
«Келешек» – бұл мемлекеттен бөлінетін гранттардан бөлек, білім алуға қаржылай көмек көрсететін жүйе. Яғни ата-аналар балалары үшін арнайы білім жинақтау шотын ашып, қаражат жинақтай алады. Бала 5 жасқа толған кезде мемлекет бастапқы білім капиталы ретінде 60 АЕК (235 920 теңге), ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға 120 АЕК (471 840 теңге) көлемінде қаражат аударады. Сондай-ақ жыл сайын 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйақы, өмірді сақтандыру компаниясының инвестициялық табысы төленеді. Аталған қаражатты жоғары білім алу мақсатында жұмсауға болады, яғни, бұл балаларға ерте жастан бастап болашақтағы оқуына қажетті қаражатты жинақтауға мүмкіндік береді. Жинақталған қаражатты еліміздегі және шетелдегі университеттерге төлеуге мүмкіндік туады. Бірақ бір ескертетін жайт, «Келешек» жүйесінің шарты бойынша, ата-аналар жыл сайын ең кемінде 12 немесе 24 АЕК мөлшерінде міндетті жарна төлеуі қажет. Жетім балалардан жыл сайынғы жарналар талап етілмейді. Мемлекеттік гранттан түскен қаражатты жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу үшін пайдаланады. Сонымен қатар жинақталған қаражатты тұрғын үй шарттарын жақсартуға немесе қажет кезде үшінші тұлғаларға беруге рұқсат етіледі. Салымшы білім алатыны туралы құжаттарды ұсынған жағдайда, жинақталған қаражатпен бірге, банктің капиталдандырылған сыйақысын, мемлекеттік сыйлықақы мен бастапқы білім беру капиталын толық көлемде ала алады.
Айта кетейік, «Coventry University Kazakhstan» – Астанадағы тұңғыш британдық университет кампусы. Ол «Coventry University Group» құрамына кіреді және студенттерге британдық дипломмен расталған сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Университет қазір бизнес, компьютерлік ғылымдар саласында бакалавриат
және MBA бағдарламаларын ұсынады. Алдағы уақытта оқу бағдарламасына өнер және дизайн, құрылыс менеджменті, халықаралық қатынастар, қаржы саласы сияқты жаңа мамандықтар енгізу жоспарланып отыр.
«Coventry University Kazakhstan» алғашқылардың бірі болып «Келешек» жүйесін қолдады. Бұл – білім саласындағы әлеуметтік жауапкершілігіміздің бір көрінісі. Біздің мақсатымыз – студенттерге әлемдік деңгейдегі білім алуына жағдай жасау», деді университет президенті Мирас Дәуленов.