
Деректерге зер салсақ, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын азаматтардың саны – 541,7 мың, асыраушысынан айырылғанына байланысты көмек алатындар – 193,3 мың адам. Мұнда мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына, себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне, ең төмен күнкөріс деңгейіне қарай белгіленеді.
Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларда әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер төленеді. 1 ақпандағы жағдай бойынша 86,1 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылғанына байланысты әлеуметтік төлем алса, 61,3 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылып, әлеуметтік төлем алған. Бұл төлемдердің мөлшері соңғы екі жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттеріне, асырауындағы адамдар санына, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне, табысты ауыстыруына қарай белгіленді. Төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүреді.
Мүгедектігі, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5%-ға өскен. Еңбекке қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдердің мөлшері де 6,5%-ға артқан. Биыл мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 1-топ үшін – 101 702 теңге, 2-топ үшін – 81 362 теңге, 3-топ үшін – 55 474 теңге болып белгіленген. 1 ақпандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 71 245 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша төлемдер 72 214 теңгенің шамасында болды.
Биыл атаулы әлеуметтік көмекке (АЭК) бюджеттен 132,9 млрд теңге қарастырылған. Ақпандағы дерек бойынша 31,9 мың отбасындағы 169,1 мың адамға 2,3 млрд теңге сомасына АӘК тағайындалған. АӘК-тің негізгі мақсаты – азаматтарды ақшалай төлеммен қолдау ғана емес, отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын жағдайдан шығару. Мысалы, АӘК шеңберінде табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындалады.Табысы аз отбасындағы 1-6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беріледі. 1 ақпанда АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 52 мың балаға 305,1 млн теңге сомасында қосымша төлем тағайындалды. АЭК-тің тағы бір бағыты – жұмысқа орналастыру. Бұл ретте өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда), басқа да тәсілдер арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қарастырылған.
Қазірде ел азаматтары АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жеріндегі мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне немесе электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады. Қорыта келгенде, 1 қаңтардан бастап елдегі кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35% деңгейінде, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінен 70%-дан төмен емес деңгейде айқындалды.