болып есептеледі, ал әуежай өз кезегінде өңірдің басты әуе қақпасының рөлін атқарады. Франция елшісінің сапары біздің мемлекеттер арасындағы инвестиция мен инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді», дейді Сыртқы істер министрлігінің өкілі Жәнібек Әбдірашов.
Әуежай президенті Гокер Косенің айтуынша, 2025 жылы халықаралық Алматы әуежайы инфрақұрылымды кеңейтуге және қызмет көрсету сапасын жақсартуға инвестиция салуды жалғастыра отырып, 12 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Жақын арада Алматының халықаралық авиациялық хаб ретіндегі позициясын одан әрі нығайту жөніндегі стратегиялық мақсаттарды көрсететін алдағы жылдарға арналған әуежайды дамыту жөніндегі жоспар ұсынылмақ.
«Біздің жаңа халықаралық терминал Орталық Азияда «Excellence in Design for Greater Efficiencies (EDGE)» бағдарламасы бойынша сертификаттауға ие болған алғашқы терминал болғанын мақтан тұтамыз. Бұл жоғары экологиялық стандарт қана емес, сонымен қатар әуежайдың тұрақты дамуына жасалған маңызды қадам. Мұндай жобалар Алматының туризм мен халықаралық әуе тасымалының негізгі орталығы ретінде одан әрі өркендеуіне ықпал ететініне сенімдіміз», дейді Гокер Косе.
Алматы